
Тасқында тайсалмаған қайсар аналар
Былтыр көктемдегі Жайық өзенінің тасуы облыс тұрғындары үшін ауыр сынақ болды. Сол қиын сәтте ер азаматтар тәулік бойы бел жазбай еңбек етіп, бөгет тұрғызды. Сөйтіп, табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұрды. Алайда олар жалғыз болған жоқ. Бұл күресте әйелдер де аянбай тер төгіп, көрінбейтін ерлік жасады. Солардың бірі – Жұмыскер ауылының тұрғыны Марина Халелова.

Ауылға қадірлі, өмірін еңбегімен өрнектеген Марина Нығметқызы су тасқыны кезінде нағыз жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Желдің өтінде жүріп, күннің суығына қарамастан, ер азаматтарға көмектесуге асықты. Ол тек тамақ әзірлеп қана қойған жоқ, ауыл әйелдерін ұйымдастырып, бәрінің бір мақсатқа жұмылуына ықпал етті. Күн сайын таңертең өзен жағасына барып, кешке дейін еңбек етті. Қазан басында тұрып, жаға бекіту жұмысындағы азаматтарға ыстық тамақ дайындады. Оның қолынан шыққан ұлттық тағамдар – бауырсақ, шелпек, ет, сорпа жұмысшыларға күш-қуат берді.
Ауыл азаматтары тасқынның алдын алу үшін суды бөгеп, бөгетті биіктетуге кірісті. Толассыз еңбек етіп, кейде тәулік бойы бел жазбай жұмыс істеуге тура келді. Ызғырық жел мен мұздай суға қарамастан, олар өз үй-жайы мен туған ауылын құтқарып қалуға атсалысты. Бұл күресте жалғыз Марина Халелова емес, басқа да ауыл әйелдері қажыр-қайратын көрсетті. Бірі отын жағып, су тасыды, енді бірі сүт өнімдерін дайындады. Қиын сәтте олар жұмыла әрекет етіп, нағыз жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Әйелдердің мейірімі мен еңбегі жігіттердің күш-қайратын еселей түскендей. Осылайша, ауылдастар бір-біріне демеу беріп, туған жерге деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеді.
Марина Халелова мен оның серіктестері тек табиғат апатына қарсы күрескен жоқ, олар адамдық қасиеттің, мейірім мен жанашырлықтың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – тек бір оқиға ғана емес, ерлік пен еңбектің тарихта қалатын үлгісі.
Ерлік майданда ғана емес, қарапайым өмірде де жасалады. Марина тәрізді ауыл әйелдерінің еңбегі – соның айқын дәлелі. Бұл оқиға – әйелдердің ерлігінің өзгеше көрінісі. Олар күрек ұстап, бөгет салмаса да, ең қажетті нәрсе – қолдау мен жылулықты сыйлады. Марина Нығметқызының берекелі дастарқаны, мейірімді сөзі, ұйқысыз түндері нағыз көрінбейтін ерлік еді. «Ер адам елін қорғайды, әйел – ерді қолдайды» деген сөздің мәнін төтенше жағдай кезінде ауыл тұрғындары терең түсінді.
– Сол күндері әртүрлі қауесет тарап, жұрттың бәрі дерлік жанталасып жатты. Қызылқоға, Жылыой аудандарын су басу қаупі туындағаны айтылды. Немеремді ертіп дүкен жаққа шыққаным сол еді, бізге де су келу қаупі бар екенін айтып үрейленген адамдарды көрдім. Алып-ұшып Жайықтың жағасына барсам, киіз үй құрып қойған екен. Адам қарасы көп, бірнеше «КамАЗ» көлігі, басқа да техника бар. Ол жерде жүрген ер азаматтарға тамақ пісіру керектігін айтып жатты. Киіз үйдің ішіне кірсем әйел адамдардың нан басып жатқанын көрдім. Бірден білек сыбанып жұмысқа кірісіп кеттім, — дейді ол өткенді еске алып.
Бөгет салу жұмыстарына көмектесу үшін жан-жақтан жиналған ер азаматтарға жеткізілген азық-түлікті мұқият үйлестіріп, жауапкершілікпен дайындап беріп отыру көптің қолынан келмейді. Әйтпесе суығы мен ыстығына, желі мен дауылына қарамай қазан күзетіп жүру айтуға ғана оңай. Сол мезгілде Марина апайдың қасында апасы мен сіңлісі де болыпты. Кеңес өкіметі кезінде дүкенші болып жұмыс істеген Марина Нығметқызы тәуелсіздік алған жылдары өз бетінше еңбек етіп, нарық заманына бейімделген екен.
– Тұрмысқа ерте шығып өмірлік жан-жарымның жағдайын жасап, балаларымның емін-еркін білім алуына күш салдым. Содан да болар, арнайы оқу бітірмесем де елдің қажетіне жарап, қолымнан келетін қара жұмыстарды талғамай істей бердім, — деді ақжүректі ана.
Тасқын кезінде ауыл тұрғындары отбасыларымен бірге жұмылып, ауылды су басу қаупінен сақтау үшін көп тер төкті. Тіпті сол кезде күндіз-түні үйлеріне бармай бөгет басында жүрген адамдар да болды. Жұмыстан келе сала бөгет басына жиналатын тұрғындар тамақ ішпей келетін. Сондай уақытта әйелдер жағы ыссы тамақты уақытпен санаспай, алдарынан дайындап отырды.
– Біз де өзіміздің қолымыздан келген дүниені ғана істедік. Басқа шаруамызды ығыстырып қойып, қаланың суға кетпеуіне титтей де болса үлес қосайық дедік. Әйтпесе бізге ешкім көмектесіңдер деп те айтқан жоқ. Біз өз ықтиярымызбен бардық, қолдан келгенше жұмыс істедік. Ел үшін аянып қалған жоқпыз. Өмір болған соң осындай тосын жағдайлар да болып тұрады ғой. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді қайсар апа.
Жұмыскер ауылында туып-өскен Марина Нығметқызы осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын Елшібек ауылына келін болып түсіпті. Кейін тағдырдың жазуымен отағасы ұзаққа созылған сырқаттан дүние салған. Бүгінде қызы мен сүйкімді жиендерінің қызығына бөленіп отырған аяулы әже. Тіпті осы жағдайдан кейін жергілікті тұрғындар белсенді, қайырымды жанды «қазаншы апай» деп атап кетіпті.
– Елін сүйген, жерін сүйген кез келген адам солай істейді деп ойлаймын. Осындай жағдай болған соң әуелі елдің тұрғыны ретінде көмектесуге өзіміз асықтық. «Күш – бірлікте» екенін көрсеткіміз келді. Біз де ер азаматтардан қалыспай, қапшық-қапшық балықтарды аршып, төрт-бес мезгіл шәй демдедік. Соның бәрін жауған жауын мен күннің ыстық-суығына қарамай жауапкершілікпен атқаруға тырыстық, — деді Марина Нығметқызы.
Енді төрт-бес айдан соң зейнет жасына жеткелі отырған ол өз ісінің өзгенің де қолынан келетінін айтады. Былтыр су тасқынына қарсы шаруаларға белсене атсалысқан ауыл тұрғындарына мәдениет үйінде төсбелгілер тағып, Алғыс хат табысталған.
Қаһармандықтың үлгісі көбінесе қан майданда немесе көп алдындағы даңғаза істермен өлшенетіні рас. Бірақ шынайы ерлік кейде қазан басында, отбасының амандығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, маңдай терін төккен қыз-келіншектер мен аналардың күнделікті тіршілігінде жатқанын аңғармайтынымыз қынжылтады. Марина апай мен оның серіктестері тасқын кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де еңбектен қол үзген жоқ. Олардың үй шаруасы, бала тәрбиесі, үлкендерге қамқорлығы – бәрі де көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды жұмыс. Осындай жандардың арқасында ауылдың рухы биік, бірлігі бекем.
Бөгет басындағы береке

Ауыл әйелдерінің еңбегі былтырғы төтенше жағдай кезінде ерекше көрінді. Олар тек өз отбасыларының ғана емес, бүкіл ауылдың амандығы үшін жан аямай еңбек етті. Бөгет салып жатқан азаматтарға ас-ауқатын әзірлеп, кейде тіпті күрек ұстап, қол ұшын созғандары да болды. Олардың бұл еңбегі – нағыз жанқиярлық пен елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Сәуір айының басынан бастап қала маңындағы Талғайраң ауылының азаматтары да бірлесіп бөгет соғудың қамына кірісіп кетті. Осы кезде аядай ауылдың әйелдері де қол қусырып қарап отырмай бөгет басына шығып, бірі қолға күрек алып топырақты қапшыққа салып, енді бірі жұмысшылардың астарын даярлаумен айналысты. Солардың қатарында білек сыбана тер төккен Жанаргүл Нәжімеденованың еңбегін ауылдастары әлі ұмытқан жоқ. Мақат ауданының тумасы Жанаргүл Жұмабайқызының Бесікті ауылына келін болып келіп, Талғайраңда тұрып жатқанына да жиырма жылдан асып кетіпті. Отағасы Құрмет екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде қыздарының алдын ұзатып, ұлдары келін түсірген. Олардан көрген немере-жиендерінің қызығына бөленіп келеді.
– Ауылдың бірлігінің арқасында ұзындығы үш шақырым бөгет соғылып, ұзына бойына құм толтырылған қапшықпен нығыздалды. Жергілікті жанашыр азаматтардың біреуі де бөгетті биіктету жұмыстарынан шет қалған жоқ. Олардың арасында мектеп мұғалімдері, ақжаулықты аналармен қатар, Айгүл Шөриева, Гүлмира Қызылбаева, Таңшолпан Сергейқызы секілді өзге де ауыл келіндері, «Атамұра» мейрамханасы мен ауылдағы дүкен иелерінің көмектерін атап өтуге болады. Қиын шақта олардың әрқайсысының орны бір төбе болатын, — дейді ол.
Жанаргүл Жұмабайқызы бір күн ішінде бөгет басында қалай жұмыс істегенін есіне алды. Таңнан бастап ауыл азаматтарымен бірге іске кірісіп, арасында құмға толы қаптарды көтеру оңай болмағанын айтады. Бір сәтте тоңғанын да ұмытып, тек ауылды құтқару қамымен жүрген. Қолдағы күрек те қап толтырудан босамады. Ерлерден қалмауға тырысып, иық тірестіріп жұмыс істеп жатты. Шаршады, бірақ елдің амандығын ойлады, кежегесі кейін тартқан ешкім болған жоқ.
Бөгет салу жұмыстарына елге танымал азаматтар да қатысып, ауыл тұрғындарының еңсесін көтеруге рухани септігін тигізді. Тіпті, Бақыт Қажыбаев, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Дәурен Айдарқұлов тәрізді актерлер, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай секілді азаматтар ауылға келіп, қол ұшын бергені есте қалған. Олар кешкісін ауылдың келіндері жайған дастарқаннан дәм татып, тұрғындармен керемет әңгіме-дүкен құрғаны да ұмытылмас сәт. Тек кинода ғана емес, өмірде де қарапайым жандар екеніне разы болған талғайраңдықтар алыстан ат терлетіп келіп, қолға күрек алған азаматтарға риза болған еді.
«Күншуақ» балабақшасының шаруашылық ісінің меңгерушісі Жанаргүл Жұмабайқызы жергілікті мейрамхананың әкімшісі қызметін де қоса атқарады. Қажет кезінде қоғамдық істерге де уақыт таба білген оның бұл ісіне сүйсінбеске амал жоқ. Немқұрайдылыққа жаны қас жанның сын сағатта ойланып отырмай, батыл қадамға баруы, халықты ізгілікке ұйыстыруы шынында да адамдықтың көрінісі.
– Төтенше жағдайға байланысты жұмыс қызған шақта ауылдағы қыз-келіншектермен ақылдасып, әуелі шәй қайнатып, бәліш пісіріп апардық. Кейін жағдай тұрақталғанша ауыл азаматтары және қоғам белсенділерімен бірге жұмыс істедік. «Көп түкірсе – көл» деген сөз бекер емес екен. Үлкеннің батасымен, жастардың тілегімен, ауызбірлікпен жұмыла жасалған жұмысымыз текке кетпеді деп есептеймін, — дейді Жанаргүл Жұмабайқызы.
Дайындаған Алмас ҚАБДОЛОВ