Жарнама
Қоғам

ТАСТАНДЫ БАЛА

 

Қағынан жерігендердің көбеюі – тастанды балалар мәселесімен қоғамдық, заңдық тұрғыда күш біріктіріп күресуді қажет етіп отыр. Осыған орай, Парламент депутаттары жетімдер жайын тереңінен зерттей отырып, мәселені түпкілікті шешуді қолға алмақ. Арнайы заң қабылданып, баласын тірі жетім еткен ата-анаға қатысты жаза, жауапкершілік мәселесі күшейтіледі деп күтілуде. Сол себепті де, бас партияның әр облыстағы өкілдері қоғамдық дертке айналған жетімдер мәселесін шешу жолдарын қарастыратын ұсыныстарды сараптап жатыр. 

…байыған сайын  қалтырайды

Өкінішке орай, Атырауда баланы патронаттық тәрбиеге алу көрсеткіші өте төмен екен. Ағымдағы жылғы жағдай бойынша, біздің облысымызда патронаттық тәрбиеге бір бала ғана алыныпты. Ең жоғарғы көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында. Онда 61 бала осындай тәрбиеде. Алматы облысында 60, Алматы және Астана қалаларында 50, Жамбыл облысында 46, Қарағанды облысында 37 бала патронаттық үлгіде тәрбиеленуде. «Қамқорлыққа алу, асырап алу көрсеткіші тіптен нөлдік деңгейде. Бұл ойландыратын мәселе» деп, өңірдегі ахуалға алаңдаушылық білдірген «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев Парламентке осындай жағдайларды шешуге ықпал ететін ұсыныстар жолдау керектігін айтты.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиевтың айтуынша, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған он сегіз жасқа дейінгі балалардың өңірдегі саны 694 екен. «Сол балалардың 484-і қамқоршылық пен қорғаншылықта, 19-ы отбасылардың патронаттық тәрбиесінде, 114-і балалар үйі мен балалар ауылында.Үстіміздегі жылдың алғашқы жеті айындағы жағдай бойынша, қорғаншылыққа 33 бала алынды. 50 баланы асырап алды. Бір бала ғана патронаттық тәрбиеге алынды» деген ол қараусыз қалған балалар санының облыста едәуір азайғанын мәлімдеді. Сала маманы патронаттық тәрбиеге алу көрсеткішінің өте төмендігінің негізгі себептерінің бірі ретінде ата-аналардың бала саулығына жоғары талаппен қарауын атады. «Сондықтан да, ауырған балаларды емдеу мәселесі өткір тұр» деген сала маманы Шәкіржан Мырзағалиев жетімектер саны азая түсетін болса, болашақта отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар үйі мен С. Қазыбаев атындағы балалар үйін біріктіру мәселесінің қаралатынын айтты.

Тұлдыр жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың арасында айырмашылық бары белгілі. Бастапқыда баласын керек деп санамағандардың арасында кейіннен ақылға келетіндері де болады. Міне, осыдан екі жыл бұрын балалар үйінің он тәрбиеленушісі отбасына қайтарылыпты. «2014 жылы сегіз бала, 2015 жылы он үш баланы отбасына қайта тапсырдық. Бұл ұжымның ұзақ жылдар бойы жүргізген тәрбиелік, түсіндіру жұмыстарының нәтижесі», — деді  Облыстық білім беру басқармасының басшысы міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиев.

Көріп отырғанымыздай, атыраулық ерлі-зайыптылардың көпшілігі баланы патронаттық тәрбиеге алуға мүдделі емес. Оған көп фактор себеп болуы мүмкін. Осы орайда отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева атыраулықтардың баланы бірден жанұяның толыққанды мүшесі етіп алуға асығатынымен түсіндірді. «Ал, патронаттық тәрбие бұл уақытша нәрсе. Сондықтан да, көп жағдайда баланың да мұндай ұсынысты қабылдауға зауқы бола бермейді» дейді ол. Екінші бір себеп, баланы патронаттық тәрбиеге алатын адамның педагог болу міндеттілігі. «Педагогтар балаға жоғары талап қояды. Оны бала көтере алмауы мүмкін. Тағы бір себеп, отбасылардың көпшілігі кішкене жастағы сәбиді алғанды дұрыс санайды. Мектеп жасындағы баланы тәрбиеге алуға жүрегі дауаламайды. Сондықтан, бұл жерде психологиялық та жағдай бар» деді ол. 

