Теміржолшының  жалақысы – 400 мың теңге

temirzholshy Қоғам

Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде Көлік саласы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Кәсіби мерекені биыл да теміржолшылар айтарлықтай жетістіктермен қарсылап отыр. Ұлттық компанияның  қарамағындағы осындай құрылымдардың қатарында қазыналы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс»  филиалы Атырау қосалқы бөлімінің ұжымын атауға болады.

Бүгінгі таңда бұл салада екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Қызметкерлердің дені осында көп жылдардан бері жұмыс жасайтын, кәсібінің қыры мен сырын жетік меңгерген, жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі мамандар. Осының өзі болат жолдың бойында халық шаруашылығы жүктері тасымалының толастамай, «күре тамырдың» тынымсыз соғып тұруына кепілдік береді.

Жартыжылдық меже – артығымен

Кәсіпорын директоры Аслан Базарғалиевтің айтуынша, биылғы алғашқы алты айда пайдалану жұмысына байланысты негізгі өндірістік көрсеткіштер толығымен орындалды. Соның ішінде, жүк айналымы мен жүктерді тиеу жоспары 114,5%-ды құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 768 мың тоннаға артты. Осылайша, жоспарланған 5,809 млн. тоннаның орнына 6,050 млн. тоннаға жетіп, меже асыра орындалды. Оның нәтижесінде, тасымалдау қызметінен түсетін табыстың көлемі айтарлықтай көбейіп, бұл көрсеткіш 28 млрд. 131 млн. теңге шамасында болып отыр. Нақтылай кетсек, мұнда да 9,7 млрд. теңгенің үстінде өсім барлығы байқалды.

Одан бөлек, вагондардың орташа статистикалық жүктемесі – 132,5, жүк тиелген вагонның динамикалық жүктемесі 125%-ға қамтылды. Сол сияқты, пойыздың орташа салмағы және вагонның бір жүк операциясында бос тұруының орташа ұзақтығы былтырғы деңгейде тұрақтап, орта есеппен алғанда толығымен орындалған. Мұның өзі есепті мерзімде негізгі 15 көрсеткіш бойынша белгіленген межеден көрінуге мүмкіндік туғызып, жыл басынан бері жүк пойыздары қозғалысының кестеден ауытқуына жол бермеді. Сөйтіп, вагонның бір жүк операциясында бос тұрып қалу уақытының ұзақтығында да ауытқушылық орын алмапты.

Жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, вагондардың бос тұру мерзімін мейлінше қысқартып,  негізгі құрылғылардың қызметін тиісті талапқа сай оңтайландырудың арқасында экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. Осыларды баяндаған қосалқы бөлім басшысы жұмыс барысында кейбір іркілістер мен кідірістердің де орын алғанын ашық айтты. Оның өзі де негізінен темір жол бойында жүргізілген жөндеу жұмыстарымен, аракідік станцияларда вагондарды қабылдап-жөнелту кезінде туындап отыратын техникалық қиындықтардан болғанын жасырмады. Осыған себеп болған жайттарды анықтап, орын алған олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, болат жолдың бойында қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудің шаралары алынуда.

Қатаң бақылау – қауіпсіздік кепілі

Аслан Ұлықпанұлының сөзінше, жарты жылда  қозғалыс қауіпсіздігінің сақталуы қатаң бақылауда  ұсталды. Соның нәтижесінде бірде-бір тәртіп бұзу дерегі тіркелген жоқ. Еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді шарасы жасақталып, соған сай жоспарлы жұмыстар атқарылғанын айтуымыз керек. Қорытындысында өндірісте адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндірер бақытсыздық оқиғалар айтарлықтай азайды. Мысал келтірсек, былтыр осы уақытта өндірісте 2 жазатайым оқиға орын алса, биыл 1 жағдай тіркеліпті.

Осы мақсатта жылға жоспарланған іс-шаралар шеңберінде  жұмыс орындары аттестацияланып, диэлектрлік қолғаптар мен слесарлық құралдар сынақтан өткізілді. Қажетті қауіпсіздік белгілері сатып алынып, барлық жұмысшы-мамандар арнаулы киімдермен, аяқ киімдерімен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта бөлімге қарасты маңызды буындардың бірі – Атырау вагондарды пайдалану депосында заман талабына сай жұмыс орындары мен техникалық кабинеттерді цифрландыру шаралары жүйелі жүргізілуде. Бұл аталған құрылымның «Үлгілі кәсіпорын» мәртебесін иеленіп, мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап көрсетілгеніндей, басқарудың және клиенттерге қызмет көрсетудің сапалық жаңа деңгейіне жетуге мүмкіндік берді.

Кәсіпорын басшылығы ұжымдағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен еңбектің қорғалуын, өрт қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін маңызды мәселе санайды. Мәселен, өндірістік ғимараттар мен локомотивтерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына қатысты жауапты тұлғаларға 24 ескерту берілген. Айта кету керек, мұндай келеңсіздіктерге  негізінен бөлімге қарасты Ақжайық стансасында, Мақат және Атырау локомотив пайдалану деполарында жол берілген. Еңбек қорғау заңнамаларының бұзылуына байланысты тиісті шаралар алынды. Жоғары жауапкершілік пен қатаң бақылау ғана қауіпсіздікке кепіл бола алатыны ескертілді.

Еңбекке ынта қолдаумен артады

Қай ұжымда болмасын, жұмысшы-қызметкерлердің еңбекке деген ықыласы оның материалдық жағынан ынталандырылуына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының дұрыс болуына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда теміржолшылардың үлгі тұтуға тұрарлық тұстары барын байқадық. Оның басты бағыттары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 2029 жылға дейінгі мерзімге белгіленген стратегиялық даму бағдарламасында айқындалған. Бұл бағдарламаның басты бағыттары: тұтынушыға бағдарлану, бәсекеге қабілеттілік, жүйелеу, цифрландыру және тиімділік.

Осы бағыттарда қабылданған міндеттердің орындалуы үшін бірінші кезекте адамдардың еңбекке деген ынтасын арттырудың маңызы зор. Осыны ескерген «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басшылығы биылғы қаңтар айынан бастап серіктестіктің желілік филиалдары қызметкерлеріне жалақы төлеудің сараланған жүйесін (5-тен 15 пайыз аралығында) енгізді. Соның ішінде Атырау қосалқы бөлімі бойынша алғашқы жарты жылдағы орташа айлық  еңбекақының көлемі 429 мың теңгеге жуықтаған. Одан бөлек, осы кезеңде ұжым мүшелеріне жалпы сомасы 95,5 млн. теңгенің материалдық көмегі көрсетіліп, кәсіподақ ұйымы есебінен 38 адамға емдеу-сауықтыру орындарына жолдама берілген. Бұған қоса, қызметкерлердің балаларының (барлығы 146) жазғы демалыс лагерлерінде тынығуына жағдай жасалған. Сондай-ақ ұжымда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыс орындарында қолайлы жағдай туғызу да назардан түспейтін, қатаң қадағаланып отыратын мәселе болып табылады. 

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз