Жарнама
Қоғам

Тау алыстаған сайын биіктей түседі Еңбек Ері Нәбира Шағырова туралы бір үзік сыр

 

Статистикалық деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы басталған жылдары «Қазақстан мұнай комбинаты»  мекемесінде  үш мыңнан астам әйел адам еңбек еткен екен. Ал, соғыстың аяғына таман мұнай саласында жұмыс жасағандардың  42,5 пайызын әйелдер құраған. Олардың арасында мұнайшы әйелдердің ішінен ең алғаш Социалистік Еңбек Ері атанған жерлесіміз – Нәбира Шағырова да бар еді.

ТАУ АЛЫСТАҒАН САЙЫН БИІКТЕЙ ТҮСЕДІ

Нәбира қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Дәулетияр – жұмысшы, анасы  үй шаруашылығында болған. Ол кезде қарапайым тұратын отбасыларға балаларын оқыту тым қиынға соғатын еді. Сол себепті, Нәбира төртжылдық біліммен ғана шектелді. Сондықтан, ауру анасы мен қарт әкесіне қолқанатқа жарау үшін жастайынан еңбекке араласады.

Өндіріске жұмыс сұрай келген талдырмаш қызды көріп, кәсіпшілік басшылығы алғашында «тым жассың» деп, онымен сөйлеспей қояды. Сол кезде он төрт жасар Нәбира өзін екі жылға үлкейтіп, отбасылық жағдайын айтып, кетпей қойған. Талдырмаш қыздың өжеттігі мен қайсарлығын байқаған басшы оны жұмысқа қабылдаудан басқа амал таппайды.

Байшонас кенішіне май құюшы болып жұмысқа кіріскен қазақтың қаршадай ғана қызы екінші дүниежүзілік соғыс басталған уақытта мұнайшы операторы мамандығын жедел меңгеріп алады. Жұмысын адал атқарып, жоспарлы тапсырмасын екі-үш есе асыра орындауды да дағдыға айналдырады. Әрбір ұңғыманың дерегін, сипаттамасын, тіпті қай жерде қандай ақау барын жатқа білетін мұнайшы қыз бертін келе екі-үш адамның ісін бір өзі атқаратын деңгейге жетеді. Жұмысына алғыр, тындырымды, тапсырылған істі жауапкершілікпен орындайтын Нәбира аз уақыт ішінде өзге әріптес құрбыларының мақтанышына айналып үлгереді.

Нәбира апаның ерлік пен өрлікке толы өмірі соғыс жылдарында басталды. Сын сағатта майдан даласын жанар-жағар маймен қамту ісін абыройлы атқарды.

Мұнайшы қыз  1942 жылдан бастап өмірінің соңына дейін, яғни, 27 жыл бойына Байшонас мұнай басқармасында операторлық қызмет атқарды. Көп жылдық тәжірибесімен бөлісуді, жас кадрлар дайындауды «Отан алдындағы борышым» деп ұққан ол, жас мұнайшыларды тәрбиелеу ісіне де көптеп атсалысты. Маңдай тер текке кетпеді.

Нәбира апай «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен екі мәрте марапатталды. «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тағынды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының  1960 жылдың 7 наурызындағы Жарлығымен Нәбира Шағыроваға ең жоғары  «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Кейіпкеріміз  Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медаліне де лайықты деп танылды.

Нәбира Шағырова  жұмыс істеген  учаске 1965-1966 жылдары мұнай өндіру жоспарын 100,7-108,6 пайызға асыра орындап, мемлекетке жоспардан тыс 1297 тонна сұйық отын берді.

Өндіріспен бірге, кәсіпшіліктің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан Нәбира апа елдегі проблемаларды жиі көтерді. Әсіресе, өзі жастай араласқан мұнай өндірісі саласына жаңа техниканы пайдалану, өндірістік үрдісті автоматтандыру, жаңа тәсілдерді пайдалану арқылы мұнай өндіру көлемін ұлғайту мәселелерін алқалы жиындарда жиі қозғады.

Қызметте талапшыл қазақ әйелі отбасының берекесін тасытқан аяулы жар, мейірімді ана бола білді. Мұнайшы апамыз 1969 жылдың 8 наурызында ұзаққа созылған  ауыр науқастан  көз жұмды.

Өкінішке орай, Нәбира ананы көзі көргендердің қатары сиреп барады. Ол туралы жазылған естеліктер мұрағаттар мен мұражайларда ғана сақталып тұр. Тау алыстаған сайын  биіктей түседі десек, Нәбира Шағыровадай өнегелі жандардың өмірі қанша жыл өтсе де ұрпақ жадында сақтала бермек.

Сондықтан, мұнайшылар арасынан шыққан тұңғыш Социалистік Еңбек Ерінің есімі Атырау қаласы көшелерінің біріне берілсе, құба-құп болар еді. Әрине, «қара алтынды» игеріп, халық игілігіне  жаратуда есімі республикаға  танымал ер-азаматтар көп. Десек те, ерлермен бірге тең  дәрежеде еңбек еткен әйелдердің есімдері де еленуі тиіс. Өзім де 25 жылдан бері осы салада жүргендіктен, бүкіл мұнайшылардың анасындай болған Нәбира Шағырова есімін болашаққа жеткізу –азаматтық борышымыз деп білемін.

1941-45 жылдары мұнай өндірісі көлемінің бұрынғыдан бетер еселеп артқаны мәлім. Доссорда өндірілетін «қара алтын» тікелей майданға жөнелтіліп, танкілерге құйылды. Мұнай кәсіпшіліктеріндегі қызметін қаруға алмастырған ер азаматтар майданға аттанғанда, экономиканың ең ауыр да, жауапты саласы қыз-келіншектердің иығына артылды. Олар ерлерше еңбек етіп, өндірісті өркендетті. Сөйтіп, тыл  майданында жан аямай еңбек етті.

 1930 жылдары іске қосылған Байшонас кенішінің де мұнай өндірісіндегі орны ерек. Мұнда Ұлы Отан соғысы қарсаңында мұнай кеніші өндірісінің екі және одан да көп қабат әдісі енгізіліп, 65 ұңғы бірнеше қабатты біріктіріп іске қосу әдісіне көшті. Бұл әдіс – күніне жүздеген тонна  жоғары сапалы мұнай өндіруге мүмкіндік берді. Осылайша, Байшонас «Қазақстан мұнайы» бірлестігі бойынша ең ірі кәсіпшілікке айналды.  Бүкіл Ембі беретін «қара алтынның» үштен бірі осы Байшонаста өндірілді.

Ернар  ЕРНИЯЗОВ,

мұнайшы,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button