ТАБИҒАТТЫ АЯЛАҒАН МАМАНДАР
— Бүгінгі маңызды экологиялық шараларға тоқталатын болсақ, Жайық өзенінің көктемгі ағысының соңғы жылдарда күрт кемуіне байланысты оның тайыздаған ортасын қазу және тазалау жұмыстары басталды. Жыл сайын облыс орталығында көгалдандыру жұмыстары қарқынды атқарылып келеді. Биылғы көктемгі ағаш отырғызу науқанының өзінде облыс елді мекендерінде 20 мың түпке жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, Атырау қаласында «Теңізшевройл» компаниясы 3,5 гектар жерді алатын «Жанұялық саябақ» құрылысын бастады. Саябақ келер жылы пайдалануға берілетін болады, — деді облыс басшысының бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев.
Туған өлке табиғаты мен қоршаған ортаны қорғау – баршаның міндеті. Ал, осы салада тынбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі орасан зор. Осы орайда, Ғұмар Дүйсембаев Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшылары Гүләйым Телеубаева мен Әсел Айчикованы марапаттады. Сонымен қатар, аталған басқарманың бас мамандары Гүлнұр Мұдарисова мен Асыл Ишановаға, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Болат Төремұратовқа, бас мамандар Ардақ Оралова мен Руслан Төкеновке, «Қазгидромет» РМҚ Атырау облысы бойынша бөлім басшысы Татьяна Акатьеваға және Солтүстік Каспий экологиялық қарекет ету базасы басшысының орынбасары Нұрберген Бисенге облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Шара барысында өлкеміздің экология саласы түгел қамтылған «Табиғатым – байлығым» атты бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Кеш соңы атыраулық өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.