
Тарихи сана мен ұлттық мұра – басты құндылық
*18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
«AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай арнайы кездесу өтті. Бұл күн алғаш рет 1984 жылы атап өтілді және оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын.
– Бұл күннің еліміздің тарихында алар орны ерекше. Қазақстанда 25 мыңнан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар. Оның ішінде 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде, 12 мыңнан аса ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. Осы халықтың бай қазынасы – тамыры терең тарихымыз бен ұлы өркениетіміздің символы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраларды қорғау, дәріптеу арқылы тарихи сана-сезімді жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді.
Мәдени мұраларды қорғау, рухани құндылықтарды насихаттау – партияның тұғырнамасы мен Сайлауалды бағдарламасында негізгі басымдық ретінде көрсетілген, — деген «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» аймақтық кеңесінің төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Рафик Сәрсенов Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Ұлттық мұра», «Кітап-AMANAT» және «Таза Қазақстан» жобалары аясында бірқатар партиялық іс-шара жоспарланғанын да атап өтті.
Іс-шараға Х.Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы Сайполла Сапанов және Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің студенттері мен ұстаздары қатысты.

«Тарихи ескерткіштер – ұлттың жады. Оларды сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз» деген профессор Сайполла Сапанов өз баяндамасында тарихи мұраларды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Студенттер мен ұстаздар тарихи мұраларды сақтау жөніндегі өз ойларымен бөлісті. Көпшілік мұндай шаралардың жастардың патриоттық сезімін оятудағы рөлін жоғары бағалады.
Өңірде тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу жұмыстары жалғасуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өлке тарихына қатысты тың беттер ашылып, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Осы бағыттағы археологиялық, этнографиялық және эпиграфиялық зерттеулерге «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Қазақстанның киелі жерлері» және «Архив – 2025» сынды мемлекеттік бағдарламалар негіз болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қатысуымен жыл сайын өтетін Ұлттық құрылтай барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға қатысты нақты тапсырмалар берілуде. Мәселен, өткен жылы өңірдеөткен құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сарайшық қаласы бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Бұл қала Батыс пен Шығысты байланыстыратын экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасқа зор ықпал етті. Қазақтың атақты хандары осы жерде орда тігіп, ел басқарған. Кейбірі мәңгілік мекенін де осы жерден тапқан. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан да осында жерленген. Сарайшық – ұлттық шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», — деп атап өткен болатын.
Ал биылғы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұрамызды XXI ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеу қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті.
Тақырып тұздық
Қазір Атырау облысы бойынша 317 тарихи және мәдениет ескерткіші тіркелген. Оның ішінде 313 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында мемлекеттік тізімге енгізілген. Бұл нысандар археологиялық ескерткіштер (171), ансамбльдер (64), монументтік өнер құрылыстары (47), қала құрылысы және сәулет нысандары (21), киелі объектілер (10) болып бес түрлі санатқа жіктеледі.
Айта кетелік, Атырау қаласында – 23, Жылыой ауданында – 69, Индер ауданында – 35, Исатай ауданында – 8, Құрманғазы ауданында – 42, Қызылқоға ауданында – 98, Мақат ауданында – 9, Махамбет ауданында 29 нысан тіркелген.
Сонымен қатар облыста республикалық маңызы бар төрт ескерткіш бар. Олар: Атырау қаласындағы Тұрғын үй қалашығы ансамблі (Жилгородок), оның ішінде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, су мұнарасы, Әуезов және Волгоград көшелеріндегі тарихи тұрғын үйлер, Жылыой ауданындағы Жұбан кесенесі, Индер ауданындағы Қараой жазығында жерленген Махамбет Өтемісұлының қорымы және ортағасырлық Сарайшық қалашығы.
Бүгінде 1000-нан астам нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Бұл тізім – зерттеуді және тиісті мәртебе беруді қажет ететін жаңадан анықталған тарихи нысандарды қамтиды.
Аталған нысандарды ресми тізімге енгізу үшін ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 36-бабына сәйкес тарихи-мәдени сараптама жүргізілуі тиіс. Осы мақсатта соңғы екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен 448 нысанға сараптама жасалып, оның 189-ы оң қорытынды алған. Бұл ескерткіштер 2024 жылдың желтоқсан айында Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысында мақұлданды. Мәселен, Атырау қаласының тарихи бөлігінде орналасқан бұрынғы көпестердің тұрғын үйлері де осы тізімге енген.
Жалпы алғанда, облыстағы ескерткіштердің сақталу жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Биыл да тарихи-мәдени сараптамалар жүргізілуі жоспарланған. Жоспарға сәйкес, 200 нысанға сараптама жүргізіледі.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