ТАРИХ ТАРАЗЫЛАҒАН ҒҰМЫРБАЯН
Кітаптағы ерекше атап өтер тұс – Бас қаланың салынуы туралы пікірі. Елбасының қаланы салуда жауапкершілікті жеке өзі алып, басын бәйгеге тіккендігіне еріксіз куә боласыз. Елбасымызға Астананы ауыстыруға шешім алу оңай болмағандығын «Осы шешім арқылы өмір бойы жинаған абырой-беделімнің бәрін бәйгеге тігетінімді анық ұқтым»,-деген сөзінен байқауға болады (560 бет).
Елбасының Астана қаласының салынуына ерекше тоқталуы, келешек ұрпақ үшін тәуелсіздіктің бастауларындағы бірден-бір тарихи дерек көзі болып қалары сөзсіз. Себебі, Елорданың салынуы туралы әртүрлі архитектуралық сызба құжаттары мұрағат қорларында болғанымен, жас жеткіншектер санасында кітапты оқи отырып қаланың Бас сәулетшісі –Елбасының берген сұхбаты арқылы сақталып қаларына сенімдіміз.
Барша халқымыз үшін ұлтымыздың ғажайып мақтанышына айналған «Ақорда», «Астана-опера театры» «Хан шатыры», «Астана-арена», Сыртқы істер, Қорғаныс министрліктерінің ғимараттары, «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешені нысандары үшінші мыңжылдықтар архитектурасының үлгілері екендігін ерекше атап өтеді. Бүгінгі Астана – мәдениет пен өнердің, қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың үлгісі.
Сондықтан да, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің Елордада өтетіндігі – бүкіл әлемдік дәрежеде шоқтығының биік екендігінің бірден-бір дәлелі.
Елбасы өзінің арман-тілегіне айналған қалаға кезінде:
Күн тұрғанша тұратын,
Жұрты сайран құратын,
Қала болсын Астана
Осы менің Мұратым!
О, Ақорда – Ақ шатыр,
Ұлысыма бақ шақыр
Баянды болсын Азаттық
Осы менің Мақсатым! – деп жыр жолдарын арнаған болатын.
Мәңгілік Елдің Елордасы, мемлекетіміздің мәртебесі, еліміздің жасампаз келбеті – Астана. Алтын қазықтай мәңгілік, іргесі берік, шаңырағы биік Ақордамыз көркейе беретіндігін және Елбасының ерекше назарында болатындығын кітаптағы сұхбаттан анық ұғынып, кеудемізді мақтаныш сезім кернейді.
Бұл кітап – еліміздің жарқын болашағын қалайтын, туған жерімізді аялайтын және қорғайтын жас қазақстандықтарға арналған туынды. Тағылымы мол, Елбасының 75 жасымен символикалық сәйкес келген және Астана күніне айтулы сыйлық ретіндегі сұхбат-кітаптың жарық көруіне мұрындық болған көрнекті журналист, Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі сенімді серіктерінің бірі, университетіміздің Құрметті профессоры Сауытбек Әбдірахмановтың еңбегін де атап өтеміз.
Бейбіт МАМРАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.