Жарнама
Қоғам

«Сұмдық көрініс көз алдымда тұр»

1986 жылдың 26 сәуірі адамзат тарихындағы ең алапат апаттың күні ретінде есте қалды. Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогы жарылып, орасан зор радиоактивті бұлт аспанға көтерілді. Бұл апат бүкіл әлемге қауіп төндірді. Украинамен қоса, Ресейдің Брянск, Калуга облыстары мен Беларусь, Балтық елдеріне, тіпті Орталық Азияға дейін радиоактивті шаң тарады.

Иә, бұл соғыс емес еді. Бірақ адам өмірін жалмаған, табиғатты улаған мылтықсыз майдан болатын. Мыңдаған адам өз еркімен немесе бұйрықпен апат салдарын жоюға жұмылдырылды. Олар «ликвидаторлар» деп аталатын. Солардың қатарында Атырау жерінен аттанған азаматтар да болған еді. Олар радиациямен күресіп, халықты қауіпсіз аймақтарға көшіруге көмектесті. Станцияның үстіне бетонды саркофаг салуға атсалысты. Жуырда «мылтықсыз» майдан сарбаздарының айтарын тыңдаған едік.

Мылтықсыз майдан қаһармандары

Атырау қаласының тұрғыны, көлік жүргізушісі болып еңбек жолын бастаған Мақсот Сидекешов – бүгінде тарих қойнауында қалған Чернобыль апатының тікелей куәгері. Ол 1986 жылы қалалық әскери комиссариаттан шақырту алып, сол жылы сәуірде орын алған ядролық апаттың зардабын жою жұмыстарына қатысу үшін Украина жеріне аттанған болатын.

Қарапайым еңбек адамы өзге 150 атыраулықпен бірге Житомир облысындағы «Зелёный мыс» елді  мекенінде онкүндік дайындықтан өтіп, артынша радиация жайлаған Чернобыль атом электр стансасы маңында нақты жұмыстарға кірісті. Ең қауіпті аймақта қызмет етіп, адам өміріне қауіп төнген сәттерде де батылдық танытқан Мақсот ағамыз апат салдарын жоюға автокран жүргізушісі ретінде өз үлесін қосқан.

– Бізге атом электр стансасы аймағына кіріп, рұқсатпен арнайы тапсырмалар орындауға бұйрық берілді. Көп нәрсені көзбен көрдік, оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Радиацияның иісі сезілмесе де, оның салдарын кейін түсіндік қой. Көптеген жолдастарым мезгілсіз дүниеден өтті, кейбірі мүгедек болып қалды. Енді бірі өмір бойы денсаулығымен күресіп келеді. Бірақ өкінбейміз. Бұл бір тарихта таңбаланар ауыр кезең еді, — дейді ол.

Оның Чернобыльдегі қызметі 1986 жылдың 18 желтоқсанына дейін жалғасқан. Сол бір кезеңдер – оның ғана емес, барша қазақ жауынгерінің ерлікке толы өмірінің айғағы. Ерен еңбегі ескерусіз қалмады. 1986 жылдың 8 қыркүйегінде Чернобыль атом электр стансасындағы апат салдарын жоюға белсене қатысқан атыраулық азамат – Мақсот Сидекешов Киев облыстық кәсіподақтар кеңесінің арнайы Алғыс хатына ие болды. Хат Киев облыстық кәсіподақтар кеңесінің мөрімен расталып Чернобыль қаласында табысталған. Бұл құжат – сол кезеңдегі еңбек ерлігі мен азаматтық жауапкершіліктің айқын дәлелі. Әңгіме кейіпкерінің қарапайым жүргізуші ғана емес, сын сағатта сыр бермеген нағыз азамат болғанын дәлелдейді. Оның ерлігі мен өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Рамазан Мәжитов – Чернобыль апатының зардабын жоюға белсене қатысқан атыраулық ардагерлердің бірі. Ол 1986 жылы Жылыой ауданындағы ТШКС өндірісінде 94-механизатор болып жұмыс істеп жүргенде әскери комиссариаттан шақырту алып, арнайы тапсырмамен Украинаға аттанады.

– 15 сәуір күні Белоруссияның Гомель облысына, кейін Хойники қаласына жеттік. Біз сол жерде арнайы химиялық әскер құрамында болдық. Мен тракторист мамандығыммен Чернобыль аймағында экскаватормен, арнайы техникамен жұмыс істедім, — деп еске алады Рамазан аға.

Ол кезде радиациядан ластанған техникаларды, машиналарды тасымалдап, оларды көметін арнайы полигондарға жеткізген. Таңғы сағат 6-дан бастап түнге дейін қауіпті аумақта тер төгіп, кешке қарай Дудичи елді мекеніне қайта оралыпты.

– Күн сайын радиацияның ортасында жүрдік. Мұны Отан алдындағы борышымыз деп сезіндік. Сол жолы 6 ай бойы сонда болдым. 1989 жылдың 15 сәуірінен 20 қарашаға дейін тағы бір мәрте барып, екінші кезеңде де жұмыс істедім, — дейді Чернобыль ардагері, бірнеше медальмен, Алғыс хатпен марапатталған ардагер Рамазан Мәжитов.

Тағдырдың талқысына түскенде…

Адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат – Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыс әлем халқын алаңдатқан оқиға болды. Радиация зардабын жоюға кеңес одағының түкпір-түкпірінен мыңдаған адам тартылды. Солардың қатарында атыраулық Құбаш Бисенбай да бар еді.

Ол кезде Құбаш ағамыз Атырау қаласындағы асфальт зауытында оператор болып жұмыс істеп жүрген. 1986 жылдың шілдесінде қалалық әскери комиссариаттан шақырту келіп, медициналық тексеруден өткен соң, арнайы топ құрамында апат аймағына жіберіледі.

– Біз 40 адамнан құралған топпен Украинаның Зелёный мыс ауылына жеттік. Онда 10 күндік дайындықтан өтіп, Чернобыльдегі бетон зауытына орналастық. Мен бетон құю стансасында операторлық қызметке кірістім. Жұмыстың негізгі бөлігі – радиация жұққан техникаларды тазалап, бетонмен көміп, залалсыздандыру болатын. Таңғы 6-дан бастап кешке дейін еңбек еттік. Арнайы киім, бетперде, құрал-сайман берілді. Соған қарамастан радиация қаупі үнемі жанымызда болды,-дейді Құбаш Бисенбай.

Құбаш Бисенбай Чернобыль апатынан кейінгі ең қауіпті аймақтардың бірі – 4-блок маңындағы «А» блогында жұмыс жасаған.

– Менің міндетім – арнайы миксермен апат орнын бетон құйып жабу болды. Қызу жұмыс жүріп жатқан кезде радиоактивті қалдықтар шашырап жататын. Соған қарамастан, бізге артылған жауапкершілікті толық атқардық,  — дейді ардагер.

Бүгінде өзі құрметті зейнеткер. ВЧ 74123 әскери бөлімінің құрамында болған ол Чернобыльдегі ерлігі үшін бірнеше медальмен наградталған.

«Бізден ешкім сұраған жоқ»

Сейітжан Әбуовтің  де Украинаның Донецк қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген кезі.  Жасы 18-19-дағы бозбала. Елде мұндай оқиға орын алған кезде, алдымен іске жауынгерлерді тартады. 26 сәуірдің таңында оларды дабылмен көтеріп, поезбен Киевке алып келеді. Бұл қаладан 30 км жердегі балалар лагеріне орналастырып, әрі қарай  оқиға орнына алып барған.

– Солдат бұйрыққа бағынады. Қайда, не үшін бара жатқанымызды ескертпейді. Қайда жіберсе, сол жерге баруға міндеттіміз. «Барасың ба, бармайсың ба?» деп те сұрамайды. Өйткені біз сарбаздар едік. Еркімізге салмайтын. Донецкіге әскери борышымызды өтеп жүрген менен бөлек 20 шақты атыраулық болды. 

Біз  келгенде қалада жан болмады. Үңгір. Иесіз қалған үйлер. Қаңғыған  мысық пен ит. Олардың жүндері түсіп қалған.  Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Әлі күнге дейін көз алдымда, — деп еске алады кейіпкеріміз.  

Барған адамдар ондай жұмысқа арнайы дайындалмаған болатын. Бірақ радиацияның таралу ауқымын азайтып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға күш салулары керек еді. Өртті дереу сөндіру, тұрғындарды жаппай эвакуация жасау және йод таблеткасын тарату тәрізді шаралардан соң да жұмыс азаймаған.

Бірнеше ай бойы апат салдарын жоюшылар оқиға орнындағы 30 километр аумақта жұмыс істеді, бұзылған реактор үстіне бетоннан саркофаг құйды. Сейітжан Әбуов – оқиға орнына ең алғаш болып барғандардың бірі. Оның айтуынша, тұрғындарды аяқ астынан көшіріп жіберген соң, естерін жинаған халықтың арасында  үйлерінде қалған заттарын, киім-кешек, дүние-мүлкін алуға кері келгісі келгендер болыпты. «Өзгелер ұрлап ала ма?» деген ойлары да жоқ емес-тін.

– Біздің міндет қоғамдық тәртіпті қадағалау еді. Бекеттерде тұрдық. Халықтың мүлкін қорғау да міндетімізге кірді. Иесіз қаладағы сұмдық көрініс көз алдымда тұр. Қылшықтары жоқ, тек терісі ғана қалған ит, мысықтың тамақ сұрап қыңсылаған дауыстары құлағымда қалып қойды. Радиациялық фонның ең қатты мезгілінде барған соң біз ол жерде бір ай, он күндей болдық.  Себебі, сол уақыт аралығында бойымызға мөлшерден жоғары көлемде радиация алған болуымыз керек,

Тәулік сайын киім-кешектеріміз ауыстырылып, үстімізден түскендерін өртеп жіберетін. Противогаз, распиратор, дозиметр деген қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етті. Дозомтер радиацияның мөлшері көбейген жерде белгі береді. Ол жерді баспауымыз керек. Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыс 1986 жылдың сәуірінде болды. Ал саркофагты 1989 жылдың қараша айында жауып, бітірді. Толығымен жабылды деп айтады, бірақ әлі күнге дейін ол жерде қауіп бар, — деп күрсінді кейіпкеріміз.

Чернобыль апаты – техногендік ғана емес, адами трагедия. Онда күрескен жандар бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін өз денсаулығын, кейде өмірін қиды. Бүгінде сол батырлардың көбі арамызда жоқ. Ал көзі тірілерінің көбі баспанаға мұқтаж. ҰОС ардагерлеріне теңестірілсе де баспана кезегі түгілі, кезекке қойғанда да жеңілдік жоқ көрінеді.  Бірақ олардың ісі, ерлігі мәңгі есте қалуға тиіс.

Түйін

Қарап отырсақ, бұл күнге дейін реактордың жарылуының катализаторы туралы біржақты пікір жоқ. Кейбір сарапшылар «бұған жабдықтардың ақаулығы және атом электр стансасын салу кезінде жіберілген қателіктер себеп болды» дейді. Тағы бір бөлігі реакторды пайдалану ережелерін өрескел бұзуға әкеліп соқтырған ықтимал диверсия мен эксперименттер туралы шағым жасайды. Енді бірі адам факторы туралы, атап айтқанда, реактордың дұрыс жұмыс істеуі үшін жауап беретін Чернобыль АЭС жұмысшыларының немқұрайлылығы мен жауапсыздығы себепші деген пікірде.

«Егер құрылыстың басында реактор жобада көрсетілгендей бетон қақпақпен жабылғанында, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді» деген де пікір бар.

Чернобыль апатына қатысты барлық дерек жылдар бойы қатаң құпияда сақталды. Ұзақ уақыт тарихтың ақтаңдағына айналған апаттың шындығы жылдар өткенде айтыла бастады. Дегенмен, әлі күнге дейін ашылмаған фактілер бар. Бір ғана мысал, кейіннен белгілі болғаны, заң бойынша әскерде жүрген сарбаздарды мұндай оқиға орындарына апаруға болмайды екен. Яғни, заңсыздықтарға жол берілген және мұндай мысалдар мыңдап саналады. 

Жазып алған Рита ӨТЕУҒАЛИ

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button