ТАЛАНТТЫЛАР ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ
Байқауда әр саланың үздіктері он номинация бойынша марапатталды. Алдыңғы күндері өткен байқаудан іріктелген «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік авторлық жоба», «Үздік бизнес жоба», «Кәсібінің үздігі», «Алтын қауырсын», «Ең тату отбасы», «Ақылдылар» номинациясы бойынша өткен байқаудың жеңімпаздарын салтанатты түрде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Темір Естебаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева марапаттады.
Соңғы күні өткізілген іріктеу байқауының үздіктері де бұл күні белгілі болып, марапатталды. Олардың қатарында «Үздік орындаушы» номинациясымен Нұрхан Көбеев, Смадияр Мырзағалиев, Әмір Үмбетов, «Үздік би» номинациясынан Ақерке Боран, Есен Сатқынов, «Үздік жасампаз» номинациясы бойынша Жанболат Молдағалиев, Амангелді Мұхтаров, Бақыт Салихов лайық деп танылып, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
«Жасампаз» номинациясы бойынша үздік атанған құрманғазылық он жастағы суретші Жанболат Молдағалиевке ақыл ойының дамуында ақау бар деген диагноз қойылған екен. Бірақ, оның салған он бір суретінде де өзі туған ауылы, өскен ортасы бейнеленген. Бұл суреттерімен ол республикалық байқауға жолдама алып отыр. Шарада Жанболат секілді талайды талантымен тамсандырған өнерлі жандар көп болды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.