Жарнама
Қоғам

Су шаруашылығы саласының ардагері Бисен Қуанов: Дүрлігудің қажеті жоқ


Биылғы көктемнің жылдағыдан гөрі ерекшелігі бар. Осы қыста Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ресейдің көршілес аймақтарында қар қалың жауды. Ақпанның соңы, наурыз айында жауын-шашын көп болды. Соның салдарынан өр суының келуі де өзгешелеу, күрделілеу болып жатыр.
Баршамызға белгілі, Жайық өзенінің суы Ресейдің Челябі облысының, қалаберді Башқұртстан Республикасының жерінде су қоймаларында жинақталады. Сонда еріген қар мен жауған жаңбыр суы сол аумақтағы шағын өзендерге құйып, соңынан Жайыққа келіп қосылады. Соңғы бірнеше жылдан бері трансшекаралық өзен саналатын Жайығымыздың суы тартылып, арнасы тарылып, су тапшылығын сезініп келдік. Биыл енді судың мол келетіні байқалады.
Сәл шегініс жасасам, 1993-1994 жылдары Жайықтың суы қатты тасып, арнасынан асып кетті. Биыл да сондай жағдайдың қайталануы мүмкін. Рас, сол уақытта су тасқынына қарсы көптеген жұмыстар жасалды. Жағалауда орналасқан елді мекендердің тұсынан бөгеттер салынып, дамбылар соғылды. Әйткенмен, содан бергі мезгілде сол жамбылардың дені шөгіп, аласарып қалды.
90-жылдардағы су тасу кезінде түрлі қиындықтар болды ғой. Көп елдімекендерді дұрыс қорғай алмадық. Соларға су шығып кетті деп қорқып, кейбір жерлерді ашуға тура келді. Айтайын, жергілікті жерде Нарын, Бақсай, Соколок және Сарыөзек деген каналдар бар. Біз соларды ашуымыз керек. Бүгін емес. Ертең су арнасына толып қиындық келтірген кезде сол каналдарды ашуға әкімшілік тиісті уәкілетті органдармен бірлесіп, дайын болуымыз керек. Ол кесте сияқты қазірден бастап жасақталып қоюы қажет.
Бүгінде Жайық өзеніне жоғарыдан мол су келе жатыр. Бізге жеткенше, шамамен 15-20 күн өтеді. Ендеше, соған дейін бөгеттерімізді бекемдеп, жоспарланған іс-шараларымызды жүзеге асырып үлгеріп, тасқын судың бетін тойтаруға сақадай-сай дайын болуымыз қажет.
Содан соң тек «Қазгидрометтің» берген мәліметтерімен шектеліп қалмай, ресейлік әріптестермен де тығыз байланыс орнатқанымыз дұрыс. Қажеттілігіне қарай Оралға, Орынборға барып, нақты жағдайды көзбен көріп, бақылап қайтса да артық болмайды деп есептеймін. Міндет – қайткенде де қауіптің алдын алып, елді тасқын судың зардабынан аман алып қалу.
Дегенмен, мәселенің екінші жағы бар. «Тасқын су келе жатыр!» деп жұртты дүрліктірудің, «Ресейдің Иреклі су қоймасы ашып отыр» деп қорқудың керегі жоқ. Көп көлемде су келсе, Жайық өзені толады. Оның біріншіден, Жайықтың жағасындағы орман, ағаштарға пайдасы бар. Екіншіден, Жайықтың жағасындағы шаруалар егіндеріне су шығара алмай отыр ғой. Солар арнайы сорғылар арқылы су алуына мүмкіндігі бар.
Каспий теңізіне келіп құятын көп су балықтарға жақсы. Жайыққа шығып, уылдырық шашады. Балық шаруашылығына пайдасы бар. Ауыл шаруашылығына да тиімді. Экологияға оң септігін тигізеді. Қала берді Каспий теңізінің суын молайтуға пайдасы бар. Соңғы жылдары Жайық суының сапасы нашарлап кетті. Ағыстың жоқтығынан тұрып қалған, ағынды суға айналғандай еді. Ертең су келгеннен кейін өзен біршама тазарып қалады.
Судың мол болғаны біз үшін жақсы. Жайық өзенінің арнасы толуы керек. «Ресей бізге су бермей жатыр, су келмей жатыр» деп жылда бір әңгімені жыр қылып айтып жүрміз ғой. Енді, міне, су келе жатыр. Әңгіме – оны тиімді пайдалануда. Қорқудың ешқандай қажеті жоқ деп есептеймін.
Бисен ҚУАНОВ,
су шаруашылығы саласының ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button