
Сыныққа сылтау көп
Жуырда жергілікті белсенді, инфлюенсер Нұрлан Жонасовтың көтерген «Qazaq-SnabStroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты оқиға әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс туғызып, қызу талқыланды. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, біз іле-шала аталған серіктесіктің өкілдеріне хабарласып, жағдайдың мән-жайын білуге тырыстық.

Сөйтсек, 2024 жылдың 6 қыркүйегінде «Qazaq-SnabStroy» ЖШС-нің сол кездегі директоры Рабилла Өтеулиева мен мердігер арасында құрылыс-монтаж жұмыстарын жасауға шарт жасалған екен. Оның талаптарына сәйкес мердігер былтырғы 31 қазанға дейін мұнай базасында асфальтті бетон жабынын орнату бойынша міндеттемеге келісіпті. Келісім-шарт жасағанда да, мердігер смета бойынша жасалатын 7 223 шаршы метр аумақтағы барлық жұмысты уақытынан кешіктірмеуді мойнына алған.
– Алайда, мердігер белгіленген мерзімде, тіпті жұмыс көлемінің 50%-ын істегенде де сметалық құжат тапсырған жоқ. Яғни 31 қазанға дейін асфальтті бетон жабынының жоғарғы және төменгі қабатын орнату және жабын жиектерін нығайтуы қажет еді, бірақ шарт бойынша ол тиісті көлемде жүзеге аспады. Біздің компания нақты орындалған жұмыстың бір бөлігі үшін актілермен расталған көлемге ғана қаржыны төледі де, мердігер 2024 жылдың қыркүйегінде шартта көрсетілген 7223 шаршы метр аумақты және сметалық құнын негіздеу үшін алды. Ал, жұмыс аяқталған соң біздің берген жазбаша ескертпелеріміз мердігер тарапынан ескерілмеді. Біраз уақыт өткен соң ауа райының қолайсыздығын сылтауратып, жауапкершіліктен сытылып кетті, — дейді атын атамуды сұраған «Qazaq-SnabStroy» серіктестігінің өкілі.
Шынында да мердігер асфальтті бетон жабынының төменгі ірі түйіршікті қабатын 12-15 желтоқсан аралығында төсеген. Ақыры істің соңы сиырқұйымшақтанып, бұл жолы мердігер өз әрекетін Атырау қаласындағы асфальтбетон зауыттардың қысқы маусымға байланысты жұмысын тоқтатуымен түсіндірген көрінеді.
Сараптама жасағанда, объективтілік үшін тиісті жабынның төменгі ірі түйіршікті қабатының сапасын зертханалық талдау үшін жабын үлгілері бар өзектерді іріктеу кезінде мердігердің өзін қатыстыра отырып, 21 желтоқсанда жабын сапасы бойынша техникалық тексеру жүргізілген және жабын үлгілері бар үш өзек іріктелген. Ал 30 желтоқсан күні берілген сарапшылардың техникалық қорытындысында 413 шаршы метр жабын сапасының талапқа сәйкес еместігі, сондықтан оны қайта жасау қажеттігі көрсетіледі.
– Осы қорытындыны және орындалған жұмыстар туралы қол қойылған актілерді ескере отырып, біз қаржының келесі бөлігін төледік. Бұл 7223 шаршы метрден ақаулы деп көрсетілген 413 шаршы метрлік ауданды есепке алмағанда, 6810 шаршы метр болатын төменгі ірі түйіршікті қабат үшін тиесілі қаражат. Демек шартта көзделген жұмыстар мен нақты жұмыстардың орындалуын ескере отырып, мердігермен толық есеп айырыстық, — деп қосты серіктестік өкілі.
Оның айтуынша, мердігер өз жұмысын тек негізгі және төменгі қабат бойынша ғана орындап отыр, бұл «толық көлемде орындалды» деген сөз емес. Ал, жоғарғы қабат бойынша жұмысты мердігер әлі орындамаған.
Серіктестік өкілі мұны мердігердің өзі растайтынын және жұмыстың аяқталуына қарамастан, мерзімін күн жылынғанша, яғни көктемге дейін ұзарту туралы келісім жасауды талап ететінін атап көрсетті. «Нақты айтқанда, Н.Жонасов көтергендей, мердігердің қойған талаптары негізсіз, өйткені шартта көзделмеген» деп сөзін пысықтай түсті біз ақ-қарасын білмек болған мекеменің өкілі.
Әңгіме барысында ол көрінеу жалған ақпарат тарататын адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін компания құқық қорғау органдарына өтініш түсіргенін де жасырған жоқ. Енді «Qazaq-SnabStroy» компаниясы толық көлемде орындалмаған жұмыстарды және орындалған көлем бөлігінің қанағаттанғысыз тұстарын ескере отырып, өзінің заңды мүдделерін қорғау туралы сотқа жүгінуге ниетті.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ
Суреттер Нұрлан Жонасовтың әлеуметтік желідегі видео стоп кадрдан алынды