Қоғам қайраткерінің құрметіне мемориалдық кешен ашылды
Құлсары қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Жанша Таңқыбаевтың құрметіне арналған мемориалдық кешен салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты шарада Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов, мүсінші Серік Мәтениязов, сәулетші Құдайберген Ізтілеуов және ақсақал Есен Тасқынбайұлы, Жанша Әбілғалиұлының перзенттері Жанқуат пен Мұраттың қатысуымен мемориалдық кешеннің ақ жаймасы түсірілді.
– Қазақ халқы – шежірелі тарихы бар ұлы халық. Сол тарихымызды түгендеп, Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, өндіріс саласының қалыптасуына атсалысқан көрнекті тұлғаларымыз аз емес. Жанша Таңқыбаев Қазақстан материалдық-техникалық жабдықтау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Жоғарғы механикаландырылған қойма алаңдарының іске қосылуына, жоғары білікті мамандар даярлануына, материалдық ресурстарды қосымша сақтау қоймаларының салынып, көтерме сауданың прогрессивті түрлері жасалып, өндіріске енгізілуіне, сонымен қатар, мұнай өндірісінің бірқатар негізгі саласының қарқынды дамуына, сол арқылы еліміздің алдағы ондаған жыл бойы өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға.
Біздің мақсатымыз – бүгінгі орнатылған мемориалдық тақта арқылы белгілі тұлға Жанша Әбілғалиұлының мұнай, өндіріс саласында еңбек еткенін, сондай-ақ бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін танытып, ғылыми зерттеу жұмыстарымен ұштастыра білгенін жастарға ұғындыру. Өнегелі өмірінен үлгі алуға шақыру. Еліміздің даму тарихындағы ерекше кезеңдерде мұнай өнеркəсібінің дамуына жəне жоспарлауды жетілдіру мен экономикасының гүлденуіне адал қызмет еткен Жанша Əбілғалиұлының есімі ел есінде мәңгі сақталмақ. Ендігі артында қалған ұрпақтарына көрер қызықтарыңыз көп болсын демекпіз,-деді тағылымды шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.
Шарада облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Максим Ізбасов, «Мұнайшы» қоғамдық қорының Ақтау қаласындағы жетекшісі Аманжан Өтесінов, тағылымды тұлғаның немересі Ертай Жаншаев құттықтау сөз сөйлеп, алғыс білдірді.
Жолдас ҚАЙДАРОВ