СЫРТЫ БҮТІН, ІШІ ТҮТІН

құжыралар тұрғындар ренішін туғызуда
Өзін «Атырау қаласындағы «Бірінші учаске» аялдамасы төңірегіндегі Верхний өткелінің №3 үйінің тұрғынымын» деп таныстырған Гүлбану Тоғаева тозығы жеткен баспананың әлдеқашан «апатты жағдайдағы тұрғын үйлер» қатарына енгізілгенімен, «әне құлатылады, міне құлатыладымен» сиырқұйымшақтанып, шешілмей келе жатқанын редакцияға әкелген хатында ашына жазыпты. Жергілікті тиісті органдар жолдаған жауап хаттармен де танысқан соң, жыр болған үйді көруге әдейі бардық. Сөйтсек, мұнда құлағалы тұрған бір емес, үш үй бар болып шықты. Аталған Верхний өткеліндегі бірінші және үшінші үй. Сосын Баймұханов көшесіндегі елуінші үй.

 

Гүлбану Тоғаева – Верхний өткеліндегі №3 үйдің 4-ші пәтерінің тұрғыны. «Өзім бюджет саласында, №3 емханада медбике болып жұмыс істеймін. Жұбайым қайтыс болған. Жалғыз қызым бар. Азғантай ғана жалақым қалай тартсам да жетпейді. Кезінде үйіміз «2010-2013 жылдары Атырау облысында апатты жағдайдағы тұрғын үйлер қатарына» енгізіліп, күреп тастау жөніндегі іс-шаралар жоспарында қаралғанымен, еш нәтиже болмай отыр. Енді, міне, белгіленген мерзім ретіндегі жыл да аяқталып қалды» дейді ол. Үй ыстық судан да, суық судан да ажыратылыпты. Тұрғындар табиғи газға да қол жеткізе алмай отыр. «Телефон байланысы, әжетхана, жуынатын бөлме туралы айтып жатудың өзі артық. Суды тасып ішеміз. Бізде тек жарық пен шамалы жылу ғана бар. Жылу деген аты болмаса, қақаған қыста, күз мезгілдерінде электр пешін қосып отырамыз» деп налиды ол.
Өзін Қарлыға Бисеновамын деп таныстырған Баймұханов көшесіндегі №50 үйдің 3-ші пәтерінің тұрғыны «бізде өркениет атаулыдан жарық қана бар» деп көңілсіз жымиды. «Газ тұрмақ, ыстық су мен суық судың өзі арман болды. Екінші топтағы мүгедек жұбайым, кішкене немерем бар. Бәрінен бұрын немереме қиын болды. Күн суытып бастаса, анасы екеуін анда-мұнда жіберіп әуреміз. Келінім кейде төркінін, кейде ағайын-туысты сағалап жүреді. Қысты осылай өз-өзімізді алдаумен өткіземіз. Қабырғалардың көгеруіне әбден үйреніп алдық. Киім-кешегіміз көгіс сасып тұратын болды. Мұның барлығының денсаулыққа удай зиян екенін біле тұра, барар жеріміз болмай отыр» дейді ол.
Бұл үйді сыртынан ғана көрген адам оның жаңа ғана тізіп өткен проблемалары бар деп ойламауы да мүмкін. Өйткені, үйдің, әсіресе, көше жақ беті жылтырап-ақ тұр. Жақында ғана құзырлы орындардан пәрмен болып, үйдің сырты әктеліп, сырланыпты. Бірақ, ішкі бір қабырғасы солайымен опырылып түскен үй жартылай иесіз тұр. «Былтыр жаңа жылды осы үйде бір отбасы ғана қарсы алды. Ол – біз, үшінші пәтер тұрғындары. Еденімізге дейін опырылып жатыр. Күні-түні электр тоғымен жылынып отырғандықтан, жаз мезгілдері 5-6 мың теңге төлесек, суық түскенде бұл сома 14-15, кейде 20 мыңға дейін шарықтап өсіп шыға келеді. Барлығымыз қосымша газ баллонын пайдаланып отырмыз, мен осыдан қауіптенемін» дейді Қарлыға Бисенова. Бұлай қауіптенуінің жөні де бар. Өйткені, осы үйдің төртінші пәтері уақытша иесіз тұр. Маскүнемдер, қаңғыбастар осы пәтердің терезесінен кіріп, пәтерді өздерінше мекен етіп алыпты. «Антисанитариясы өз алдына, қақаған үйде осылай тұрып жатырмыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, жұқпалы ауру шығып жатса, жағдайымыз не болмақ? Біздің мұңымызды кім тыңдайды?» деп налиды тұрғындар.
Бүгін-ертең құлағалы тұрған бұл үйлерде екі бірдей соғыс ардагеріне теңелген қариялар да бар екен. Біреуімен тілдесе алмадық. Ал, таяққа сүйеніп әрең тұрған кейуана сыртқа өзі шықты. Сиранож Давыдовна атты әжейдің бүгінде жасы 81-ден асыпты. «Біз оккупацияны да, соғысты да көрдік қой. Ең болмаса, сол күндердегі бейнетім үшін, мынау жарты қабырғасы құлап жатқан №50-ші үйдің бұзылған жерін бітеп беріп, қолғабыс етсе екен» дейді.
Журналистердің келгенін көріп, үйлерден басқа да тұрғындар шыға бастады. Наталья Лик атты осы апатты үйлердің бірінің тұрғыны «Балаларымыз әжетхананың айналасында ойнайды. Ең құрығанда канализациямызды жасап берсе екен…» деді.
Сырты бүтін, іші түтін бұл үйлер форс-мажорлық жағдайлардан да кенде емес екен. Бірде осы жыр болған №50-ші үйдің төбесіндегі шатыры құлап, бірінші пәтерінде тұратын қыз бала сол шатырдың астында қалып, ауруханаға жатып шыққан. Алда тағы не күтіп тұр? Ол жағы тек бір Аллаға ғана аян. «Біздің үйлеріміз маскүнемдердің, қаңғыбастардың тұрақты мекеніне айналып алды. Қыс та түсті. Әсіресе, кешкілік мезгілдерде мектептен келе жатқан балаларымызға әлгілердің зияны тие ме деп те қорқамыз» дейді тұрғындар.
Бұған жергілікті билік не дейді екен? Біздің қолымызда қазір құзырлы орындардан келген екі бірдей хат жатыр. Бірі 2012 жылдың 31 қаңтарында сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ә.Нұрлығожиевтен келіпті. №03-01-02-01/624 деген шығыс нөмірмен келген хатта аталған үйлердің қала бойынша құлатылуға жататын апатты жағдайдағы және тозығы жеткен үйлер тізіміне енгізілгендігі жазылыпты. «2010-2013 жылдары Атырау облысында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» тапсырмаларын іске асыру мақсатында Атырау қаласындағы апатты жағдайдағы үйлер тұрғындары жаңадан пайдалануға берілетін тұрғын үйлерге көшіріліп отырылады» делінген хатта үйі апатты деп саналатын отбасылар кезегіне тұру үшін, тұрғын үй секторы мамандарына қажетті құжаттар тапсыруын ескертіпті. Бірақ, бұл хат келгелі де еш өзгеріс болмаған соң, тұрғындар құзырлы органдарға қайта жүгінеді.
Материалымыздың басында айтылған Верхний өткелі көшесіндегі №3 үйдің тұрғыны Гүлбану Тоғаеваға қала әкімінің орынбасары Ж.Қарағаевтан да хат жетіпті. «…2013 жылдың 26 сәуіріндегі №123 қабылдау кәртішкесі бойынша…» деп басталатын хатта апатты үйлер туралы бірауыз сөз жоқ. «Сіздің бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлер кезегіне 2010 жылдың 15 ақпанынан бастап тіркелгендігіңізді хабарлайды» делінген хатта әкім орынбасары «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74 бабына сәйкес, … азаматтардың құқықтары тең деп саналады. Және мәселе кезегіне қарай шешілетіндігін қаперіңізге береді…» деп қысқа қайырыпты. Бұл не, келемеж бе?
«Ендігі біздің талабымыз – қалалық әкімдік арнайы комиссия құрып, үйлерімізді өз көздерімен көріп шықса, бір шешімін, нақты жауабын берсе. Әйтпесе, бізде шегінетін жер қалған жоқ» дейді апатты үйлер тұрғындары.

P.S. Қарашаның 13-і күні қала әкімінің орынбасары Ж.Қарағаев мырзаға біз де редакция атынан хат жолдадық. Желтоқсанның бесі дегенде жеткен хатта аталмыш тұрғын үйлердің Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы мамандарының 2012 жылғы 21 желтоқсандағы зерттеу қорытындысы негізінде қала бойынша апатты жағдайдағы көп пәтерлік үйлер тізіміне енгізілгендігі, бірақ үйлерді күреп тастау жөнінде қала әкімінің шешімі қабылданбағандығы айтылыпты. Ол шешім қашан шығады, бұл әзірге сұрақ белгісі күйінде қалып отыр…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз