«Таскешуден» мұнара табылды

Мақат ауданындағы «Таскешу» керуен сарайына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оны облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы ұйымдастырған. Керуен сарайға алғаш қазба жұмыстарын 2008-2010 жылдары облыстық тарих және археология орталығы ұйымдастырған екен. Араға үзіліс салып, 2012-2013 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейі де қазба жүргізген.

– Сағыз өзенінің бойындағы бұл тас өткел Алтын Орда дәуірі мен орта ғасырларда Сарайшық пен Хиуаның арасын байланыстырған керуен жолына арналған. Өйткені, ол заманда Сағыз өзенінің суы мол, арнасы кең болған. Керуен сарай жол бойындағылар демалып, дамылдау үшін арнайы салынған құрылыс. Күйдірілген қыш кірпіштен тұрғызылуы елдегі бірегей ескерткіштердің бірі ретінде оның құндылығын арттырып тұр. Керуен сарайдың алғаш рет жоспарын 1950 жылы Әлкей Марғұлан бастаған Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жасаған. Сол жылы Хорезм археологиялықэтнографиялық экспедициясының жетекшісі С.П.Толстов та зерттеп, оның өлшемі 42х45 метр, көлемі тік төртбұрышты екенін анықтады, – дейді оралық басшысы Мұхамбетқали Қипиев.

Осы жолғы қазба жұмысы алдыңғы зерттеулердің жалғасы іспетті. Сарайға археологиялық қазба жүргізумен қатар, ескерткішті сақтау мақсатында ғылымиқайта қалпына келтіру шаралары жасалып, болашақта ашық музейге айналдыру көзделіп отыр. Мұны түбегейлі жүзеге асыру үшін керуен сарайға тұрақты археологиялық зерттеу жұмысын жүргізу керек. Биыл орталық жүргізген жұмыстарға орта ғасырлық қалашықтарды зерттеп жүрген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов жетекшілік етті. Қалашықтың оңтүстік бөлігінде жүргізілген қазба барысында 200 шаршы метрлік аумақ топырақтан тазаланды. Сөйтіп, керуен сарайға кіретін қақпа орны толық ашылып, зерттелді.

Сондай-ақ, қақпадан шығысқа қарай қамалдың сыртқы қабырғалары да аршылған. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде сыртқы қабырғаның ені 1,20 метр болатыны анықталды. Ғажабы сол, сарайдың оңтүстік шығыс бұрышын зерттеу кезінде дөңгелек пішінді мұнара, түрлі түсті керамика сынықтары, темір және сүйек бұйымдары табылды. Осылайша, «Таскешуге» биыл жоспарланған зерттеу жұмыстары а я қ т а л д ы . Қ а з і р қ а з б а о р н ы н а консервациялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Келесі жылы керуен сарайды зерттеу тағы жалғаспақ. Зерттеу кезінде табылған нақты мәліметтер орталықтың ғылыми есебінде толық көрініс табатын болды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз