Түп тамырымызға үңілуден туған толғаныс
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шығып, болашаққа жаңа бағыт сілтеп, тың бағдарлама ұсынған аса құнды идеялық дүние екенін ұғындық.
Бұл жазба – ел еңсесін тағы бір көтерген, рухани жаңғыру жайын пысықтап, бағыт-бағдарды айқындаған, парыз-міндетті нақтылай түскен айрықша бағдарлама. Бұл толғау – төл тарихымызға, түп тамырымызға үңілуден туған толғаныс.
Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты саралай келе, Елбасы бабаларымыздан мұраға қалған Ұлы даламыз өзгелерді таңғалдырар өркениеттің ошағы болғандығын тегіннен-тегін тілге тиек етіп отырған жоқ. Ұлы даланың перзенттері болат балқытып, тасқа әліппесін жазды. Алтыннан сауыт киіп, даңқы әлемді шарлады. Алтай мен Атыраудың арасын ғана емес, ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы тарих тасын өзінше дөңгеленте алды. Елбасының ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт өлшеміне, тарихи сананы жаңғырту жайына ерекше тоқталуы қоғамымыздың жаңа белесін, жауапты дәуірге қадам басқанын аңғартады.
Мемлекет басшысы бұрынғы Жолдауларында тұтас қоғамның және Қазақстанның әр азаматтарының санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен болатын. Мәселен, бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сынды жаңашыл ұғымдардың, өмір сүру қағидаттарының мәніне тоқталған-ды. Оның ішінде халықтың ұлттық сана-сезімі мен қалыптасқан кодын сақтай отырып жаңғыруы, өркениеттер тайталасы шарықтаған заманда халықтың халық болып қалу мәселесі, мемлекет іргесінің беріктігі мен қауіпсіздігі кешенді байыпталған болатын.
Елбасының жаңа мақаласы – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сүбелі ойлар қатарында ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт, атқа міну мәдениеті, аң стилі, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, сонымен қатар тарихи сананы серпілту мақсатындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді ұлттық жобалар мен идеялардың қоғам талқысына салынуының және атқарушы билікке тапсырылуының жөні де, жүйесі де айрықша. Бұл – әлем таныған елдің арғы тарихын дамытуға арналған арнайы тапсырма. Бұл – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өрісті өресі. Қалай дегенде де Ұлы даланың жеті қырын айқындау жаңа өзгерістер белесіне бастары анық.
Тұжырымдаманың уақыттың жеделдеуі мен технологиялық жетістіктердің адам айтса сенгісіз жылдамдықпен дамуы кезінде қоғамның ойына ой қосып, жас толқынның үміті мен сенімін арттыратыны хақ. Ұлы дала құндылықтары ұлтымызбен жасай беретініне бек сенімдіміз. Тек бірлік туымыз мәңгілік берік болғай!
Нұр—Мұхаммед Есенәліұлы,
ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы.