Жарнама
Қоғам

Талаптыға жол ашық​

Әрбір адамның өмір жолы – дұрыс таңдалған мамандықтан басталады. Ал сол таңдаудың сәтті болуы – жас кезде берілген бағыт-бағдарға байланысты. Сондықтан болашаққа бейжай қарамайтын жас буынға жол сілтеп, өмірлік маңызды шешім қабылдауына түрткі болатын жобалардың маңызы зор.
​Осы ретте Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған «ISKER TALKS» кездесуі – жастарға бағдар беретін игі істің бірегей үлгісі. Ақжар-2 ауылындағы №44 орта мектеп-гимназиясының VIII–XI сынып оқушыларына арналған бұл шарада жастар түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жас мамандармен жүздесіп, болашақ мамандығын таңдауға бір қадам жақындады.
​Мұнай-газ, энергетика, IT сынды салаларда қызмет атқаратын «ҚазМұнайГаз, «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Karabatan Utility Solutions», «ҚазТрансОйл», Құмкөл** сияқты алпауыт компаниялардың өкілдері ашық сұхбат форматында өз тәжірибелерімен бөлісті. Энергетик, инженер, оператор, мұнайшы, IT-маман сынды нақты кәсіп иелері еңбек нарығындағы сұраныс пен бүгінгі беталыс туралы кеңінен әңгімеледі.

05f4d0b6 85ca 4b87 a28a 187164ae3738

Кездесуді жүргізген қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Сағидоллаева жастар үшін мүмкіндіктердің мол екенін атап өтті.
​– Былтыр да оқушылармен кездесіп, армандарын тыңдадық. Көбі тек мұғалім немесе дәрігер болу туралы ойлайды. Ал шын мәнінде, қазіргі заманда таңдау көп. Тек батылдық керек. Сол жолы оқушылар: «Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды» деп ризашылық білдірген еді, – деді Мәнсия Сағидоллақызы.
​Алғашқы болып сөз алған Нұркен Жеңісұлы – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің ақпараттық жүйелер бойынша маманы. Оның айтуынша, IT саласына қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Информатика пәні ерекше қызықты болып, мұғалімдер жиі көмек сұрайтын. Тіпті мұғалімдер күні қарсаңында информатика пәнінен сабақ та беріп көріпті.
​ – Университет бітірген соң бірден зауытқа жұмысқа тұрдым. Қазір серверлермен, виртуализация, Windows Server, Hyper-V жүйелерімен жұмыс істеймін. Бүкіл инфрақұрылымды BRDG жүйесі арқылы бақылап отырамыз. Интернет байланысы, сервер жүктемесі, ішкі құрылғылар – бәрі біздің назарымызда, – деді Нұркен.
​Оның айтуынша, IT саласындағы үлкен артықшылық – қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі мен жоғары жалақы. Бірнеше жобаны қатар алып жүріп, бір жұмысқа ғана тәуелді болмауға да болады.
​«ЖігерМұнайСервис» ЖШС-нің жаңа өнімдерді әзірлеу және дамыту жөніндегі менеджері Аслан Жұмағазиев өндіріс саласына келу жолымен бөлісті. Ол мектеп бітіргенде басқа мамандықты таңдап, төрт жылын соған арнағанымен, жүрек қалауы өндіріс саласына бұрылғанын айтты.
​– Мағжан Жұмабай атамыз: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты – мен жастарға сенемін!» деп жазды. Бұл – сіздерге арналған сөздер. Мен өз орнымды өндірісте таптым. Қазақстанда алғаш жасалған бұрғылау құралдарының өндірісіне қатыстым. Бұл – менің мақтанышым, – деді Аслан.
​Ол жастарға Hard skills (қолға ұстап үйренетін нақты дағдылар) мен Soft skills (коммуникативтік қабілет, лидерлік, көпшілік алдында сөйлеу) жайында айтып, екеуінің де маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
​Кездесуде «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС «ЖТ Атырау бөлімшесі» Атырау станциясы бастығының орынбасары – бас инженері Баубек Төлеген де сөз сөйлеп, теміржол саласына бала күннен қызыққаны туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
​Сондай-ақ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ТҚ операторы Нұратхан Сағатжанов пен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» PDH өндірісінің технологиялық компрессор машинисі Темірлан Шадияров өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, оқушыларға шабыт сыйлады.
​Кездесу соңында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Бұл – жас ұрпақтың саналы таңдау жасап, болашақ мамандығын жүрекпен таңдауға серпін берген тағылымды әрі мазмұнды жүздесу болды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button