«ТАЛАЙЛАРДЫ ТҮЗУ ЖОЛДАН ТАЙДЫРҒАН»
Әлдебір шетелдік зерттеу орталығы арнайы мониторинг жүргізіп, әлемдегі ең текті, ең сұлу халықты анықтамақшы болған. Соның қорытындысы бойынша біздің ұлт барлық жағынан оза шауып, алғашқы орынға жайғасқан. Бізден кейінгі орында – бразилиялықтар, солай жалғаса береді…
Асыл дініміз Ислам шариғаты арақ-шараптан тазара алмай жүргендерге біраз үгіт-насихат айтып, оларды дұрыс жолға салуға ұмтылады. Бұдан кейін арақты жасаушыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып, ақшасын пайдаланушыға лағынет айтады.
Белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин өзінің «Қазақ пен Арақ» атты термесінде:
«…Арақ осы қай адамды
бай қылған?
Талайларды түзу жолдан
тайдырған.
«Қайран жұртым қайда
барып тоқтар?» деп,
Құнанбайдың баласы да
қайғырған!» — дейді.
Иә, Ұлы Абай атамыз да осылайша ел ертеңін ойлап, қатты қайғырған ғой. Оның да жөні бар. Қазіргі қазақ елінің 210 мыңнан астам адамы наркологиялық диспансерде есепте тұрған болса, соңғы бес жылда спирттік ішімдік ішуден 12 мыңдай адам көз жұмыпты. Сондықтан, ойланыңыз, халайық, әлі де кеш емес.
Мақсот БАҒЫТЖАНОВ, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы, Алғабас ауылы.