Тау тұлға
1985 жылы 23 желтоқсанда өткен Гурьев облыстық партия комитетінің ХІ пленумында мұнайлы өңірдің І хатшылығына А.Құлыбаев, обком хатшысы болып М.Шайжүнісов сайланды.
Тәжірибелі басшы Асқар Құлыбаев обком бюросын араға апта салып шақырады. Бюрода Каспий аймағы мұнай-газ кешенін құру мәселесі сараланады. Арнайы қаулыға сәйкес, алдағы 1990 жылы «Теңізмұнайгаз», «Ембімұнай» өндірістік басқармалары Теңіз кенішінде мұнай, газ, күкіртті өндіруді жүзеге асыруы тиіс еді. КСРО басшылығының жоспары бойынша 1990 жылы Теңіз кенішінде 5 млн. тонна мұнай, 2,7 млрд. куб. метр газ және 0,77 млн. тонна күкірт өндірілуі қажет болатын.
КСРО шешіміне сәйкес, облыстағы барлық шаруашылық мекемелер осы бағытта тапсырма алады. Мәселен, 1986 жылдың бірінші жартыжылдығында «Теңізмұнайгазға» Құлсары-Теңіз техникалық су құбырын, Оңтүстік-Батыс мұнай құбырлары магистралдары Гурьев аумағындағы басшылығына Құлсары-Прорва ауыз су құбырын жүргізу, автожолдарды реттеу, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық және өзге де жұмыстар талқыға түседі. Бюро отырысында Теңіз кенішіндегі түрлі құрылыс және өндіріс нысандарының қосылуына жәрдемдесу мақсатында жаңа жұмысшы комиссиясы құрылады. Осы кезеңде кеніште 1985 жылғы 25 маусымда орын алған техногендік апат ауыздықталмаған еді. Теңіздегі №37 бұрғылау ұңғымасында 4367 метр тереңдіктен атмосфераға мұнай мен газ атқылап, биіктігі 300 метр, ені 50 метр болатын алып өрт әлем үшін үлкен сынаққа айналды. Эпицентрдегі температура Цельсий бойынша бір жарым мың градусқа жеткен-ді.
1986 жылдың басынан Теңіз кенішінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көктем мезгілінде Батыс Германиядан, Франциядан, Канададан, Венгриядан мамандар келе бастайды. КСРО Венгрия мен Чехословакиядан мердігерлік ұйымдарды да тартады. Осыған байланысты Қазақстан КП 1986 жылы 21 мамырда Құлсары мен Қаратонға келетін шетелдіктерді қабылдауды ұйымдастыруды А.Құлыбаевқа жүктейді. Көп ұзамай 9 шілдеде облыстық партия комитеті мен атқару комитеті бірлесе қаулы қабылдайды. Нәтижесінде Венгрия Республикасынан үш мың адам «Теңізмұнайгазға» келеді. Мұндай жағдайда облыс басшылығы жергілікті жастардың мұнай-газ саласына еңбекке орналасуын естен шығармады. Бұл мәселе 1987 жылы 5 қаңтарда Қазақ КСР ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған И.Тасмағамбетовке тапсырылады.
А.Құлыбаев облысты КСРО-да қайта құру саясаты, елдегі демократиялық өзгерістер тұсында басқарды. Осы кезеңде КОКП Орталық комитетінің 1985 жылғы 7 мамырдағы «Маскүнемдік пен алкоголизмді тыю жөніндегі шаралар туралы», 1986 жылғы 31 наурыздағы «КОКП Орталық комитетінің қоғамдық пайдалы жұмыстарға еңбекке қабілетті адамдарды тарту» қаулылары күшіне енеді. Нәтижесінде Гурьев қаласында, Балықшы, Индер, Махамбет, Новобогат, Қызылқоға аудандарында жұмыссыздар санының көбейгені анықталады. Қаулылар әсерімен облыста еңбексіз табысқа, алыпсатарлыққа, жатыпішерлікке қарсы күрес басталады. Осындай жағдайда Қазақстан КП Орталық комитеті 1986 жылғы 21 наурызда Қазақстанда тұратын неміс азаматтарына саяси-тәрбиелік жұмыстары туралы қаулысын қабылдайды. Көп ұзамай 1986 жылы 16 желтоқсанда республика басшысы Д.Қонаев зейнеткерлікке шығып, орнына Ресей Федерациясы Ульяновск обкомының І хатшысы Г.Колбин тағайындалады. Мұның барлығы КОКП Орталық комитетінің біржақты, терең талданбаған қадамдары болатын. Оның арты Желтоқсан оқиғасына ұласады.
