ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
«Ұлымның сегіз айлығында сал ауруының алғашқы белгілері пайда болды. Ойнап жүріп талып қалатыны аналық жүрегіме қатты батады. Бұған дейін квота арқылы Алматы, Астана қалаларының клиникаларынан ем алдық» деп баласының болашағына алаңдаған жас ана ұлын Астрахан қаласының емханаларынан тексерістен өткізуге қолдау сұрайды. Тұрғынның өтінішімен танысқан Б.Хаменова кәсіпкер ретінде міндетті түрде қол ұшын беретінін айтып, қажетті соманы есептеп шығару керектігін жеткізді.
Бүгінгі күні сәбиінің балабақшадағы кезек санын сарыла күткен аналар аз емес. Соның бірі – Атырау қаласындағы Сарықамыс ықшамауданының тұрғыны Гүлдана Бисекешоваға өтініші бойынша үш жасар ұлын балабақшаға орналастыруға ықпал ететіндігі айтылды.
Атырауда халықаралық маңызға ие автобекеттегі «АСАЗ» ЖШС жұмысын тоқтатқаны белгілі. Мұндағы қызметкерлер ескертусіз есігін тарс жапқан автобекеттің бұл қылығын түсіне алмай дал. Қоғамдық қабылдауға келген аталмыш серіктестіктің есепшісі Лариса Жұмалиева мен бір топ қызметкер біршама адамның нан тауып отырған жұмыс орнының бұлай себепсіз жабылуына қарсылық танытып, шағымданып келіпті.
«Осыдан үш жыл бұрын аталмыш бекетте жұмысын бастаған серіктестік «Аджип» компаниясымен қалалық әкімдіктің шешімімен келісім-шартқа отырған. Сол күннен бері автобекет Орал, Бейнеу, Құлсары, Астрахан бағыттарындағы жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді. Автобекет маңынан кассалық дүңгіршектер ашылып, кәсіпкерлерге жұмыс та табылды. Әкімшіліктің шешімімен келісім-шарттың мерзімі де бұған дейін екі рет созылған болатын. Ендігі уақытта келісім-шарт ұзартылмайтынын алға тартып, қаншама адамды нан тауып отырған жерінен айыруда» деген Л.Жұмалиева қызметкерлер жергілікті әкімдікке жағдайды білуге барғанымен, жөнді жауап беретін адам табылмағанын айтты. Енді екі ортада сандалған қызметкерлер мен кәсіпкерлер мәселені заң тұрғысында шешу үшін бас партияның араласуын сұрайды. Қызметкерлердің мәселесімен танысқан Бақытгүл Хаменова тиісті орындарға хабарласып, жауап алуға ықпал ететінін айтты.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.