ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТІРЕГІ
Бүкілхалықтық сайлауда Н.Назарбаевты Елбасы ретінде танып, тәй-тәй басқан жаңа мемлекеттің тағдырын қолына берді және сенді де. Елбасшымыз бұл жауапкершіліктен бас тартқан жоқ. Қай қиын іске де бел шеше кірісті. Көрегенді саясатын жүйелі қолданып, іргемізді бүтіндеп, шекарамызды бекітіп, алыс-жақын көршілерімізбен келелі келіссөздер жүргізді. Бастысы өшкен тіліміз, дініміз тіріліп, 130 ұлт өкілінің басын біріктір-ген ұлтаралық татулыққа селкеу түсірілмеді.
Тәуелсіздік алған күннен еліміз әлемдік өркениеттің жолында құқықтық мемлекет болып танылуды таңдады. Бұған айғақ – Конституциямыз. Сол Ата заңымызға биыл 20 жыл толып отыр. Әрине, бұл уақыт – тарих өлшемімен есептегенде азғантай ғана мерзім. Дегенмен, осы аралықта Ата заңымыз еліміздің құқықтық мемлекет құрылымын құрып, заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп, адамзат құндылықтарын дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналды.
Ата заңымыздың құрылымы Қазақ хандығы құрылған 550 жыл ішіндегі жинақталған ұстанымдар мен заңдардың нәтижесінде іргесі қаланды десек болады. Өткенге шегініс жасасақ, ұлы қазақ даласының дала заңдары «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елінің бұрыннан конституциясының болғанын, құқықтық бағытты таңдағанының белгісі. Одан бергі, ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі. 1937 жылы Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылданып, бекіткен Конституциясын қоссақ, 1978 жылы «кемелденген социализм» кезеңі аталған заманның Конституциясы болды.
Одан бергі Қазақстан тәуелсіздік алғанда ең алғашқы Заңын 1993 жылы қабылдаған болатын. Сол Конституциямызда басқару негізі парламенттік республика моделінде құрылып, халық тәуелсіздігі, билік бөлу қағидалары, мемлекеттік тіліміздің- қазақ тілі деп мойындалуы секілді құқықтық нормалар қамтылған. Алайда, ол Конституция кеңес кезіндегідей Жоғарғы Кеңеске өкілдіктің жолын кесе алмады. Бұл биліктің бөлініп, тепе-теңдік жүйені құруды қиындатып жіберді. Көптеген реформалар жүргізілді. Сол себепті де жаңашыл идеялар, азаматтардан келген ұсыныстар консультациялық кеңес өкілдерімен зерделеніп, ескі Заңға түзетулер енгізіліп, жаңа Заң жобасын жасақтау міндеттелді.
Көш те жүре келе түзеледі, 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жоғарғы мемлекеттік басқару жүйесі – Президенттікке ауысып, өкілді орган – екі палаталы Парламенттің құрылуына құқықтық негіз болды. Еларалық келісім, саяси тұрақтылық, экономиканы дамытып, патриотизм құндылықтары енгізілді. Міне, осы қағидаттардың қатаң сақталуынан, еліміз қазіргідей саяси, экономикалық дамудың сара жолына түскен мемлекет болып танылды деп айтсақ, қателік емес.
Халық өзі дауыс беріп, қабылдаған Заңын әрдайым әділ деп есептейді ғой. Конституциямызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп белгіленген. Сондықтан да, демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнығып, ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп жазылуы, әр азаматтың өз қалауымен лайықты өмір сүріп, білім алып, сөзі мен дін ұстанымы еркіндігіне, жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау, білікті заң көмегін алуға құқығы барына кепіл бола алады.
Заңды білу – заман талабы. Әр азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана — сезімдерін қалыптастыру керек деп ойлаймын. Сол арқылы, яғни, әділеттілік пен заң үстемдігін, құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастырып қана әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ілігеріміз анық және Елбасының басты тапсырмасы да осы. Бұған бес институтционалдық реформаның 100 қадамы негіз бола алады. Онда қажетті құқықтық институтты жандандырып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғайтын мемлекеттік қызмет саласына аса мән берілді. Еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің қызметін жаңа дейгейге көтеріп, заң, құқық қорғау органдарын қамти отырып, жаңа заң қабылдау арқылы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетуге тағы бір серпіліс жасалмақ.
Бұған мемлекеттік тіркеу қызметін жүзеге асыратын әділет органының қосар үлесі мол. Электронды үкімет порталы жанданып, жылжымайтын мүлікті, заңды тұлғаларды тіркеу саласын рәсімдеу азаматтарға қолайлы жағдай туғызып, құқықтық қайшылықтарды, жемқорлық әрекеттерді болдырмауға септігін тигізуде. Сондай-ақ, жалпы заңнамаларға өзгерістер еніп, бұрынғы Атырау облыстық сот актілерін орындау департаментінің құзыреті ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен әділет департаментіне өтіп, ҚР Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығын орындау мақсатында азаматтық хал актілерін тіркеу функциясы жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды,тәртіпсіз ел болмайды» қағидасы берік, талабы үстем Ата заңымызды қатаң ұстану – бұл табысты дамудың, қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі екеніне көзіміз жетті. Ендеше, тәуелсіздігіміз ғұмырлы, Ата Заңымыз тұғырлы болғай.
Сағынбай ТҰРҒАРИН,
Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы.