Жарнама
Қоғам

«ТАРТЫНБАЙ СӨЙЛЕР АСЫЛМЫН…»

-Махамбет Өтемісұлы секілді тұлғалармен ұлттың тарихы қалыптасады. Сол тұлғалардың өмірі мен өнерін насихаттай отырып, ұлттың болмысы қалыптасады. Сол арқылы ұрпақ тәрбиеленеді. Сабақтастық деген – осы. Махамбет жырларын жаттау арқылы балаларымыздың рухы биік болады. Рухы жоқ елдің, мінезі жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Қазіргі ақпараттық ағындар қаптаған заманда қазығымызды қағып, сол орнымыздан айырылып қалмау үшін бүгінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялата білу керек. Бұл байқау соның үдесінен шығып отыр деп ойлаймын, — дей келе облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мектеп оқушылары арасындағы республикалық Махамбет оқуларының негізін қалаушылардың бірі ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Роза Баттал да шараның маңызына тоқталды. «Баршаңызды да Махамбеттің асқақ поэзиясының мерекесімен құттықтаймын, — деді Роза Мұхамеджанқызы.
— Халқы үшін қапа болып, қайғылы ғұмыр кешкен қайталанбас тұлғалардың бірегейі, дулығалы батыр, дауылпаз ақын Махамбеттің рухани мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіруді, ақынның жасын жырларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан Махамбет оқулары бүгінде дәстүрлі білім сайысы, өнер жарысы ретінде республикалық деңгейде төртінші рет өткізілуде. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деген Махамбеттің ұлы арманы – елдің кешегісімен, бүгінімен, ертеңгі болашағымен астасқан асыл мұрат. Соны жүрегімен терең бойлап ұғыну, біртуар биік тұлғаның асылдығын, батырлығын бағалай білу — бүгінгі жас өскіннің міндеті».
Биылғы Махамбет оқуларының ерекшелігі — сайысқа қатысушы оқушыларға Махамбет өлеңдерімен қатар, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Фариза Оңғарсынова сынды біртуар ақындар шығармаларын жатқа оқу талабы қойылды. Байқау туы сахна төрінен орын алғаннан кейін еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген өнерпаздар шеруі өтті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп төрағалық еткен қазылар алқасы қатысушылардың өнерін үш кезең бойынша сарапқа салды. Алғашқы кезең – «Ел құтқарар ер едім», Махамбет өлеңдерін жатқа оқушылар сайысы. Жоғарыда атап өткеніміздей, Махамбетпен қоса Мұрат, Шернияз, Фариза ақындардың үш жүзге жуық өлеңін жатқа білетін, қай жерінен тоқтатып сұрасаң да, мүдірмей жауап беретін Қарағанды қаласындағы №61 орта мектептің 10-сынып оқушысы Еркебаева Оразгүл бас бәйгені қанжығасына байлады.
Жалпы байқау қорытындысымен бір ғана бас жүлде тағайындалған. Ал бірінші орынды Ақтөбе қаласы №21 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әлім Аяпберген иемденді. Екінші орынның тұғырынан Атырау облысы Қызылқоға ауданы Кенбай орта мектебінен қатысқан Ақжол Жәрдем мен Алматы облысы Ақсу ауданынан келген Мадина Мұсалар көрінді. Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Қуандық Закенов пен қызылордалық Алмас Аппазов, алматылық Үркер Үкматовтар жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды.
Махамбет тек ақын ғана емес, дүлдүл домбырашы да болған. Сайыстың екінші бөлімі «Ұлы арман» деп аталды. Мұнда оқушылар Махамбет күйлері мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерді орындаудан сынға түсті. Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Мұратбек Раманқұлов Махамбет күйлерін шебер орындауымен ерекшеленіп, бірінші орынды иеленді. Екінші жүлде Қарағанды облысының атынан келген Фархад Жакешов пен Шығыс Қазақстан облысының намысын қолдан бермеген, болашағынан үлкен үміт күттіретін күйші екенін аңғартқан Дастан Казкеновтердің еншісіне тиді. Маңғыстаулық Қадір Елеусін, қостанайлық Есбол Насырқожа, алматылық Марғұлан Болатқа үшінші орынның жүлдесі табысталды.
«Тартынбай сөйлер асылмын» деп аталған байқаудың үшінші кезеңінде оқушылар шығармашылығы сарапқа түсті. Бұл сында Алматы қаласынан келген Ғаламат Бейсеқожаевтың өнері ерекше көрінді. Ол «Махамбет» атты күй шығарыпты. Өз күйін домбыраның қоңыр үнімен көрерменге жеткізе білген Ғаламат бірінші орынға лайық деп танылды. Алматылықтар — Әлішер Қабдолданов пен Шалқар Ұзақ екінші орынды бөлісті. Ал үшінші жүлде Маңғыстау аймағының атын аспандатқан Аслан Қуанышұлына, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Байболат Құлтановқа бұйырды. Тағы да біраз оқушылар ынталандыру сыйлықтары мен сертификаттар иеленді. Бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шара барысында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының оқушылары концерттік бағдарлама мен жыр-композиция ұсынды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев байқау қорытындысы жария етілген жабылу салтанатында барлық қатысушыларға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына, осындай мағыналы да мәнді шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген ҚР Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Роза Батталға ақжарма алғысын арнады.
Махамбет оқуларының екінші күні батыр атындағы ауданда жалғасын тапты. Мұнда қатысушылар Сарайшық мемориалды кешенін, Махамбет аудандық өлкетану мұражайын аралап, Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте кездесу өткізді.
Уақыт озады. Құдіретті өнер ғана тозбақ емес. Қанша ғасыр алмасса да, тат баспай, қын түбіндегі алмас қылыштай жарқырай беретін қасиетті өнердің шырағын жаққан жас өскін Махамбеттей арқалы ақын, баталы батырдың өнегесімен өссе, жалынды, жігерлі азаматтар болып қалыптасары хақ. Республикалық Махамбет оқуларынан осыны түйдік.

Бақытгүл БАБАШ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button