ТӘУЕЛСІЗДІК САЛТАНАТЫ ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРДІ
Мерекелік жиынды №2016 әскери бөлім командирі, подполковник Бауыржан Әбсаматов ашып, құттықтауын жеткізді.
Ауған соғысы ардагері, подполковник Есен Қонаров «Біздің кезімізде бүкіл Кеңес Одағының атынан Ант берсек, қазіргі жастар өз еліне, өз жеріне, адал қызмет етуге Ант береді. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ, болашақта Ел Тәуелсіздігін сақтап, еңбек ететін осы жастар. Жастар — біздің болашағымыз, олардың дендері сау болып, еліміз тыныш болсын. Бейбітшілік болсын!», — деп қуанышымен бөлісті.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Қатимолла Ризуанов пен Әліпқали Бекеш, құқық қорғау органдарының басшылары және еліміздің әр өңірінен келген сарбаздардың ата-аналары қуаныш иелерін құттықтап, олардың болашақ қызметтеріне сәттілік тіледі.
— Балаларымыз Отанына адал қызмет атқарып, ел тәуелсіздігінің айбынды қорғаушысы болсын, үйге аман-есен оралсын. Барлық жас сарбаздарды, осынау салтанатты Ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын!», — деп Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Көкшетау облыстарындағы ата-аналар атынан қатысқан астаналық Сәуле Түйебаева өзінің аналық тілегін жеткізді.
Бөлімнің әскери қызметшілері жиналған қауымның назарына кинологиялық топтың, қызметтік иттің қылмыскерді ұстау кезіндегі әдіс-тәсілін көрсетіп, жас сарбаздар әскери дайындықтарын ортаға салды. Қоян-қолтық ұрыстан да тамаша өнер көрсетті.
Осылайша қаладағы №2016 әскери бөлімінде әскери борышын өтеуге шақырылған жас сарбаздар ресми түрде ант қабылдады.
Шекара қызметінің қатары биылғы 2013 жылдың күзінде шақырылған екі жарым мыңға жуық жігіттермен толықты, олар енді Мемлекеттік шекараны қорғайтын толыққанды сақшыларға айналды.
Рәсім соңынан «Мама, мен ант қабылдадым» акциясы бойынша жас жауынгерлер ата-аналарымен телефон желісі арқылы тілдесіп, қуаныштарымен бөлісті. Ал, өңірлерден ат басын бұрған сарбаздардың ата-ана, ағайын-туыстары балалары мен бауырларының жатып-тұратын жері, демалатын орындарымен танысты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.