Тайталас
Көнекөз қарияларымыздың «От пен су – тілсіз жау» деуі рас екен. Оған себеп, кейінгі кездегі әлем халқы қай құрлықта өмір сүрсе де әйтеуір бір оқыс оқиғаларды бастан кешуде. Біреулерінде қатты дауыл соғып, ғаламат жойқын су тасып жатса, екіншілерінде аяқ астынан өрт шығып, орман-тоғай, тұтас дала күйік шалған. Солай десек те біздің ұлы даламыздың отқа оранып, топан суға кезіккені тым сирек сияқты еді. Енді оны да көруге тура келуде. Аңыздар көп, Қазығұрттың басында кеме қалған. Содан қорғанудың бірі ме, әлде арнасынан асып төгілген өзен суының шалғайын жисын дегені ме, әйтеуір ауыл іргесін су басар сәтте тұрғындардың жасы, үлкен ақсақалдары, болмаса ауыл сыйлаған ақ жаулықты анасы өзен жағасында отырып, су атасы Сүлейменге арнап «Су – біз сенің тіршілік атаулының таңдайына нәр, алдына ырыс пен береке әкелер қайнар бұлақ екеніңді жақсы білеміз. Бірақ, осыншама асып-тасып, ызғарыңды шашып, халықты қан қақсатар қылығыңа жол болсын. Біз қай жерден қателестік. Ашуыңды бас, қабағыңды аш. Сап, сап, сабыр қыл!» деп суға сүт, ақ шашып, аптығын басады екен. «Құдай жолы – садақа» деп, құрбандық шалып, оның қанын суға тамызып, құлшылық ұрыпты. Болмаса, ауылдың ақ жаулықты алты кәрі анасы су жағасында отырып, қолдарындағы шүйкелі жүнін теріс иіріп «Уа, су иесі, ағыныңды азайт, арнаңды өзгерт!» деп тілеу тілейді екен. Айтып жатса, ел ішінде бұдан басқа да түрлі ырым-жоралғылар бар сынды.
Шыны керек, биылғы тасқынның алғашқы қарқыны жерлестерімізді қатты қорқытты. Қызылқоғаны қос бүйірден қысқан Сағыз бен Ойылдың суы әбден састырды. Әйтсе де олар үшін бұл алғашқы құқай емес, бұрындары да байқалған. Басшылары мен қосшылары болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған аудан тұрғындары апталар бойы ағын сумен алысты. Таңның атуы мен күннің батуын күтіп, бел шешпей су кешті. Нәтижесінде аздаған залалы болмаса, арыны тез басылып, адамдардың кеудесінде сенім орнады. Бұл үрдіс өзге өңірлерге де үлгі болды.
Десе де дегбірсізденіп алға асыққан Жем суы жетер жері Каспий теңізі болса да Құлсары тұсына келгенде маңдайын ақшулан айдынға емес, қалаға бұрып, бар-жоғы жарты сағатқа жетер-жетпес уақытқа шаһардың біраз бөлігі су астында қалды. Соқпа тастан бой көтерген жай үйлер былай тұрсын, көлемі жиырма тонналық контейнерді бүйірден соққан тентек толқын аударып тастады дегенге кім сенер. Тіпті үстеріне іліп шығар киімдерін таба алмай қалған біреулер сандықтағы құжаттарын алуға да қолдары жетпеді. Апта аяғында жалғыз ұлын үйлендіремін деп отырған әке сол боздағын ілестіріп, құжырасына бас сұққанды дұрыс көріп тұра жүгіргенде көшедегі ағын суға бойламай көз жұмды. Қаланың үштен бірі су астында қалды. Өзіміздің көзбен көрген «Автожолшылар» тұрғын ауданының сиқы адам шошырлық. Бұндай алапатты бүгінгі ұрпақ бұрын-соңды көрген емес. Зардап көрмеген аула жоқ. Еріксіз «Тәуба! Тәуба! Тәуба!» деп жаның түршігеді, жағаңды ұстайсың.
Бұны естіген Атырау халқы анау Орал тауларынан бас алып, сол баяғы біз жағалаған кәрі Каспийге асыққан Ұлысу-Жайық Ор қаласының үй-жайларын бұзып-жарып, Орынборды тапап өткенін көк жәшіктен көргенде күні ертең-ақ өзіміздің көне Үйшікті тап солай үйіріп алып кететіндей көрді. Әсіресе қалтасы қалың, зәулім-зәулім үйлері бар біреулер үр жаңа автокөлігін ауласына су өткізбес жамылғымен құндақтап, өмірінде шарбағынан шалғайға шығып көрмеген анасы мен бала-шағасын ұшынып тұрған ұшаққа отырғызып, Алатау басындағы Алматы, жазира жазықтағы Астанаға асты. Бірақ, беті әрмен, мазаны алған тентек су жоқ. Апта күтті, ай кетті, майда толқынды Ақ Жайық өз әуенімен ағып жатыр. «Қашқындар» қашанғы күтсін, далада жатқан ақшасы жоқ, амалсыздан есігін құлып күзеткен иесіз үйлеріне қайтып оралды. Ойлап қарасақ, талайдан бері өздеріне құтхана болған үйден де ұят-ау. Осындайда аузымызға «Азап тартсаң да ауылдасыңмен бірге көрмейсің бе? Әлде сенің жаның өзгелерден артық па?» деген риторикалық сұрақ ойға оралады. Ұлттық рух, нәсілдік намыс, елді, жерді сүю деген қасиетті сөздің қадірінен ажырап бара жатқанымыз рас-ау?!
