Жарнама
Қоғам

Сочи Олимпиадасы: ҮМІТ ОТЫ МАЗДАЙДЫ

 Олимпиадаға кімдер барады?

Сочиде өтетін ХХII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы спорттың 11 түрінен қатысып, 58 спортшымыз бақ сынайды. Олар — шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, фристайл, биатлон, шана спорты, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд және тұғырдан шаңғымен секіру.

Шаңғы жарысынан 14 спортшы сынға түседі. Жанкүйерлер ерлер бәсекесінде Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостин, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Александр Малышев және Денис Волоткадан жүлде күтеді. Ал әйелдерден –  Марина Матросова, Елена Коломина, Анна Шевченко, Татьяна Осипова, Виктория Ланчакова және Анна Стоян.

Конькимен жүгіруден 6 спортшы қатысады. Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч,  Александр Жигин, Федор Мезенцев ерлер арасынан сынға түссе, әйелдерден Екатерина Айдова ел намысын қорғайды.

Мәнерлеп сырғанаудан жанкүйерлер Абзал Рақымғалиев пен Денис Теннің өнеріне үмітпен қарайды.       

Шорт-тректен Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев, Артур Сұлтанғалиев, Денис Никишин, әйелдерден Инна Симонова жарысқа қатысады.

Фристайл бойынша 6 спортшыға сенім артамыз. Ерлерден могул бойынша Дмитрий  Рейхерд, акробатикадан Сергей Берестовский қатысады. Ал әйелдер арасынан могул бойынша Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова, акробатика бойынша Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова бар.

Биатлоннан 10 спортшы бақ сынайды. Ерлер бәсекесінде Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов, Александр Трифонов жарыс жолына шығады. Ал әйелдер бәсекесінде Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина Вишневская жүлдеге таласады.       

Шана спортынан 6 спортшымыз бәйгеге түспек. Артур Байбачинов, Сергей Коржнев, Юрий Веселов, Иван Макивчук, ал әйелдер арасынан Елизавета Аксенова, Татьяна Невзорова қатысады.

Тау шаңғысынан  Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин және Мартин Хубер сынға түседі. Сонымен қатар, Екатерина Черепанова бақ сынайды. 

Шаңғы қоссайысынан Сергей Шарабаев, сноубордтан Валерия Цой қатысады.

Тұғырдан шаңғымен секіруден  Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцевке Қазақ елі сенім артып отыр.

Біздің  шаңғышылар қайда?

Қысқы олимпиада ойындарына Атырау облысынан бірде-бір спортшы ел құрамасы сапына қосылып көрген емес. Осы жолы да солай. «Бұған басты себеп – өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға ауа райының қолайсыздығы әсер етуде», — дейді мамандар. Алайда, мұны «сылтауратып» отыра беруге тағы болмайды. Біз облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асан Раушановтан өңірде қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы білдік.

– Шынымен, Атырауда қыс-қы спорт түрлерімен мақтана алмаймыз, — дейді Асан Сайынұлы. – Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін қазір балалар хоккейіне үлкен көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта қашықтыққа конькимен жарысатын олимпиадалық спорт түрі – шорт-трек мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Ұйымдастыру мәселелері шешілуде. Бұл спорт түріне қызығушылық танытып отырғанымыздың бірден-бір себебі – биылғы олимпиадаға шорт-тректен қазақстандық спортшылар алты лицензия алып отыр.

Алдыңғы жылдары қала көшелері бойында алты мұз айдыны болған еді, алайда, биыл мұндай жұмыс жүргізілген жоқ. Өйткені, осы уақытқа дейін күн жылы болып келді. Сондай-ақ, өткен жылдары биатлоннан турнир өткізіліп келген еді. Ал, биыл қардың жоқтығынан бұл жарысты да ұйымдастыру мүмкін болмай отыр.    Бірақ, бұған қарамастан, мұзда балық аулау, шанамен жарыс, суға түсу сынды жарыстар қалалық деңгейде ұйымдастырылып келеді.

Басқарма басшысы Асан Раушановтың айтуынша, балалар хоккейі, мәнерлеп сырғанау спортын дамыту мақсатында қолда бар барлық мүмкіндіктер пайдаланылуда. Қазір сексеннен астам бала хоккей спортына бейімделуде. Облыс намысын талай рет асқақтатқан «Бейбарыс» хоккей командасындағы ағаларының ізін жалғап жүрген жергілікті жас хоккейшілер жуырда Рудный қаласында өткен 2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының ІІ кезеңінде үлкен жетістікке жетті. «Бейбарыс» балалар хоккей командасының жаттықтырушысы Евгений Антоновтың айтуынша, жерлестеріміз алты кездесу өткізіп, үш ойында таза жеңіске жетті. Ал, екі ойында овертайм кезеңінде қарсыласқа жол беріп, 12 ұпаймен командалық есепте ІІІ орын еншіледі.

