Жарнама
Қоғам

«Талшын» инклюзивті театрының тұсаукесер қойылымы өтті

Атырау қаласында «Жастар» мәдениет үйінің үлкен сахнасында «Талшын» инклюзивті театрының алғашқы қойылымы өтті. Әлімбек Оразбековтың пьесасы негізінде қойылған «Бір түп алма ағашы» атты отбасылық драмасы көрерменге ұсынылды. Қойылым театр қонақтарының жүрегін тебірентіп, бірқатар ойға жетеледі.

Басты рөлдерді мүгедектігі бар адамдар сомдаған қойылымда отбасылық өмірдің қиындықтары мен қуаныштары туралы баяндалады. Жарақат алғанға дейін әртүрлі салада жұмыс істеген артистер үш ай бойы «Атырау жастары» театрының негізін қалаушы, режиссер Қайырлиева Гүлнұрдың жетекшілігімен қойылымға күн сайын дайындалды. Жасалған жұмыс өз нәтижесін беріп, театр қатысушылары кейіпкерлердің барлық эмоциясын шынайы жеткізе алды.
–Жол апатынан кейін менің өмірім төрт қабырғада өтеді деп ойладым. Бірақ «Біз де адамбыз» қорына келгеннен бастап өмірім күрт өзгерді. Апатқа дейін мен көлік жөндеу орталығында жұмыс істедім, сахнада өнер көрсетемін деп ешқашан ойламаппын. Бұл керемет тәжірибе болды. Біз осы қойылымда жанымызды салып жұмыс істедік, әрбір реквизитті өзіміздің үйімізден әкелдік. Біздің күш-жігеріміздің көрермендерге әсер еткенін көру – ең үлкен марапат. Бұл жоба маған біздің мүмкіндіктеріміз шексіз екенін көрсетті және біз бұл ойды басқаларға жеткізе алғанымыз үшін мақтанамын, – деп өз әсерімен бөлісті инклюзивті театрдың әртісі Жасұлан Қабдулов.
«Талшын» инклюзив театры «Біз де адамбыз» қорының қызметі аясында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жұмыс істейді. Қор мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және оларды қоғамға интеграциялауға бағытталған түрлі бастамаларды жүзеге асырады. Ұйымдастырушылар алғы сөзінде бұл театрдың алғашқы ауқымды іс-шарасы емес екенін атап өтті. Биыл наурыз айында ұжым концерт өткізді, ал маусымда театр қаланың бір саябағында ашық аспан астында тегін концерт қойды. Бұл іс-шаралар мүгедектігі бар әртістерге басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға, қоғамда көп уақыт өткізуге және еңбекпен оңалтуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде әртістер шығармашылықта ешқандай шектеулер жоқ екенін өз үлгісімен дәлелдеді», — деп атап өтті өз сөзінде ТШО компаниясының мүдделі тараптарымен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаева.

— Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімсіз болып көрінген арман бүгінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры командасының бастамасымен жүзеге асырылуда. Компания осындай бастамаларды қолдауға және барлығына тең мүмкіндіктер жасауға үлес қосқанына қуанышты. Бұл керемет спектакль болды. Қойылым өнерде шекара жоқ екенін және кез-келген адам, кез-келген қиындыққа қарамастан, үлкен жетістіктерге жете алатынын дәлелдейді. Біздің қаламызда инклюзивті идеяның қолдау тауып жатқанына өте қуаныштымын, – деді көрермендердің бірі Марияш Айбасова.

Айта кетейік, «Талшын» театры жыл басынан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде ол мүгедектігі бар адамдар үшін өзін-өзі көрсету және шығармашылық әлеуетін дамыту кеңістігіне айналды. Театр аясында актерлік шеберлік, шешендік өнер, вокал және хореография бойынша курстар тұрақты негізде өткізіледі.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button