Бала  сүйгісі келеді,  бірақ…

Атырауда балаға мұқтаж ерлі-зайыптылардың саны өте көп. Бірақ, олардың көпшілігі бала асырап алуға асыға бермейді неге? «Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов осы мәселеге тоқталып, баланы патронаттық тәрбиеге алудың, асырап алудың ұят нәрсе емес екендігін қоғамда ашық насихаттауға шақырды. Кейбір «отбасылық жұптар   жасанды жолмен бала көтеруді қолай көреді. Бірақ, ондай тәжірибелердің барлығы бірдей күткен нәтижені бере бермейді. Сондықтан, бала асырап, бақытқа кенеліп отырған отбасыларды үлгі етіп, көрсету арқылы, халық арасында қалыптасқан психологияны өзгертуге ықпал ету керек» деген ойын ұсынды.

 Патронаттық үлгідегі тәрбиенің баяу дамуының бірнеше себептерін жоғарыда айттық. Шара барысында «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің психологы Нелли Куликовских мәселенің тағы бір себебі ретінде асырап алушылардың материалдық жағдайының төмендігін атады.  «Бала асырап алуға ниетті отбасылардың көпшілігінің материалдық жағдайы орташа келеді. Ал, баланы мемлекет жасап отырған кеңшілік жағдайдан материалдық тұрғыда төмен отбасына жіберудің соңы қиын мәселелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан, патронаттық тәрбиенің, бала асырап алу көрсеткішінің төмендігін психологиялық себеппен ғана байланыстырмай, мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік проблема ретінде қарастыруымыз керек» деген ол туысы бар балаларды сол отбасыларға қайтару жұмысын мейілінше дамытуды, ауылдағы жетім және қараусыз қалған балаларды қалаға тасуды доғаруды, баланы патронаттық тәрбиеге алушылардың санын 45 жасқа дейін шектеуді ұсынды. 

Негізінде бұл ұсыныстардың қолданысқа енуіне мүдделі болғанымыз дұрыс. Расымен де, мемлекет қамқорлығында жүріп, еш нәрседен таршылық көрмеген бала жаңа отбасыдағы белгілі бір деңгейдегі жоқшылықты қабылдамауы, бұрынғы өмірін аңсауы мүмкін. Екіншіден, жетім қалған ауыл балаларын аудан орталықтарында емес, қалада тәрбиелеу – кей жағдайда баланың ауылмен арадағы байланысының толық үзілуіне жол ашып жатады. Үшіншіден, өзімен тетелес құрбыларымен өсіп қалған бала зейнет жасына таяған жаңа ата-анасымен ортақ тіл табыса алмай, кейде тіпті уақытын өткізе алмай, мезі болуы да мүмкін. Сондықтан, жетімдер мәселесін түпкілікті шешуге кешенді түрде қарау керек болады.

Осы орайда, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Шахмұрат Қанбетов бала асырап алған жұптарға материалдық көмекті күшейтуді, патронат ата-анаға еңбек кітапшасын ашып, оларды тәрбиеші деп тануды, сол арқылы олардың зейнетақы қорына ай сайын тұрақты аударымдар жасап отыруды ұсынды. Қазақстан коммунистік халық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ерболат Дәулетқазиев та осы ұсынысты қуаттады. «Бала асырап алушыларға кезексіз жер, үй бөлу мәселесін қарастыру қажет. Осындай отбасыдағы балалардың ата-анасымен бірге лагерь, пансионат сынды демалыс орындарына баруын ұйымдастырсақ, әр балаға мемлекет тарапынан берілетін 75 мың теңгенің көлемін ұлғайтсақ, бала асырап алудағы қағазбастылықтан арылсақ, проблеманың шешілуіне жол ашылар еді» деген ойын айтты. 

Баламен  «бизнес» жасайтындар  бар

«Тастандылардың көбейіп кетуінің бір себебі мемлекеттің әлеуметтік орталықтарды көптеп ашып, кеңірек жағдай жасауында емес пе» деген де ой келеді. Осының салдарынан адамдардың психологиясында өзгерістер орын алуы мүмкін. Осы мәселені қозғаған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Фарида Ахметова «баратын жерім бар» деген оймен жас қыздар кез-келген қисық әрекетке баруы мүмкін. Тастанды балалар, жетімдер проблемасы да осы жерден келіп туындайды. Сондықтан, дағдарыс орталығын, аналар үйін азайтып, жеке бастың тәрбиесі мәселесіне көбірек көңіл бөлу керек» деген ұсынысымен бөлісті.

Отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева жетімдердің санын азайтудың тиімді тетігі ретінде қиындықта қалған ата-аналарға материалдық, қаржылай көмек көрсету механизмдерін іске қосуды ұсынды. «Балаларды ата-анасынан айырмау тетіктерін іске қосуға тиіспіз. Әйтпесе, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің 82 пайызы қамқорлықсыз қалғандар. Сондықтан, шарасыздықтан баласын тапсыруға келгендерге баспана мәселесімен көмектессек, көптеген қаракөздеріміз отбасында тәрбиеленетін еді. Баласының мемлекет қарауында жүргеніне еті үйреніп кететін де ата-аналар болады. Сондықтан, баланы ата-анадан мейілінше айырмау жағын қарастыру керек» деді ол.

