Жарнама
Қоғам

Тарихтың ақтаңдақ беттері ұмытылмайды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық – халқымыздың трагедияға толы, тарихтағы қасіретті кезең. Осынау солақай саясаттың құрбаны болған қуғынсүргін құрбандарын ақтау бойынша бүгінде елде жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Атырау өңірінде де арнайы жұмыс топтары құрылып, бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу шаралары жандануда.

Тарихшылар өткенге үңілген сайын жаңа ақпаратқа қол жеткізіп, анықталмаған жайттардың көп екенін растайды. Жасанды зауалдан жазықсыз жапа шеккендерді ақтап, тарихи əділдікті қалпына келтіру қажет. Олардың адал жəне игі есімдері халық пен ұрпақтарына қайтарылса игі. Атырау облысы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен сейсенбіде өткен саяси қуғынсүргін жəне ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты ғылыми-тəжірибелік конференцияның негізгі мақсаты да осы болды

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗОБАЛАҢЫ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұйымдастырылған шараға ардагерлер, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, университет ғалымдары, өлкетанушылар, магистранттар, Атырау облысы ҚХА мүшелері қатысты. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен университет ректоры Саламат Идрисов модераторлық етті.

– Қазақстандағы саяси репрессияның кең ауқымда болғаны және орасан зор халық шығынына әкеліп соқтырғаны белгілі. Бірнеше рет ақтау шаралары жүргізілгенімен, әлі де бұл тақырыпты терең зерттеген жөн. Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың бұл салаға басым көңіл бөлуінің нәтижесінде қырғын саясатын анықтауда мемлекеттік комиссиялар құрылды. Өйткені, миллиондаған адамдар әлі ақталған жоқ. Ал, олардың аты, өмірі, ісі ақтаңдақ болып біздің алдымызда тұр. Қазақстанның аумағында түгелге жуық тұтқындар лагері болған. Мысалы, Қарағанды облысындағы жер көлемі үлкен Осакаров ауданында негізінен лагерлер орналасқан. «КарЛаг», «АЛЖИР»-ді де ұмытуға болмайды. 20 мың тұтқын әйелдің жартысы түрмеден шыққаннан кейін Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарында қалып қойған. Бұл да бір ұлттық қозғалыстың сипаты. Осының барлығы тереңірек зерттелуі қажет. Бүгін басталмаған нәрсе ертең жалғасын таппайды. Сондықтан, қазір тарихшы ғалымдар осы істің негізгі бастамашысы, қолдаушысы болу керек, — деді Мұрат Сақтайұлы.

Атырау облысы мемлекеттік архивінде әлі жарияланбаған, зерттелмеген құжаттар көп. Соның бірі – Атырау өңіріндегі байлар, кулактар, жартылай феодалдар туралы тың деректер. Мәселен, 1928 жылғы 30 қыркүйектегі өлкелік комиссия бекіткен Гурьев уезіндегі байларды тәркілеу және қоныс аударуға жататын тізіммен бірге, облыста тәркілеуге ұшыраған жергілікті дәулеттілермен қатар, Қазақстанның басқа округтерінен Гурьев облысына жер аударылғандардың тізімі де бар.

– Гурьев округінен тәркілеуге ұшырағандардың саны көп. Осы науқан қарсаңында Гурьевтен Петропавлге, Ақмоладан Гурьевке жер аудару туралы қаулыға сәйкес Ақмола округінен Гурьевке 15 бай жер аударылған. Қазір олардың ұрпақтарын іздестіріп, т ағдырларының одан әрі қа лай қалыптасқаны жөніндегі зерттеуді бастап кеттік. Атап айтқанда, Ысқақ Доғалақов сол кездегі қатыгез өкіметтің іс-әрекетінен жапа шегіп, аштыққа ұшыраған. 13 ұрпақтан 2 адам қалған, Ақмола өңірінде Сағалық, Доғалақ деген екі ағайынды азамат өмір сүреді. Осындай босқыншылыққа ұшырап, ауа көшкен отбасылардың моральдік тұрғыдан да, материалдық жағынан да қаншалықты жапа шеккенін көруге болады, — деді тарих ғылымдарының докторы Жәмиға Таңатарова.

Конференция барысында саяси құрбандардың ұрпақтары ретінде Қамза Ғабдолла, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев, Ғилымғали Қаһарманұлы сөз сөйледі. Зерттеуші, тарихшылар әсерлі баяндамаларын оқып, зұлмат жылдардың көрінісін қатысушылардың көз алдына елестетті.

Жиын соңында жас буынға тәлімтәрбие беріп, ғылыми-педагогикалық жұмыспен қатар, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін бірқатар азамат Ардагерлер кеңесі атынан «Атырау облысының құрметті ардагері» және «Тәлімгер» төсбелгілерімен марапатталды.

ӘР ТАҒДЫР – ЖЕКЕ ТАРИХ

Зұлматты жылдардағы жазықсыз жапа шеккендердің әрқайсысының тағдыры әрине, дербес тарих… Олардың жазықсыз екенін зерттеп, дәлелдеу енді күн тәртбінен түспейді. Осынау мақсатмүддені көздеген мәселе осы оқу орнында «Халық жадында қалған қасіретті жылдар» тақырыбында сәрсенбі күні өткен «дөңгелек үстелде» де талқыланды. Облыстық ішкі саясат басқармасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Атырау облысы мемлекеттік архиві және саяси қуғынсүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы бірлесе ұйымдастырған басқосуға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты.

– Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Кеңестік тоталитарлық жүйе адамдарды мүлдем аяған жоқ. Жазықсыз сәбилер мен аналардың қайғысын есепке алмады. Миллиондаған адам саяси жүйенің қаһарына ұшырады. Бұл қасіретті жылдарды ешқашан ұмытуға болмайды. Ертеңіміздің межесін белгілеу үшін өткеннің тарихи сипатын сараптап алған ләзім, — деді Марат Мурзиев.

Басқосуда қуғын-сүргін жылдарында халықтың басынан өткен қиын тағдырлар – тергеусіз атылғандар, шаруаларға қарсы күшпен ұжымдастыру, басқа да саяси науқандар туралы кеңінен айтылды. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан болған зардаптар, халқымыздың ұлт ретінде жойылып кетуі қаупін төндіргені рас. Атырау өңірі де зор зардап шеккен, тұрғындар тек аман қалу үшін көрші елдерге бас сауғалап кетуге мәжбүр болған. Бұл жөнінде облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Раиса Тастемірова баяндады.

– Архив құжаттарын ақтарсаңыз, «Ашаршылықтан шаруалардың көңіл-күйі өте нашар. Губерниядағы қиын жағдайларға байланысты контрреволюциялық үгіт күшейді. Елде бандитизмнің өршуі саяси жағдайға ұласып, «Орал қаласы соғыс жағдайында», «Гурьев уезі қоршау жағдайында» деп жарияланды. Аштық күшейді. Ашыққандар малды құртып, ит, мысықты тамаққа пайдалануда. Қабірлерден мәйіттерді қазып алу фактілері орын алған. Іш сүзегі және қайталанатын қызба эпидемиялары күшейді. Медициналық кадрлардың, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен аурудың алдын-алу шаралары әлсіз» деген мәліметтер бар, — деді Раиса Кенжеғұлқызы.

Тарих ғылымдарының докторы Ле сқали Бердіғожин Атырау аумағындағы халық қозғалыстары туралы тың архивтік деректерді келтірсе, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимов Атырау облысы бойынша «Халықтық жады» кітабының материалдары туралы айтты. Өңірлік комиссияның мүшелері Жұмазия Жұмабаева, Серік Қуаныш, Ұлжан Ахметованың баяндамалары да тыңдалды. Тарих ғылымдарының кандидаты Гүлфайруз Қайырғалиева өңірлік комиссияның жасаған жұмыстары нәтижесінде былтыр шығарылған кітаптарды таныстырды. Сондай-ақ, осы жиын үстінде тарих ғылымдарының кандидаты Жұмазия Жұмабаеваның монографиясының тұсауы кесілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button