Жарнама
Қоғам

ТАРИХТА ҚАЛАР ТӨРЕЛІ СӨЗ

 

Тәуелсіздік алғалы бері талай рет айтылып, талқыға салынған, қызу пікірталастар мен ұсыныстарды бастан кешірген тіл мен дін мәселесіне Елбасы өз сұхбатында жан-жақты тоқталып, осы тұрғыдағы көзқарасын «тайға таңба басқандай» етіп жеткізді. Діни экстремизм мен жалған наным-сенім негізінде туындап жатқан лаңкестік оқиғалары белең алған заманда шынайы дінді жалған діннен айыра білу аса маңызды. Азаматтарымызды тура жолдан тайдырып, халыққа зиянын тигізіп жүрген діни ағымдардан сақтану үшін сауаттылықты арттырып, қайырымды іс-әрекетке, шынайылыққа негізделген, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан, салт-дәстүрімізбен үндескен тура жолдан адаспауымыз қажет. «…Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек» деген Елбасының парасатты пікірі әрбір адамды адамгершілік пен азаматшылдыққа шақырады, сыртын ғана жылтыратып қоймай, сөзі мен ісінің бір жерден, адалдық төрінен шығуына үндейді.

Мемлекеттік тілдің өзекті мәселесі төңірегіндегі пікірталастар да толастар емес. Кеңес үкіметі кезінде шұбарланып, тарихи тілімізден енді айырыламыз-ау деген кезеңде еліміз егемендік алып, ана тіліміз аман қалды. Мемлекеттік тіл дәрежесі беріліп, заңмен бекітілді. Содан бері қарай мемлекеттік тілді дамыту мақсатында талай іргелі істер жасалынып, түрлі жобалар жүзеге асты.

Мемлекет басшысы да өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесін қозғап, осы орайда түрлі тапсырмалар беріп жатады. Ұлытау төріндегі сұхбатында да Елбасы осы түйткілді мәселеден айналып өте алмады. Қазақ тілінің қазіргі жағдайына тоқтала отырып, «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады. Қай-қайдағыны, ақырзаманды басқа орнатпай, «Тіл туралы» Заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» деген кесімді ой арқылы тілдің қолданылу аясын кеңейту тек өзімізге ғана байланысты екенін жеткізді. Сонымен қатар, тек қазақ тілінде сөйлейміз деп, Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан басқа халықтардың тілдік мәдениетін кемсітпеуіміз қажет.

Біз көп ұлтты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да, Елбасы қолдаған толеранттылық, басқаша айтсақ, өзіңдікін бағалай отырып, өзгелерге құрметпен қарау – мемлекет тұтастығының, халық бірлігінің негізі. Халқы тату елдің тамыры терең болады, тарауы кең болады. Шекарасы берік, экономикасы мығым болады. Ал, экономикасы дамыған елдің халқы салауатты, тұрмысы салтанатты болады.

Тәуелсіздік алып, нарық талаптарын қабылдағаннан бері қарай Қазақстан экономикасын жаңа жолға қойып, жүйелі дамыту бағытына көшті. «Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі шешілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды» дейді өз сұхбатында Елбасы. Ал, қазіргі жаһандану жағдайында, көптеген елдерде дағдарыс мәселесі толықтай шешілмеген кезеңде ел экономикасын үдемелі түрде алға дамыту мақсатында Қазақстан инновациялық даму жолын таңдады.

Инновациялық экономика – мемлекет дамуындағы ең басты бағыттардың және міндетті шарттардың бірі. Өндірістен бастап, білім беру жүйесіне дейінгі барлық салаға жаңа идеялар мен тың бастамалар енгізіп, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдау, тағы басқа шаралар ел экономикасын бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу мақсатында жүргізіліп отыр. Бәсекеге қабілетті озат 30 елдің қатарына енеміз деп алдымызға ірі мақсат қойып отырған кезеңде ел экономикасын осы талапқа сай бағытта дамыту қазіргі қоғамда, әсіресе, жас буын арасында үлкен қолдау табуда. Себебі, жастар әрдайым жаңалыққа, ерекше идеялар мен жаңа технологияларға жақын болып келеді.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі жастардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады. Сондықтан да, білім жүйесіне инновациялық технологиялар мен жаңа бағдарламалар енгізіліп, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Заманына қарай адамы. Әлемде жаһандық үдерістердің өріс алуы, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ құруы, Біріккен сауда ұйымына кіру мақсаты – осының барлығы біздің қоғамымыздың заман көшінен қалмай, алға қарай дамып келе жатқандығының, озық елдер қатарынан көрінуге деген ұмтылысының айқын көрінісі. Осы жағдай дүниелік көзқарасы қалыптасқан, әлемдік оқиғаларға айтар өзіндік ой-пікірі бар қазақстандық жастарды шетелдік қатарластарынан қалыспай, соларға сай болуға итермелейді, бәсекеге түсе алатындай деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Ол үшін, ең алдымен, үш тұғырлы тілді меңгеру, әсіресе, дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданатын ағылшын тілін еркін меңгеру қажет. Елбасымыз да өз сұхбатында осы мәселеге тоқталып өтті. «Ол (ағылшын тілі) – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі… Оны білмесең, өркендеп өсуіңе жол ашпайсың, болашағыңа балта шабасың. Сондықтан, біз мемлекетімізді алға сүйреп, экономикасын көтеріп, өркендеп-өсіп, озық отыз елдің қатарына қосыламыз деп отырғанда, халқымыз, жастарымыз ағылшын тілін білмесе, қалай болады?» деген пікір кез келген жастың тілді үйренуіне, сол арқылы озық елдердің ілімін меңгеруіне үлкен себепкер болатыны анық.

«Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, бірінші кезекте, оның білімділік деңгейімен анықталады» дейді Елбасымыз. Білімді жастар – бәсекеге қабілетті жастар. Бәсекеге қабілетті жастар – Қазақстанның әлемдік аренада өз орнын иеленіп, экономикасы дамыған елдер қатарына енуін жүзеге асыратын жасампаз тұлғалар. Ал, осындай азаматтары бар қоғамның іргесі ешқашан сөгілмейді, бақ-берекесі кемімейді.

 

Қорыта айтар болсақ, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбаты Қазақстанның әрбір тұрғынына ой салатын, алға қарай дамып, озуына түрткі болатын толғақты ой, толымды тұжырымға толы тарихи сөз болды. Оны оқыған адам санасын мазалаған сансыз сұрақтарына тұшымды жауап алады деп сенемін.

Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ,

Атырау мұнай және газ институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button