Г.Колбин жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен мүлдем бейхабар болатын. Бірақ, М.Горбачевтың «қайта құру» ұранын іс жүзіне асыруға күш салады. Нәтижесінде 1987 жылы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмыстары туралы» қаулы қабылдап, Желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. Елдегі ахуал Мәскеу ұстанымымен саралана бастады. Соңында қаймағы бұзылмаған Қызылқоға, Новобогат, Махамбет аудандарында «орыс тілін тереңдетіп оқыту», оқу орындарына жіберілетін жастарды ұлтына және әлеуметтік жағдайына қарай бөлу басты назарға алынады. Жағдайды саралаған А.Құлыбаев: «Біздің есебімізше, облысымыздан оқитын Алматыдағы оқиғаға қатысқан 32 студент бар. Бұл арада бәрі маңызды. Оған әрбір басшы жеке жауапты болады» деп қорытады.
А.Құлыбаев өзі басқарған облыстың үш жылдық қорытындысын 1988 жылғы 9-10 желтоқсанда өткен Гурьев облыстық партия комитетінің ХХІV конференциясында талқылайды. Бұл кезеңде елде «Азық-түлік», «Тұрғын үй – 91», «Сапа», «Қол еңбегін кешенді механизациялау» бағдарламалары қолға алынғанды. Облыс басшысы облыста телефон станциялары қоры кеңейіп, Индер, Құлсары елді мекендерінде радио-телевизиялық станциялар іске қосылғанын, Мақатта оның құрылысы басталғанын, 700 км. жол жөнделіп, Жайық өзеніне жаңа көпір ашылғанын айта келе, Гурьев, аудан орталықтары мен совхоздардың жабдықталуының артта қалғанын, облыстағы академиялық және салалық ғылымның қанағаттанғысыз жұмыстарын, соның ішінде Теңіз кенішіне қатысты мұнайды күкірттен толық тазарту жолдарының зерттелмегенін, денсаулық сақтаудағы, әлеуметтік саладағы кемшіліктерді баса көрсетеді.
1989 жылы 16-19 маусымда кеңестік билікті шайқалтқан Жаңаөзен оқиғасы болады. Мұндай жағдайда облыстық басшылық ел тыныштығын сақтауға, оның тиісті қорытындыларын шығаруға күш салады. 1989 жылғы 21 маусымдағы ҚКП Орталық комитетінің қаулысы бойынша оны саралау А.Құлыбаевқа жүктеледі. Ол 1989 жылғы 10 тамызда өткен обком бюросында «Теңізмұнайгаз» өндірістік басқармасы бас инженерінің орынбасары Р.Шырдабаевты Жаңаөзен қаласының І хатшылығына ұсынады. Мұның өзі әлеуметтік шиеленіс кезінде Р.Шырдабаевтың іскерлігін мойындау болатын. Р.Шырдабаев Жаңа өзен мәселесін мұқият талдап, 1989 жылы 5 қазанда обкомның ІV пленумында баяндайды.
Жергілікті халық үшін ең бастысы әлеуметтік жағдай, жұмыс, тұрғын үй маңызды болатын. Р.Шырдабаев «Өзен, Тенге елді мекендеріндегі 9 мың адам 60-шы жылдардағы ескі тас үйлерде тұрады, олар орталық су, жылу, газ және радиобайланыспен қамтамасыз етілмеген. Мұнда жол, телефон да жоқ. Өзенде 5 мың адамға үй керек, 6 мың адам апатты үйлерде тұрады, 4,5 мың бала балабақша кезегінде тұр, 1 мыңнан аса жастар жұмыссыз» деп, жастарды мамандыққа дайындау, оларды жұмысқа орналастыру, тәрбиелеу мәселелеріне назар аударады.
Мұндай мәселелер Теңіз кенішінде де өз шешімін күтуде еді. Ол турасында Теңіз газ өңдеу заводы партия ұйымының хатшысы А.Козачков «Жергілікті жастарды сырттан келушілерге қарсы не итермелейді?» дей келе: «Теңізді игеру шешімі 1985 жылы қабылданды. Ал, мұнай өнеркәсібі министрлігі бұрынғысынша басқарады. Олар жергілікті жастардан маман дайындаудың орнына өзге аймақтардан келетін вахташыларға жағдай жасады. Білікті, білімді мамандар болса түсінікті, слесарь, токар, құрылысшыларды алыстан тасымалдау мүлдем түсініксіз. Маман дайындайтын қымбат уақыт зая кетті» деп өз ойын ашық білдіреді.
Әрине, облыста қордаланған жоғарыдағы күрделі әлеуметтік мәселелер бірден шешілмейтіні түсінікті еді. Десе де, А.Құлыбаев облыс алдына қойылған мемлекеттік тапсырмаларды орындауда үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. КСРО-дағы қайта құру, Теңіз кеніші, Желтоқсан, Жаңа Өзен оқиғалары, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу секілді маңызды мәселелер оның Гурьев облысын басқару кезеңіне бұйырды.
Асқар Құлыбаев басшылық қызметті өз өтінішімен босатты. Кейін республика мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы болып тағайындалады. Тәуелсіздік жылдарында ҚР Тұрғын үй және құрылыс министрі, ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Материалдық қорлар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы, ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне қарасты Тұрғын үй және құрылыс саясаты комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.