ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА
1976–1984 жылдар аралығында Жапақ Есқабылұлымен бір салада жұмыс жасадым. Сол кезде өз жұмысын жетік білетін, ұлағатты ұстаз санатындағы Жәкеңді бүкіл ұстаздар қауымы аса құрметтеп, сыйлайтын. Қай кезде де жүзінде күлкі үйіріліп, айналасын жан шуағына толтырып жүретін осы ұстазды мен де облыстық білім беру басқармасының басшысы ретінде жоғары бағалап, әдіскерлік жаңалықтарына зер салып отыратынмын. Басқа мұғалімдерге тәжірибесінен семинарлар өткіздіріп, аудан мектептеріне іссапарға жиі жіберіп отырдық. Еш уақытта тапсырылған жұмыстардан бас тартып көрген емес, жаңбырда да, боранда да, шыжыған ыстықта да жолсапарға қуанышпен, өз жұмысына деген шынайы ынтамен кетіп бара жататын. Ал, ол кездерде аудандарда, ауылдарда қонақ үй, асхана деген бола бермейтін.
Қиындықтан тайсалмайтын, қиыншылық бар-ау деп сылтауратпайтын Жәкеңнің өршіл мінезі мен адамгершілік биік қасиеті оны қай ортада да өз адамына айналдырып, құрметке бөлендірді. Ең бастысы, ол жақсылықтың жаршысындай үнемі адамдарға сенім мен жауапкершілікті сезіндірді. Қызметін асқан жауапкершілікпен атқарды. Соның бәрінде де қарапайымдылығымен, бауырмалдығымен, достығымен және өз мамандығына деген шексіз берілгендігімен ерекшеленді. Осындай ұстаздық қасиеттерін таныған айналасындағы адамдар оны өте құрметтеп, сөзіне ден қойып, қашанда қасында болуды қалайтын. Сыйлы жанның беделі ұстаздар арасында жоғары болды.
Ол облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды, жұмысына тың жаңалықтар енгізіп, жетілдіру жұмыстарына зор үлес қосты. Әріптесі, менің туған ағам Мусағалиев Әміржан Махмудұлымен бір кабинетте отырды, екеуінің зілсіз әзілі, кексіз қалжыңы жарасып, жолдастық бірлігі тату жүретін.
Әр уақытта қоғам білім саласына жоғары талап қояды. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай жоғары деңгейлі ұстаздардың қалалық, облыстық білім бөлімдерінің алға қойған міндеттерін нақтылы орындауына үлесі айтарлықтай болды. Уақыт керуені алға жылжыған сайын, кейінгі буын мақтанышпен есіне алып, айтып отыратын тұлғалар деп осындай жандарды айтқан ләзім. Бұл тұлғалардың адамгершілігі, парасаттылығы, білгірлігі өнеге-қадірге ие болып, болашақтан шамшырақтай жарқырап, жаңа ұрпаққа ұдайы жол сілтеп тұрады. Өмірде биік өлшемді, биік ұғымдарды қалыптастыратын осындай жандар жеке дара көрініп, артына өзіндік із қалдырып отырады. Олар әдетте белгілі жазушы Сәбит Мұқанов жазғандай, «мидың мың градус домнасында қайнап, қалыптасқан парасат иелері». Жапақ Есқабылұлын осындай тұлға деп танып-біліп, ерекше бағалап келемін.
«Жақсының аты жоғалмайды» деген сөз рас, білім саласына сіңірген еңбегі үшін Жапақ Қаражігітовтің есімі қаладағы №16 мектепке беріліп, жұртшылықтан қолдау тапты. Жыл сайын мыңдаған шәкірт осы мектеп түлегі болып шығып, өмірге қадам басып, азаматтық ақ жолға аттанады.
«Білім беру жүйесінде қызмет ететін нәрсенің бәрі де еліміздің болашағына қызмет ететін болады» дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осыған байланысты әрбір ұстаз жасөспірімді болашақта патриоттық негізде, Отанды сүюге, халықтар достығын сақтау мен бірлікке, ұлы қасиеттерге тәрбиелеуі қажет. Бұл бағытта танымал ұстаздар тәжірибесін еске алған жөн десек, Қаражігітов Жапақтың ұстаздық қызметі мен өмірі осыған өнеге.
Қаражігітовтер әулетінің қазіргідей таралып жатқан жақсы атының түп төркінінде ата-бабалар салт-дәстүрінің озық өнегесін қаймағын бұзбай сақтай білген ауызбіршілігі пен аманатқа адалдықтары жатыр. Ол – ұстаз әкенің көтерген жүгімен өлшенетін тағдыр салмағы мен ұрпағы жалғастырып жатқан игілікті өмір берекеті. Ендігі тілек: Ұрпақтар үмітімізді ақтасын, жақсылық көбейе берсін, Жаратқан Иеміздің шапағаты мол болсын. Ортақ Отанымыз көркейе берсін, аспанымыз ашық, тыныштық өмір болсын!..
Сара МУСАҒАЛИЕВА,
облыстық оқу бөлімінің 1976-1984 жылдар аралығындағы меңгерушісі, еңбек ардагері, «Халықтар Достығы» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы.