ТАМШЫДАЙ МЕЙІРІМ СЕПСЕК ДЕП…
— Қайырымдылық айлығында жергілікті атқарушы органдармен бірге демеушілердің көмектері де ұйымдастырылады. Қазіргі таңда облыста 50 мыңдай зейнеткер бар, — деді Б.Өтеғалиева. — Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде 114 қария мен мүгедек жан тұрып жатыр. Қарттар күні мерекесіне орай облыстағы өнер ұжымдарының, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасын ұйымдастырып, сонымен қатар, арнайы мерекелік дастархан жайдық. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен интернат үйінің әрбір тұрғынына мерекелік азық-түлік пакеті ұсынылды. Қазан айы бойы тұрғындарға бірқатар әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізуге жастар, студенттер, еріктілер де тартылуда.
Облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы осы мерекеге орай «Ашық есік күні» акциясын өткізді. Акция барысында дәрігер-терапевт, кардиолог, невропатолог, психолог, заңгер мамандар келушілерге ақысыз көмек көрсететін болады. Бұрын осындай акцияларда бірінші және екінші топтағы мүгедектерге ғана қызмет көрсетілетін болса, бұл жолы қарттар мен мүгедектердің барлығы білікті дәрігерлердің тегін кеңесін ала алады.
— Қаржылай көмектер де көрсетілетін шығар?
— Әрине, жергілікті бюджет есебінен барлық топтағы мүгедектерге және мүгедек балаларға бес мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Облыста мұндай көмекті 16,0 мыңға жуық мүгедек алатын болады.
Жалпы, жыл басынан бері 2466 мүгедек балаға жергілікті бюджеттен 12,3 млн. теңге тағайындалып, төленді. Қазіргі уақытта аталған әлеуметтік көмектерді төлеу одан әрі жалғасуда.
Жыл сайын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі өтуде. Бұл өңірлік конкурсқа жетім балаларға, мүгедектерге, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын азаматтарға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, жұмыссыз және жалғызбасты азаматтарға, қарт адамдарға, ардагерлер және басқа да қиын жағдайға тап болған жандарға әлеуметтік қолдауды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, мекемелер, ведомстволар, жеке тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады.
— Балдай Өтеғалиқызы, мүмкіндігі шектеулі жандар да еңбекке, қоғамдық істерге де белсенді араласып жүр, олардың қол жеткізген жетістіктері туралы не айтасыз?
— Облыста «Үздік әлеуметтік жобалар конкурсының» жеңімпазы болып мүмкіншілігі шектеулі балалар мен жастардан құралған «Өмір гүлі» ансамблі танылды. Жоба авторы – Тыныш Жакупова. Оның өзі де екінші топ мүгедегі. Бұл жоба ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтында «Үздік әлеуметтік жоба» айдарымен жарияланды. Қазір осы жобаға дауыс беру басталды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс тұрғындарын дауыс беруге шақырамын.
Қайырымдылық айлығын ойдағыдай өткізу үшін облыстағы барлық қала, аудандарда іс-шаралар жоспары жасақталды. Жергілікті әкімдіктерде қарттарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдау, мерекелік дастархан ұйымдастыру, сый-сияпат көрсету де жүзеге аспақшы.
Бұл айда, сонымен бірге, ауылшаруашылық өнімдерін, азық-түлік тауарларын төмендетілген бағамен беру, үй шаруашылықтарына көмек көрсету де ұйымдастырылатын болады. Махамбет ауданында жалғызілікті қарттардың үй шаруашылығына «Тимуршылар» командасының көмегі көрсетілсе, Жылыой ауданы бойынша «Тамшыдай мейірім» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың қолымен жасалған бұйымдардың қайырымдылық жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, ешкім де көзден таса қалмайды.
Әңгімелескен
Лиза СЕЙТІМОВА.