Жарнама
Қоғам

ТАҒДЫРМЕН БЕТПЕ-БЕТ

«37-інің ызғары біздің шаңыраққа да залалын тигізді. Әкемді 1937 жылдың 12 қаңтарында «халық жауы» деп соттады. Ол кезде мен 3-сыныпта оқитынмын. Анам болса қырыққа да жетпеген еді. Әжем мен анам «келер-ау» деп үміттерін үзбей, күтумен өтті. Кейін «атылып кетті» деген хабар алдық. Бертін келе балалар өскен соң жан-жаққа хат жолдап, әкем туралы деректер сұрастырып, атылып кеткендігі туралы жауап алдым. Сол хат әлі күнге сандығымның түбінде сақтаулы жатыр, — деді қарт әже.

— Қарабауда әкемнің қарындасы тұратын. Жолдасы оқытушы. Мені сол жаққа оқуға жіберді. Келесі жылы Тайсойғаннан мектеп ашылып, оқуымды осы үйде жалғастырдым. Бірде атқа мініп алып Қарабауға бардым. Ауылдан 7 шақырым жерде базар бар болатын. Жездем сол базарға кеткен.Тез оралды. «Біз кететін болдық. Соғыс басталыпты.» деді түнеріп. Осылайша, жексұрын фашистер тыныш жатқан елдің бақуат тіршілігін бұзды. Бар жауапкершілік әйелдерге жүктелді. Олар енді салт атқа мініп алып  ферма басқарды, егін салып, жинады. Барлық ауыртпалықты көтерді», — деп Бихаш Кәдірғалиева сөзін жалғастырды.

Бихаш та көппен бірге ел еңсесін езген қиыншылықты еңсере білді. Бұғанасы қатпай жатып «Коммуна» колхозына есепші болып жұмысқа орналасады. Доссордағы екі айлық курста оқып, есепшілік қызмет атқара бастайды. «Ол кезде еңбеккүн деген есептеледі. Қолға ақша берілмейді. Еңбекақыға ұн, ет, тары сияқты тамақтар беріледі. Соны есептейміз. Бидай, тары салып, егін ектік. Бітік шықты. Ауыл аштық көрген жоқ. Жұмыла еңбек еттік. Ел басына туған күнді бірге көтердік, бар қиындықты бірлесе отырып жеңдік» деп  еске алады ол.

Қос бұрымы тілерсегін соққан, көп сөйлемейтін, көзінен үнемі қайсарлық оты ұшқындап тұратын өжет қызды ауылдастары сыйлап, мақтан ететін. «Көкқасқа» деген асау атты үйреткен батылдығын, киіз үйдің шаңырағы мен бақанын ұқыпты көтере білетін іскерлігін, сызылта салған әндерінің әуезділігін қашанда үлгі-өнеге ғып айтып отыратын.

Осылайша көп ілтипатына іліккен Бихаш жиырма жасында Телжан атты, басшы қызметтерде болған азаматпен отау құрады. Зәуреш, Бақыт есімді ұрпағы дүниеге келеді. Екеуінің арасында бір сәби шетінейді. Берекелі шаңырақтарының қызығы ұзаққа бармай кіші қызы Бақыттың екі айлығында отағасы Телжан дүниеден озады. Қасында қос анасы, екі кішкене қызы бар Бихаш басқа түскенді көре жүріп, еңбектен қол үзбейді.

Қайнағасы Есенбаев Жұмақұл сол кездегі Кенбай ауылдық Советінде қызмет етеді. Ауылдастарының барлығы «көке» деп атап кеткен Жұмақұл көргені көп, ауылдың ұлағатты ақсақалы болған. Бір жылдан кейін ол Бихаш келінін отбасымен қасына көшіріп алады. Сөйтіп, Бихаш Мұқырда есепші болып жұмыс жасайды. Жұмақұл басшы қызметте болған, ақ пен қараны айыра алатын, ұстанымы жоғары адам болса керек. Келінінің кісілік қасиеттерін, сауаттылығын қатты қадірлеп, сыйластықпен қарайды екен. Көкірек түбінде інісінен қалған екі қыз баланың, қызындай болып кеткен келінінің тағдыры үнемі алаңдаушылық туғызады.

Күндердің күнінде Жұмақұл ақсақал сауапты істің басын бастап, тереңнің түбінен ой қозғап, ата дәстүрді алға тартып сөз бастайды. Сөйтіп, өзінің кенже ұлы Серікке Бихаш келінін қосады. «Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған» қазақтың ата салтымен жарасым тапқан бұл отбасында сегіз бала дүниеге келеді. Екеуінің сыйластығында шек болмайды. Бихаш отағасын баптап, қадір тұтады. «Серік жарықтық осы екі қызды ерекше құрметтеді. Бақытты кішкентай кезінде қасынан тастамай, арба жексе арбаға, шана жексе шанаға салып алып жүретін. Анам Мәрия өр мінезді, кербез, жүзі нұрлы адам болатын. Істеген ісі тиянақты, алғырлығы басым еді. Балалар сол екі анамның тәрбиесін алған» дейді Бихаш әже әңгіме арасында.

