Жарнама
Қоғам

Тұғырлы тұлға

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде аймақтың Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың 80 жасқа толуына орай «Тұғырлы тұлға» атты мерейтойлық шара өтті. Оған ардагердің сыйлас ағалары, тұстастары мен ізбасар інілері, жастар өкілдері және әскери бөлімнің сарбаздары қатысты.

????????????????????????????????????

Осынау шара өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан мерейгер ағаның өнегелі өмірін, қоғамда алатын орнын өскелең ұрпаққа дәріптеу арқылы бүгінгі жастардың бойына үлкенді сыйлап, құрметтеу, ата-бабалар аманатына адалдық, еңбекқорлық, ұлттық тәлім-тәрбие, құндылықтар мен қазақи адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіруді көздеген еді. Тарих ғылымдарының докторы, академик, «Ардагерлер ұйымы» республикалық  қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев (суретте)мерейлі жасқа толған Қатимолла Ризуанұлының елі мен халқы алдындағы сіңірген еңбегін Мемлекет басшысы лайықты бағалап, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  оны «Парасат» орденімен марапаттағандығын айтып, республика ардагерлері атынан шын жүректен құттықтады.

Республика облыстары мен қалаларындағы 17 қоғамдық бірлестікке Атырау облыстық ұйымының үлгі-өнеге боларлық игі істері мен озық тәжірибесінің  өзге аймақтарға таратылуына Қатимолла ағамыздың зор үлесі бар. Ұйымды басқарған сегіз жылдай уақытта үлкен шаруалардың басында болды. Өңірдің арғы-бергі тарихы мен тұлғаларын таныту, ұлттық өнер мен құндылықтарды насихаттау,  ардагерлерін ардақтап, қадірлеу, әлеуметтік жағынан әлсіз қарттарға көмек  көрсету, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі сан қырлы жұмыстардың ортасында жүр, — деген тілегін білдірді Өмірзақ Озғанбайұлы.

Атырау облысының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Орынғали Қарасаев мерейгердің облыстың өнері мен мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегінің ерекше екендігіне тоқталды. Индер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүріп, саяси-идеологиялық жұмысты ұйымдастырудағы тың бастамаларын, әсіресе, ауданда ұлт-аспаптар оркестрін, шалғайдағы малшы ауылдарына қызмет көрсететін мәдени-үгіт бригадаларын, отбасылық ансамбльдер құруға бастамашыл болуы, дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбеттің сүйегін қайта жерлеуді ұйымдастырудағы Қатекеңнің іскерлік қабілетін әңгімесіне арқау етті.

Облыстың Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев тұғырлы тұлғаның биік парасаттылығы, кісілік келбеті, адами қасиеттері туралы әсерлі әңгімелеп, ағалық игі тілегін білдірді. Қоғам қайраткері Мәдина Ғабдысәлімова алғаш рет 1964 жылы Махамбет аудандық, кейін облыстық комсомол комитетінде бірге қызмет атқарған кездегі замандасының кадрлармен жұмыс атқару сәттерін еске түсірді. Халық санының 34 пайызын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ардагерлер кеңесі жұмысын жүргізудегі әріптес ағасынан көп нәрсе үйренуге болатындығын айтып, барлық жақсылықты тіледі.

Шараны ұйымдастырушылар атынан облыстық тарихи-өлкентану музейінің басшысы Рашида Харипова мерейтой иесіне «ерлік пен елдікті үндеп, нар жүгін ілгері апара беріңіз» деген тілегін білдіріп, сый-сияпатын ұсынды. Кездесу қонақтарының құрметіне Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары Бақытбек Сәрсенов пен Ринат Ғимранов ән-жыр мен күмбір күйден  шашу шашты.

Бақытжан ЖҰМАТ

 Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button