— Балаларды, ең алдымен, коньки тебуге үйретеміз, — дейді жаттықтырушы Евгений Антонов. — Өйткені, қыс мезгілінде өзенде мұз ай жарым уақыт қана тұрады. Сол себепті, балаларды мұзда еркін сырғанауға үйретуге көбірек көңіл бөлеміз. Хоккейшілердің ең кішісі 5-6 жаста болса, ең үлкені 15 жас шамасында. Ынтасы бар балаларға секцияға жазылуға еш қарсылық жоқ. Алайда, баланы хоккейге ерте жастан бастап әкелген тиімдірек. Соған орай, баланың қалыптасу жүйесі хоккеймен бірге дамиды.

Қазір балалардың хоккей командасы құрылды. Олар өздерінің хоккей спортындағы алғашқы ойын өрнегін көрсетуде. Мұндай жарыстар олардың алға ұмтылуына себеп болады. Балалардың арасында болашақта үміт күттіретіндер де жетерлік. Егер хоккей спортына ынталарын жоғалтпай, үлкен жауапкершілікпен дайындалса, болашақта атақты хоккейшілер Атыраудан да шығары даусыз.

Мәнерлеп сырғанау – үлкен өнер

Осыдан бірер жыл бұрын Атыраудағы мұз айдынында мәнерлеп сырғанау үйірмесі ашылып, кішкентай бүлдіршін қыздар жаттығып келеді. Мұз айдынында еркін жүріп, әрі мәнерлеп билеу, сырғанау оңай шаруа емес. Тіпті, спорттың ең қиын түрі десе де болады. Мұнда талапкер конькимен сырғанап, музыкаға сәйкес әсем қимыл жасап, айналып, секіреді.  

Қазіргі таңда үйірмеге оннан астам бүлдіршін қыз бала қатысуда.  Мәнерлеп сырғанауға кішкентай қыздарды жаттықтырып жүрген Лаура Тауманованың айтуынша, үйірмеге жазылуға ынта білдіргендер саны күннен-күнге артып келеді. 

– Қыздардың мұзда мәнерлеп сырғанаумен айналысқанына көп уақыт болған жоқ. Бар-жоғы жарты жыл уақыт ішінде кіп-кішкентай қыздар өздерінің тамаша қабілеттерін көрсете бастады. Ең бастысы, олардың бойындағы спорттың бұл түріне деген қызығушылықтары артып келе жатқанын байқап, қуанамын. Араларында болашақта үміт күттіретін шәкірттерім де бар, — дейді ол зор мақтанышпен. 

Үйірмеге бүлдіршіндер екі жастан бастап қабылданады. Жаттығу екі сағатқа жалғасады. Алғашқы сағатта мұз айдынында сырғанауға көңіл бөлінсе, кейін бұлшық еттерін жаттықтырып, жүгіріп, секіреді. Балаларды жастайынан салауатты өмір салтына баулу мақсатында ашылған бұл үйірмеге ата-аналар да оң көзқарастарын білдіруде.

Мұз айдынына жұма, сенбі және жексенбі күндері бұқаралық сырғанауға келушілер де аз емес. Алайда, осы жерде мұз айдыны қызметкерлерін және тұрғындарды толғандыратын мәселені де айта кеткен жөн. Бұл – қатынас мәселесі. Қала орталығынан алыс маңда орналасқандықтан, мұз айдынына келіп-кету қиындық тигізетіні ақиқат. Бұл бағытқа №4 және №30А маршруттары ғана жүреді. Ал, олардың қозғалысына реніш көп. «Қаланы түгел айналып жүретін бұл маршруттарды тосып тұру өте қиын. Әсіресе, қыс мезгілінде. Бұған қоса, үйірмеге қатысатын балалар конькилерімен, киімдерімен, иментаяқтарымен (клюшка) аялдамада ұзақ тұрып қалады. Сол себепті, көптеген ата-ана баласын үйірмеге жіберуден бас тартады. Тек жеке көліктерімен әкеліп-әкете алуға жағдайы жететін отбасылардың балалары ғана қатысып жүр», — дейді мұз айдыны қызметкерлері.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button