«Тұлпар» лагерi ашылды
Жұма күні Атырау қаласының Бесікті ауылындағы «Тұлпар» лагерiнің ашылу салтанаты өтті. Лагерь маусымының ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты директоры Елеусін Сәрсембиев, облыстық әдістемелік кабинет директоры Қайырғали Кенжеғалиев орталықты түгел аралап, ондағы жағдаймен танысып қайтты. Лагерь 1972 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Алғашында теміржолшылар үшін демалыс орны ретінде ашылып, 1991 жылы облыстық білім беру басқармасына берілгеннен кейін қайта құрылды. Өзіміз куә болғандай, лагерь санитарлық талаптарға сай жаңартылған. Демалыс күндерiн қызықты өткiзуге барлық жағдай жасалған. Мәселен, спорттық алаңдар, суға жүзу бассейндері, түрлі үйірме жабдықтарымен толыққанды қамтылған. Мұнда таза, әрі қолайлы жатын орындарынан бөлек, медициналық бөлім мен асхана да бар. Ал, балаларды әр ауданнан алып келген жетекшілеріне, тәлімгерлеріне арнайы бөлмелер берілген. Қауiпсiздiк мәселесi жіті қадағаланып, күзетшiлер бұл маңды қатаң бақылауға алған. Орталықта жеті ауданнан келген аз қамтылған отбасы, көп балалы жанұя, мүмкіндігі шектеулі балалар мен мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері демалуда. Облыстық білім беру басқармасына қарасты «Тұлпар» лагері бес ауысымда жұмыс істейді. Биылғы жазғы демалысқа орай ұйымдастырылған шаралар тыңғылықты қолға алынып, облыс бойынша 1250 бала демалады. «Лагерь дәрігері демалушылардың күнделікті денсаулығын тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмаған. Демалыс барысында оқушыларға түрлі тақырыптарда сайыстар, байқаулар өткізіледі. Ең бастысы, балалар өздеріне жақын достар тапты», — дейді лагерь басшысы Бағира Жұмағазиева. – Мен Қызылқоға ауданы, Сағыз селосындағы Кенбай орта мектебінің оқушысымын. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Жаңа достар тауып, түрлі ойындар ойнап, суға шомылып, жазғы демалысымды қызықты өткізудемін. Тәрбиешілер де мейірімді, асхананың тағамы да дәмді. Осындай жағдай жасаған атқарушы билік орындарына, мектебіме алғысымды айтамын, – дейді лагерьде жазғы демалысын өткеріп жүрген Думан Қажығали есімді оқушы. Елдің қамқорлығын, мейірімін сезініп өскен баланың ертең елін сүйген азаматқа айналары сөзсіз. Балалардың алаңсыз күлкілері мен шаттыққа толы жүздері біздің де көңілімізді марқайтып тастады.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.