
Тәуекелге бас тіккен краншы
Қауіпке қарсы тұру – тек жүрек жұтқандардың ісі. Кейбіреулер тәуекелге бел буудан бас тартса, басқалары өз борышын өтеу үшін басын бәйгеге тігеді. Осындай сын сағатта үрейге берілмей, өз міндетін мінсіз атқаратын жандардың еңбегі орасан зор. Әсіресе өндірістегі төтенше жағдайларда қайсарлық пен кәсіби шеберлік басты орынға шығып, нағыз қайсар жанды іріктеп шығарады.

Ұңғымадағы ұмтылыс
Өткен аптада «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Батыс Прорва кен орнындағы №437 ұңғымада перфорациядан кейін сорапты-компрессорлық құбырды (СКҚ) түсіруде газ шығып, құбыр істен шыққан. Соның салдарынан болар-болмас ұшқыннан тұтанған өрттің жалыны 18 метр биіктікке дейін көтерілді. Бұл жағдай тек өндіріс орны үшін емес, жалпы экология мен қауіпсіздік үшін де зор қауіп төндіргені рас.
Ұңғыма басында апатты ауыздықтау жұмыстары өте жедел түрде басталып, компания арнайы штаб құрды. Оның аумағы қоршалып, шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Өрт сөндірушілердің батыл да қажырлы еңбегінің арқасында жанған газдың жалындаған алауы сөнгенімен, мәселе толық шешілген жоқ. Ұңғыма қауіпсіз күйге келуі үшін оны бекітетін әмбебап гидравликалық превентормен жабу қажет. Гидравликалық превентор – ұңғымадағы апаттық жағдайларды болдырмау үшін гидравликалық басқару жүйесі арқылы жұмыс істейтін арнайы құрылғы. Ол мұнай-газ ұңғымаларында кенеттен қысым көтерілгенде немесе фонтандау қаупі туындағанда ұңғыманы жабу үшін қолданылады. Алайда бұл тәсіл өте қауіпті болғандықтан, көптеген краншылар оны бекітуге тайсақтап қалған еді.
Осындай қиын сәтте «Ембімұнайгаз» мердігері – «Мұнай Көлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокран шофері Жәнібек Дүзелбаевтың талпынысы бір рет сәтсіз болды. Бірақ ол мұнымен тоқтап қалмай, ұңғыманы жабуға екінші әрекет жасап, қауіпті тапсырманы сәтті орындап шықты. Осылайша өз өмірін тәуекелге тігіп, ұңғыма тұрбасын бекітетін құрылғыны жауып, апаттың алдын алуға үлес қосты.
Ақтөбе облысының Шұбарши кентінде туған Жәнібек Дүзелбаев мұнай саласында жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатыр. Ауысымдық әдіспен Атырау облысында жұмыс істеп жүргеніне де жеті жылдай уақыт өтіпті. Басында агрегат көлігін жүргізген ол 2012 жылы автокран көлігін жүргізуге кірісіпті. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін ол кеше ғана кезекті ауысымды аяқтап, отбасына оралды.
– Бір күн бұрын ақау шығып, оның өртке ұласқанын ұңғыма басына барғанда бір-ақ білдім. Өрт сөндірушілер келіп өртті сөндірген. Біз мердігер компанияның қарамағындамыз ғой, кранмен гидравликалық превенторды көтеріп, ұңғымаға орнату бізге жүктелген екен. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарының көзінше тиісті жұмысымды істедім. Міндетім жүк тасымалдайтын КамАЗ-дың кузовына орнатылған кемінде 3-4 тонналық құрылғыны көтеріп тығындау еді, соған көмектестім. Өрт сөндірушілер газ тұтанып кетпес үшін жан-жағымыздан су шашып тұрды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бекітті. Ұңғымадан ұшқын болып, от шығып кетуі әбден мүмкін еді. Қорқынышымыз да болды, өйткені тұрбаны бекітетін құрылғыны орнатып жатқанда газдың қысымы өте қатты болды. Тіпті қатты қысымның әсерінен құрылғының темір бөлшегін ұшырып жіберді. Егер содан жылт еткен ұшқын болса алапат өрт тұтанатын еді, су шашып тұрғанның да көмегі тиді. Әйтеуір бәрі сәтімен үйлесті, — деді Жәнібек Дүйсенбайұлы.