Шынын айту керек, биылғы өр суы тұрғындардың біразына үрей әкелді. Оның үстіне үйлерін су басқан жағдайда адамдар қайда барып паналайды? Осыны ойлаған билік аса қауіпті деген аймақтағы ауланың қариялары мен балаларының қиын жағдайда тұрақтайтын мекендерді белгілеп, кейбірін жалғастырды. Ал қайсыбірі үйлерін иесіз, есігін жауып кетуге жүректері дауаламағандар орындарында қалып, табиғаттың тосын сыйын күтіп алғанды жөн санапты. Сондай жайдың бірі езуге еріксіз күлкі үйіреді.
Атыраудан алыста, мұхиттың арғы бетінде тұратын қыз туған ауылындағы жетпістің жетегіне ерген әжесіне соғып, қал-жайын білейін деп келсе, өзен жағасындағы өзінің көнелеу құжырасының төріне жайғасқан кемпірдің әдеттегіден өзгешелеу қылығы оны таңғалдырып тастайды. Үйдегі барлық төсек-орын, киім-кешек, тіпті ыдыс-аяққа шейін оралып, түйіліп, қытайдың ала дорбасына тығылған күйі төрт аяқты үстелдің үстінде тізіліп тұр. Кейуананың өзі жалғыз, диванда отыр және жай отырған жоқ. Үстінде әдемі кәжекей, қолдарының бәрі алтын алқа, жүзік, сәнді сақина. Білезік, тағысын тағы жетерлік. Құдды қыз ұзату тойына қатысқалы отырған бас құдағайдың өзі сияқты.
Бұл алыстан келген қызын еріксіз таңғалдырды.
– Әже, бір жаққа кеткелі отырсыз ба? – дегені.
– Жоға…
– Осыншама сәнденгеніңізге қарағанда…
– Бұл сәндік емес, судан қорғану. Ауыл әкімі «Үйіңіз өзен арнасына тиіп тұр. Мезгілсіз уақытта аулаңызға су кірсе, бағалы зат, киім-кешектеріңізді ала алмай қалуларыңыз мүмкін» дегесін қай түйіншекті қайдан іздеймін. Құжаттарым қалтамда, киімдерім үстімде, алтындарымды да тағынып, тұра қашуға әзір отырғаным ғой» деп мұңаятын көрінеді.
– Ал келді десе, тұра атылмақ ойыңыз бар ма?
– Иә, дәл солай.
– Екеуі де мәз. Бірақ, бұл шындық жағдай. Жайық бойын жағалаған тұрғындардың қай-қайсысы да әлі күнге осындай күй кешуде. Дегенмен жерлестеріміз кәрісінен жасына дейін судан қорғанудың барлық амал-айлаларын жасап бақты. Арналар тереңдетілді, теңіз тамағы ашылды. Құмыққан Соколок (көне аты Қызылағаш), Қара өткелдердің бойына қан жүгірді. Тағы да тәуба дейміз, бәрін де тыныштық құшағында көрсек дейміз, лайым солай болғай. Әрдайым тыныштық бірлікке бастайды. Бірлік – байлық көзі, тәуелсіздік бесігі.
Хош, сонымен Атырау аталған қауіптен қатты қорғанды. Оған тек өңір халқы емес, басқа аймақтардан да қыруар күш, техника, басқа да көмектер келді. Әзірге тынышпыз ғой, алда да солай болғай. Бірақ, бұл бүгінгі жағдай. Ал ертең ше? Сонда қала ішіндегі кешегі қытай қорғанындай сірескен құм толы қапшықтар қайда кетпек? Міне, осындайда аса сақтық керек, ал сәулет ше?
Адамдарымыз қанша саналы дегенмен біреулерге иесіз жатқан қапшық, екіншісіне құм керек. Ал оның өзі қыруар қаражатқа келген игілік емес пе? Олай болса, арнайы күзет қойып, қала халқы, мекемелер адамдарының көмегімен тез арада осы топырақ, қапшықтарды жинап алған дұрыс. Ендеше, Атырау – ортақ үйіміз, оны қорғай білдік пе, келешектегі сән-салтанатында сақтай да білейік!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,
Атырау қаласының тұрғыны
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