Балалардың үлкені зейнеткер-ұстаз, өмірге тоғыз бала әкеліп, бүгінгі күні жапырағы жайылған шаңырағында немере-жиен сүйіп, дүние тірліктің қызығын тамашалап отырған асыл ана Зәуреш әңгімеге араласты: «Анамыздың қазақ әйелдеріне тән қайраттылығын, айналасына қамқорлығын, баланың үлкені болғасын ба, жастайымнан байқайтын едім. Әлі есімде. Бірде Кенбайға түйе арбамен баратын болдық. Түйесі түскір өте асау. Анама күш берер емес. Ол кісінің аяғында біз өкше туфлиі бар. Нәзік білектері қарысып қалғандай асау түйені жолға сала алмай әлек. «Қарағым, қарағым шөк» деп қояды арасында. Бір кезде аяқтағы туфлиін шешіп тастап, жалаң аяғымен жолға шығып, түйені жетекке алып сабасына түсірді. Сөйтіп, біз баратын жерімізге дін аман жеттік.

Бұл кісінің тағы бір қыры әп-әсем домбыра тартып, ән салады. «Елім-ай», «Аққұм» әндерін бізге сол кісі үйретті. Мәрия әжем де әнді жақсы айтатын. Байқап отырсам, ол кісілердің бізге берген тәрбиелерінің барлығы да ұлттық педагогиканың негізі екен ғой. Олар қазақы дәстүрді қатты ұстады. «Ана үй, мына үй демей, көрші үй» деп айтыңдар, өзгенің ала жібін аттамаңдар» деп отыратын. Пеш салып, тас қалап, жұмыстың ауыры, жеңілі деп бөлмейтін. Біз кішкентай кезімізден  дастархан басына үлкендермен қатар отырып үйрендік. Өйткені, анам бала ғой деп кейінге ысырмай, бізді тізіп отырғызып қоятын. Біле-білсек, бұл да бір үлкен тәрбиенің бастауы екен.

Біз бір отбасында он бала болдық. Бір қызығы, анамыз не ұлға, не қызға ақыл айтып, «былай істе, олай істеме» деп жақ ашып көрген жоқ. Өзінің ісімен, ұлағатымен үлгі бола білді. Біз анамыздың жарқын істерін көріп, соны қайталап, болмаса еліктей жүріп ержеттік. Шүкір, жаман болған жоқпыз. Бәріміз де жоғары білім алдық. Үйлі-күйліміз. Балаларымыз аяқтанды, білімдерін алып, әртүрлі салада қызмет етуде. Құдай көпсінбесін, бүгінгі күні анамыздың бала-шаға, немере, шөбере, шөкпектерін қосқандағы ұзын саны тоқсан екіге жетті. Тоқсан үшінші шөберені күтіп жүрміз».

«Анамыз – жүрек жылуын өз отбасына ғана емес, тума-туыс, ағайындарына да арнаған жан. Қайнылары мен қайынсіңлілері де осы кісінің қолынан тәрбие алды. Маңдай тірей келген жандарды бауырына тартып, қолдан келген көмегін  көрсететін. Әулет ұрпақтары «үлкен ана» деп қадірлейді. Мұқыр селосында 50 жылдай тұрдық. Отбасымыз сыйлы болды. Ауылдағылардың «Бихаштың балаларымен ойнаңдар, солармен дос болыңдар» деген сөздерін жиі еститінбіз. Бұл да – анамыздың бізге берген ұлағатының дәлелі. Әлі күнге дейін ауылымыздан анамызға келетіндер көп. Қасына қонып, ақыл-кеңесін сұрап, келіп-кетіп жатады. Мен осыған қуанамын. Мұның барлығы анамның дархан көңілді, кеңпейілділігінің арқасы деп ойлаймын». Апайдың қызы Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақыт Телжанқызы да өз ойын осылайша ортаға салып өтті.

Бихаш ананың он баласының арасында ұстаз да, құрлысшы да, теміржолшы мен есепші  де, мал дәрігері мен химик-технолог та бар. Ғылым жолында жүрген қызы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Барсай, немерелері – филология ғылымдарының кандидаты Әбдешов Баязи, экономика ғылымдарының докторы Тайжанова Жанар, магистр Құлкенова Альфияны бауырлары мақтан етеді. Бихаш ана кенже ұлы Асыланның отбасымен бірге тұрады.

«Менің бақытым – балаларым Зәуреш, Бақыт, Жолдасқали, Роза, Сәлима, Қуанышқали, Марат, Гүлнәр, Асылан мен Айгүл және олардан тараған ұрпақтарым. Олардың амандығы, ел қатарлы өмір сүріп, ел-халқының қажетіне жарап, абыройлы еңбек етулері еді менің көксегенім. Бұл арманыма жетіп отырмын. Оларға қарап күш-қуат аламын. Тағдырыма ризамын», – дейді Бихаш ана.

 

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button