Техниканың тілін білген шебер
Жәнібек Дүзелбаевтың бұл ерлігі – тек өндіріс саласындағы емес, жалпы адамзат алдындағы жауапкершілікті сезінуінің жарқын көрінісі. Оның батылдығы мен кәсібилігі қазір ел аузында жүр. Өйткені Жәнібектен бұрын құрылғыны орнатуға барған компанияның кран көлігі өртеніп кеткен екен, оны біз кейін білдік. Бірнеше жылдан бері қоян-қолтық еңбек етіп келе жатқан әріптестері қатты қысымның әсерінен кран өртеніп кетсе өзі де бірге жанып кететінін біле тұра, сондай қадамға баруы көзсіз ерлік, үлкен тәуекел екенін айтады.
Әріптесі, цементтеу агрегатының моторшысы Серік Тәйтековтың айтуынша, Жәнібек бұрыннан әмбебап маман ретінде де танылыпты. Ол өзі жүргізген техникалардың ақауын байқаса механикті күтіп отырмай-ақ жөндеп алатын епті де еңбекқор көрінеді. Істеген ісін міндетсіп, бәлсінбейтін қарапайым әрі мейірімді азамат. Рас, әдетте көп адам ауызбен орақ орып, проблеманы сөзбен шешетіні бар. Ал шұбаршилік Жәнібек өзінің қандай іске тәуекел еткенін білсе де ойланып жатпай, ержүректілік танытқан.
Оның сөзден гөрі істің адам екенін телефонмен тілдескенде де байқадық. Тіпті отбасының қамы деп жүрген азамат қарсы ауысымдағы және ауырып қалған әріптестерінің орнына да жұмыс істеп қала береді екен. Ол жұмыс істеуден ешқашан жалыққан емес. Жұмысына шынайы берілген азаматтың осындай батыл қадамға баруы да тегін болмаса керек. Бұл жағдайды әлеуметтік желідегі бейнебаяннан көрген әріптестері оның бұл әрекетін көзсіз батырлыққа балап отыр.
Отбасын құрғанына тура жиырма жыл болған Жәнібек бүгінде жары екеуі тәрбиелеп отырған төрт перзентінің болашағының жарқын болуы үшін тер төгіп келеді. Балаларының алды студент, кенжесі – бірінші сыныптың оқушысы. Жасы егде тартқан анасы мен бауырлары бар.
Прорвадағы төтенше жағдай кезінде жанқиярлықпен әрекет еткен Жәнібек Дүзелбаев өндіріс орнындағы жойқын апаттың алдын алған батырлық әрекетіне масайраған жоқ. Күнделікті өндірістік қауіпсіздік үшін сол жердегі көп жұмысшының бірі ретінде әрекет еткенін айтты да қойды.
– Меніңше бұл соншама мақтап-мадақтайтын іс емес қой. Кез келген басқа жүргізуші де солай істей алады деп ойлаймын, — деді ол әдеттегі қарапайым болмысына салып.
Еңбегін елеп, көпке үлгі қылып жатқан әріптестеріне алғысын білдірген Жәнібек атыраулық оқырманды көктемнің көрікті мерекесі – Көрісу күнімен құттықтап, елге амандық, тату тірлік тілеуді де ұмытқан жоқ.
Төтенше жағдай кезінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Басқарма басшылығы мен мамандар тобы да жұмыс істеп, «Ақ берен», «Семсер – Өрт сөндіруші», «СОП Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мобильді күзет құрылымдары да тартылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, апат кезінде Атыраудағы құрылымдардан өзге көршілес Маңғыстау облысының төтенше жағдай қызметінің 66 құтқарушысы мен 17 арнайы техникасы жұмылдырылыпты. Олар өртті сөндіру және салқындату жұмыстарын жүргізіп, өрттің таралуын болдырған жоқ.
Тиімді ұйымдасқан жұмыс нәтижесінде апат толықтай ауыздықталды. Абырой болғанда қаза тапқан немесе зардап шеккен ешкім жоқ.
Прорвадағы оқиға өндіріс орындарындағы қауіпсіздік шараларының мән-маңызы қаншалықты екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Сонымен қатар, осындай қиын сәтте өз ісіне берілген, батыл және жауапты мамандардың еңбегі құрметке лайық, мерейі үстем боларын айқын көрсетті.
Алмас ҚАБДОЛОВ