ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МУЗЕЙІНЕ САПАР

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Астана қаласындағы ҚР  Тұңғыш Президентінің Музейі ұйымдастырған «Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатынасып келді.

 

Елбасы Музейінің 10 жылдығына орай өткен конференцияның пленарлық мәжілісіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Базарқұлұлы және Ресей, Әзірбайжан, Жапония, Түркіменстан елдерінің ҚР-дағы өкілетті елшілері, шетелдің, еліміздің әр аймағынан келген  музей басшылары қатысып, конференцияның маңыздылығына тоқталды.

Мәдени шара Президент Музейінің бірінші қабатында орналасқан «Серіктестер шоқжұлдызы»атты мұражайлық көрмеге ұласты. Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының тарихи-ғұмыры мен «Халық үшін қан төккен» ерлігін насихаттайтын «Исатай – басшы, мен – қосшы…» тақырыптық-экспозициялық көшпелі көрме ұйымдастырды. Жоғары деңгейде  ұйымдастырылған көрме үшінҚР Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғалиева музей басшысы Рашида Харипованың атына Алғыс хат табыстады.

ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рысжан Ілиясова Музей мамандары арасында өткізген шеберлік сыныбында музей жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстарға  тоқталды. «Қазақстан Музейлерінің жұмысын жандандыру үшін, еліміздің Конституциясында музей туралы бір жолға жазылған қысқаша сілтеме емес, арнайы бап енгізу, кадр дайындау, яғни білікті музей маманын қалыптастыруды жоғары оқу орындарында жүзеге асыру, музей мекемелерін жаңа технологиялармен толықтыру, халықтың қызығушылығын оятып, музейге тарту, музей қызметкерлерінің кәсіпқойлығын дамытатын іссапарларды, тәжірибе алмасуларды көбірек ұйымдастыру, музей қорының жұмысын толықтырып, жаңартып отыру, музей қызметкерлерінің мақала жазуға икемін арттыру керек, – деп бірнеше қажеттіліктерді атап берді.

Қазақстан музейлерінің ішінде келер жылы ашылғанына 75 жыл толатын  өлкеміздің тарихи-өлкетану музейі – алғашқы қалыптасқан мәдени мекемелердің бірі саналады. Осы орайда, бұл іссапар қызметкерлердің тың идеялар мен табысты қызмет атқаруына үлкен септігін тигізгені анық.

Дулат ХАМЗИН,

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің маманы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз