ҰСТАЗ БАҚЫТЫ
Өмір теңізіне құлаш ұрған әрбір шәкірт ұстазымен мақтанады. Біз де қазақ мұнайының қара шаңырағы Доссор кентіндегі Абай атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі болған Дарияш ұстазымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Қай пән болмасын, әсіресе, математиканың күрделі жүйелерін шәкірт зердесіне құя білу оңай емес. Ол ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігіне, терең білімділігіне, адамгершілігіне байланысты. Біз ұстазымыздың бойынан асыл қасиеттерді көрдік. Математика пәнін өте ұғынықты, нақты оқытумен қатар, шәкірттерін ізгілікке, инабаттылыққа баулыды. Табандылықпен еңбек етіп, алдымызға биік мақсаттар қоюда өзін үлгі ете білді. Шәкірттерін ұйытып, болашаққа жетелейтін игі істің арқасында біз де ұстазымызға еліктеп, мұғалім болуды армандадық. Арманым орындалды. Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін өзім түлеп ұшқан Абай атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасып, ұстазыммен үзеңгілес жұмыс жасаған кезімді жұлдызды сәтім деп білемін. Өйткені, ол жас мамандарға мол тәжірибесін ортаға салып, мұғалім мамандығының қыр-сырын үйретті.
Дарияш апайымыз жаңалыққа жаны құштар, үнемі ізденіп, шығармашылықпен еңбектенеді. Сол кезеңде факультативтік сабаққа дайындалуы, өткізуі ұстаздарға үлгі болатын.
Осы орайда, апайдың жолдасы ұлағатты ұстаз Жұмат Алдияров ағаны ыстық ілтипатпен еске аламын. Жұмат ағаның қолы өте шебер, басқа мектепте жұмыс жасаса да апай екеуі жұптарын жазбай бір-біріне көмектесіп, жаңалықтың жаршысы болып жүретін. Мұны айтып тұрған себебім, мектептерге сабақ берудің «кабинеттік жүйесін» енгізу міндеті қойылғанда, мектепте ғана емес, ауданда алғаш рет Дарияш апай «математика кабинетін» жасақтады. Бұл жаңалық облыстағы оқу бөліміне де белгілі болды.
1975-1980 жылдары Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Дарияш Сарбаеваның жоғары сынып оқушыларының математика сабақтарында жаңа құралдарды пайдалану, оқыту тәжірибесі жөнінде облыста кітапша шығарылып, таратылды. Бұл жас мамандарға сабақ өткізуге үлкен методикалық көмек болды.
Сондай-ақ, қазіргі оқыту әдістемесінде қолданып жүрген жаңа технология әдісі Дарияш ұстазымыздың кезінде бастау алды деуге толық негіз бар. Айталық, бұрынғы емтихан қорытындысын «перфокартамен» тексеру, қазіргі кездегі «тест» – осының баламасы.
Осындай озық тәжірибелерді пайдаланып, шәкірттеріне терең білім берген аяулы ұстазымыздың маңдай тері, қажырлы еңбегінің жемісі өмірде сайрап жатыр. Оның айғағы ұстазымыздан білім алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Рамазан Сарғұнанов – облысымызға белгілі мұнайшы, Ұлдай Әлжанова –теміржол саласының қаржыгері, Жолыш Мәмбетова, Маруся Жұбатқанова – дәрігерлер, Мақпал Оразбаева, Жақсылық Алтыбаев – математика пәнінің мұғалімдері болды.
Жұмат ағай мен Дарияш апайдан өрбіген ұрпақтары – өз саласының білікті мамандары, тәрбиелі азаматтар. Гүлсім – ғалым, шетелдік компанияда еңбек етеді, Самат – жоғары оқу орнының ұстазы, Марат – авиация саласының белді қызметкері, Гүлзия – мектепте ұстаз. Немерелері Аслан – кәсіпкер, Айбол –Испанияда авиация саласындағы білімін жетілдіруде.
Міне, жапырақтары жайылып, көсегесі көгеріп, немере-шөберелерінің қызығына бөленіп, сексеннің сеңгіріне шыққан Дарияш Сарбаева ұстазымыз – осындай бақытты әже.
Фания СЕЙІТҚАЛИЕВА, шәкірті, Мақат ауданы.