ТАРИХИ ТАМЫРҒА ҚАЙТА ОРАЛУ
Орхон-Енисейден басталған шежіре
Халқымыздың ғылым-білімінің этнография саласындағы рухани мұралары ұшан-теңіз. Оның ілкі сілемі сонау Орхон-Енисей ежелгі түркі жазбаларынан (VI-VIIIғ.ғ.) басталып, Қазан төңкерісіне дейінгі 14 ғасырлық ұзақ мерзімді қамтиды. Бұл жерде ірі-ірі бел-белестерді ғана атап өтетін болсақ, алдымен айтарымыз кезінде Шығыс Аристотелі атанған, қазақ жерінен шыққан энциклопедист-ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби (х.ғ.), Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Асанқайғы, Шалкиіз, Бұхар жыраулардың, хан-сұлтан, билеріміздің аталмыш мәселеге қосқан үлестері де өз алдына бір төбе.
1724 жылы I Петр бұйрығы бойынша Петербург Ғылым академиясы құрылды. Жаңа құрылған академия алғашқы жылдардан бастап ғылымның көптеген салаларына байланысты күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыда шешуді мақсат етті. Олардың бірі – Ресеймен көрші елдердің жер-суын, табиғи байлығын, халықтың тұрмысы мен мәдениетін жан-жақты зерттеу болатын. Қазақстан этнографиясының ғылыми зерттелуі де осы академияның құрылуынан басталады.
Қазақ жері туралы мәліметті Ресей Ғылым академиясының Ресей жерін географиялық және этнографиялық тұрғыда зерттеу үшін 1733-1743 жылдары арнайы ұйымдастырған бірінші академиялық экспедициясы біршама толықтыра түсті. Экспедиция мүшелері Г.Ф.Миллер, П.И.Рычков – қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін этнографиялық тұрғыда терең зерттеген ғалымдар. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, шығу тегі жайында да орынды пікірлер айтты. Ресей ғылым академиясының тұңғыш корреспондент мүшесі, Орынбор экспедициясының тұрақты қызметкері, Орынбор өлкесінің тұңғыш тарихшысы және Ломоносовы аталған П.И.Рычков кіші жүздегі қазақ даласын талмай зерттеп «Орынбор топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектер жазды. Бұл кітаптарда қазақ тарихы мен оның шығу тегі, үш жүзге, көптеген рулар мен тайпаларға бөліну жүйесі, тағы басқа этнографиялық сипаттамалар, нақты деректер кездеседі.
Қазақ елінің рухани өрлеуі жолында
XX ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқының жарқын болашағы, оның тәуелсіздігі мен бостандығы, рухани өрлеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда шыбын жанын пида еткен аса көрнекті ғұлама, қоғамдық қайраткерлер қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, рухани-мәдени дамудың жаңа кезеңі қазақ ренессансының (қайта өрлеу) іргесін қалағандар – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б. еді. Осынау біртуар жандардың қазақ өмірін жетік біліп, ғылымдар саласына сіңірген тәлім-тәрбиелік, этнографиялық халықтану еңбектері ерекше. Әсіресе, жан-жақты ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтің көп қырлы ғылыми еңбектерінің көрнекті бір саласы – этнография, этнология немесе халықтану мәселесі. Осы мәселенің бұрын-соңды қалай зерттелгендігін әр кездегі әдебиеттерге көз жүгіртіп, ізденімпаздықта қазақ халқының дәстүр-салтының өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударып, өзінің жазба деректерін қалдырды.
Қазан төңкерісінен кейін Ғылым академиясы Россия халықтарының этнографиялық картасын жасау мақсатымен арнайы комиссия құрды. Қазақстан бойынша комиссия жұмысына академик В.В.Бартольд басшылық етті. Комиссия мүшелерінің көп жылдар бойы жүргізген жұмысының нәтижесінде 1928 жылы «Қазақ АССР-ның этнографиялық картасы» жасалды.
1926 жылы КСРО Ғылым академиясында кеңестік шығыс халықтарының ұлттық мәдениетін зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның негізгі мақсаты жергілікті халықтардан этнограф ғалымдар дайындаумен бірге олардың тұрмысы мен мәдениетін зерттеу болды. Бұрынғы орыстың географиялық қоғамның әртүрлі бөлімшелерінің негізінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше жергілікті өлкетану қоғамдары құрылды. Қазақ АССР үкіметінің сұрауымен 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясы академик А.Е.Ферманның басшылығымен Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін кешенді экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедиция бірнеше отрядтардан тұрды. Оның бірі – антропологиялық отряд профессор С.И.Руденконың басшылығымен Қазақстанның батысында, әсіресе бұрынғы Маңғыстау, Гурьев облыстарының территориясында 1926 жылы зерттеу жұмысын жүргізіп, қазақтың этникалық тарихы, шаруашылығы, материалдық және рухани мәдениеті, қолөнері мен үй кәсібі жайында қыруар деректер жинады. Сол деректер негізінде 1927-1930 жылдары бірнеше ғылыми еңбектер шығарды. Олардың қазақ этнографиясының тарихындағы алатын орны өзгеше.
1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Оның мақсаты Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болатын. 1936 жылы академиялық базада аспирантура ашылды. 1938 жылы қазақстандық академия базасы КСРО Ғылым академиясының Қазақ ССР филиалына, 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да, оның құрамында тарих, археология және этнография институты ашылды. Этнографиялық зерттеулер енді негізінен осы институттағы этнография бөлімінің үлесіне тиді.
Алғашқы жылдарда қазақ этнографиясының бүкіл Қазақстан жерінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болмады.
Сондықтан, КСРО Ғылым академиясының Миклухо-Маклай атындағы этнография институты Қазақ академиясына ғылыми кадрлар даярлауда, этнографиялық экспедициялар ұйымдастыруда көп көмек жасады.
Халық мұрасы қалай сақталып отыр?
Ал, қазіргі Қазақстанның өз алдына егеменді ел болған күнінде қазақ этнографиясының басы қосылып, өз алдына жеке ғылыми-зерттеу бөлімі дәрежесіне жетті. Қазақ өмірі туралы сан алуан көлемді этнографиялық еңбектер шығарылып, диссертациялар қорғалуда. Атақты этнограф ғалымдар академик Ә.Марғұлан, профессорлар Халел Арғынбаев пен Марат Мұқановтың ғылыми дәстүрін жалғастырушы шәкірттері өсіп-жетілуде. Олар Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, этнология және антропология бөлімі меңгерушісі, профессор С.Әжіғали, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.Артықбаев, ҚазМҰУ-нің профессорлары У.Шалекенов, Ә.Төлеубаев, А.Калыш, Қарағанды университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Артықбаев, ҚазМҰУ-дың археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Төлеубаев шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстан этнографиясын дамытуға өздерінің үлестерін қосуда.
Империялық өктем саясаттан арылған шақта, рухани-мәдени өміріміздің айнасы боларлықтай айғақтарды қайтадан өз халқымыздың күш-қуатынан іздеуіміз заңды. Ал, ондай күш-қуаттың қайнар көзі – халқымыздың рухани мәдениеті екені даусыз. Өкінішке орай, науқандық идеологияның шашбауын көтеріп, мәдени мұралардың бары мен жоғын тұтас игеруден гөрі, алалап жинау, біржақты бағалау күні кешеге дейін орын алып келгені мәлім. Сондықтан, халық мұрасын толық жинау әдісі қазақ даласында Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» деп жариялауынан басталды да, 2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылымен» жалғасты. «Мәдени мұра» бағдарламасының тарих ғылымына, оның этнология саласына салған олжасы мол болды, тарихи-этнологиялық аса құнды деректер жиналды, көптеген еңбектер жарық көрді. Мұнда Қазақстанның көп ұлтты мәдениетін жаңғырту, сақтау және өркендету мақсаты қойылды.
Батыс аймақ – қазына қоймасы
Қазақстан Республикасының батыс аймағы – еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған қазына қоймасы, газ бен мұнайдың және балық, мал шаруашылығының ғана өлкесі емес, сонымен бірге ол ежелгі заманның сан алуан сырларын аша беретін, қала берді онда мекендейтін қазіргі қазақ халқының көне мәдениеті мен тұрмысының түпнұсқалары туралы дерегі мол, көне мекендерге жатады.
Батыс Қазақстан аймағы, оның халқының тыныс-тіршілігі мен географиялық көрінісі (ландшафтысы) тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеу объектісі болып тұрғандығы бізді қызықтырады. Сондықтан, бұл өлкенің ұлттық тарихы мен этнологиялық мәселелері жоспарлы түрде зерттеуді қажет етеді. Бұл өлкені тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеуге қызығушылық өткен ғасырлардың өзінде батыс елдерінің, Ресейдің зерттеушілерінен басталған.
Қазақ халқының аса бай тілі, тамаша қолөнері, үлгілі тәрбиелік тәлімі, сирек тарихи-этнографиялық ескерткіштері талай шетел зерттеуші ғалымдарын таңдандырған. Ұлт өнерінің жиынтығы және оның көрсеткіші қазақ киіз үйі өзіміздің және әлем мұражайларының төрінде тұр. Ағаштан, теріден, жүннен, сүйек, мүйізден қарапайым әдістермен жасалған біздің мәдени мұраларымызды басқа да жерлерден, елдерден табуға, көруге болады.
«Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін қастерлейді. Тарих, этнография, фольклор, тіл – халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы айнасы» екендігін академик М.Қозыбаев жазып кеткен екен.
Түйіп айтқанда
Сондықтан, тарих ғылымының маңызды бір саласы этнография (этнология) ғылымының ғылыми-тәрбиелік негіздеріне сай халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін зерттеп, халық арасына насихаттау арқылы жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін пайдалануымыз керек.
Үркінбай Қыдыралин, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, этнограф.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында әлемдік озық мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан шоқ жұлдыздар: Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар перзенттердің халқымыздың өзіндік ерекшелікке толы жан жүйесі, этнологиясы жайлы толғаныс-тебіреністерінің алатын орны ерекше.