Орталық нерв жүйесі зақымдалған балаларға арналған сәбилер үйінің бас дәрігері Гүлмира Рысмағамбетова асырап алу, патронаттық тәрбие көрсеткіштерінің төмен болу себебін балалардың денсаулық жағдайымен байланыстырды. «Отбасылық жұптардың көп бөлігі патронаттық тәрбиеге төрт жасқа дейінгі бөбекті алуды қалайды. Бірақ, сәбилер үйіне келетін баланың тоқсан бес пайызы аурулы болғандықтан, оларды алуға ешкім құлықты болмайды» деген ол тастандылар санын азайтудың бір жолы ретінде ата-аналардың жұмысқа тұруына, әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мемлекет тарапынан ықпал етуді ұсынды.

Балаларды асырап алуда тағы бір күрделі проблема бар. Ол баланың туыстарының асырап алушылыққа қарсы болуы. Осы мәселені көтерген С. Қазыбаев атындағы балалар үйінің әлеуметтік мұғалімі Айсұлу Қадыржанова бала асырап алу мәселесінде туыстарының рұқсатын сұрау тетігін мүлде алып тастауды ұсынды. Осы жерде «балалардың жаңа отбасын тауып, әрі қарай бақытты болуына туыстары неге қарсы болады, баланы туыстары асырап алуға неге мүдделі болмайды?» деген сауал туындайды. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар сала мамандарының сөзінен белгілі болғанындай, туыстарының көпшілігі жетімектердің мемлекет тарапынан берілетін үйіне қызығады екен. Осылайша туыстарының қу құлқынының құрбанына айналған балалар өмір бойы жетімдіктің зардабын тартуға мәжбүр. Өкініштісі, қоғамда қолдан жасалатын жетімдік те бар екен. Яғни, ата-ана жауапкершіліктен қашып, балаларын жетімдер үйіне әдейі тапсырады. Ондағы мақсат баласын мемлекет тарапынан тамақтандырып, киіндіріп, оқытып алу, кейін баспаналы болған кезде қолына кіру. Яғни, дайын асқа тік қасық. Сондықтан да, мамандар тұлдыр жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың статусын қайта қарауды ұсынды. 

Түйіп айтқанда

Қалай десек те, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел болды. Заманды жасайтын адамдар екенін ескерсек, мәселенің барлығы отбасылық институттың құлдырауынан шығып жатқандай көрінеді. Сондықтан, біздің алдымызда отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасылық институтты нығайту, ата-ананың балалар алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелері тұр. Әйтпесе, жағдай бұлай жалғаса түсетін болса, ұлт болашағына үлкен қауіп төнеді. Жиын барысында осындай түйін жасаған сала мамандары Парламентке төмендегідей ұсыныстар жолдауды ұйғарды.

—  халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту;

—  жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жақсарту;

— нерв жүйесі зақымдалған балалардың сәбилер үйін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында қалдыру;

— патронат ата-аналарға, бала асырап алушыларға жұмыс істейтін мекемесі тарапынан ынталандыру шараларын қолға алу, түрлі салықтан босату;

— патронат ата-аналарға, бала асырап алушыларға кезексіз жер беру;

— тұлдыр жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың статусын қайта қарау;

— ауру балалардың туылуының алдын алу үшін, 3D форматындағы ультра дыбыстық зерттеуді емханаларға енгізу арқылы, халыққа қолжетімді ету;

— некеге тұрар кезде жұбайлардың психикалық, басқа да жағдайларын, яғни, жеке басын анықтай түсетін құжаттарды АХАЖ-ға тапсыруын талап ету; 

Р.S. Шараға қатысушылар, Атыраудағы балалар үйін толықтай жауып, жетімдерді отбасылық жағдайда тәрбиелеуге мүмкіндік беретін балалар ауылын ашуды ұсынды. Осы мақсатта болашақта екі қабатты зәулім үйлер көптеп салынуы мүмкін.

Р.Р.S.Даналардың ішіндегі дарасы болған Абай Құнанбаевты кезінде Ұлжан анамыздың дәретсіз емізбегені белгілі. Нәтижесінде Абай әлем таңданған дара тұлға болып қалыптасты. Оның қара сөздері, шығармалары әлі күнге құндылығын, өзектілігін жойған жоқ. Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді деген сөз бар. Біздің қоғамымызға да осындай ұлттық, қазақы тәрбиені қайта жандандыратын кез келді …

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button