Соқыр сенім
«Сирия даласында жүрген кезде әскери ұшақтар тастаған бомбалардың астында бірнеше рет қалған сәттеріміз болды. Осындай төтенше жағдайларға арнап сөмке дайындап қоятынбыз. Онда ең керек деген заттарымыз сақталатын. Өзімнен бұрын балаларым үшін қатты қорқатынмын. «Сендер қазақсыңдар. Туған елдерің – Қазақстан. Мен олай—бұлай болып кетіп жатсам, сұраған адамдарға осылай айтыңдар» деп балаларымды үйретіп отыратынмын. Сирияда өткен бес жыл мен үшін нағыз тозақ оты болды. Ол жақта ешқандай да шариғат жоқ. Мұсылман мұсылманды өлтіріп, бірін—бірі талап жатыр. Аман—есен еліме келгеніме қуанамын» деді атышулы Сирия жерінен қашып шыққан атыраулық келіншек. Қазір ол Жылыой ауданында тұрады. Кезінде «отты нүктеге» екі жасар қызымен кеткен кейіпкеріміз соғыс даласында жүріп екі баланы өмірге әкелген.
Шариғаттың емес, қатыгездіктің заңы
«Сириядағы ахуал туралы бүгінде ақпарат құралдары жиі жазып жатыр ғой. Расымен де, ол жақта ешқандай шариғат жоқ. Кімнің кіммен және не үшін соғысып жатқандары да белгісіз. Ол жаққа кезінде, яғни, осыдан тура бес жыл бұрын күйеуімнің шақыртуымен кеткен болатынмын. Сирияға барған сәтте-ақ өкіндім. Бірақ, күйеуімнің айтқанынан шыға алмағандықтан, кері қайта алмаған едім. Әрі елге кері жол табу да қиын болды. Мүмкіндік қалай туды, солай елге оралып отырған жайым бар.
Күйеуім Қазақстанды «кәпірлердің елі» деп атайтын. «Бұл жерде халық адамның шығарған заңына бағынады. Ал, Сирияда біз шариғатпен өмір сүретін боламыз. Нағыз мұсылман мемлекетін қалыптастырамыз» дейтін. Бірақ, ол жақтағы картина мүлде басқаша еді. Ол жерде шариғаттың емес, керісінше, қатыгездіктің заңы бар. Қарама-қайшылық көп. Мәселен, «ислам мемлекетін құрып отырмыз» дейтін ДАИШ билігіндегілердің өзі мұсылмандардың басын шауып өлтіретін. Әділетсіздіктер көп еді.
«Күйеуімнің соңынан ердім»
Бірақ, қантөгіске қарамастан лаңкестер насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп отырады. «Біз тура жолда жүрміз» деген бағыттағы түсірілген фильм, роликтерін интернет арқылы тарататын. Листовкаларды үйді-үйге әкеліп тастайтын. Одан қалды ДАИШ билігіндегілердің арнайы дайындап қойған «ұстаздары» болады. Олар бізге тура жолда жүргендігіміз туралы уағыз айтатын. Арасында қолмен жазылған брошюралар таратады. Басқа елдердің кітаптарын, ғалымдарын мойындамайтын. «Бесіктен белі шықпаған бала қолына қару ұстады» деген әңгіме де жел сөз емес. Жасы он үшке келген ер балаларды бірден әскери дайындыққа алып кететін. Бірақ, кейбір аналар «әлі жас» деп, балаларын бұған бермей де жүрді. Мен ол жаққа «джихад жасау» мақсатында емес, ерімнің шақыруымен кеттім. Сирияға барған сәтте-ақ, маған ол жердегі жағдай бөтен елдегі соғыс сияқты көрінді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, біз сияқты шеттен келгендермен идеологиялық жұмыстар жоспарлы жүргізіліп тұрды. «Сендер хижра (Отанын тәрк ету – ред.) жасап келдіңдер. Хижра жасаушылардың барлық күнәсі кешіріледі. Ақиқат жолында өлсең, әр тамшы қаныңнан күнәларың кешіріледі. Жәннатқа кіресіңдер» дегенді жиі айтатын. Ол кезде менің діни ілімім болмаған еді. Сондықтан, тіпті, «джихад» деген ұғымның өзін аса түсіне бермейтінмін.
Сирияға кеткен кезде қызым екі жас шамасында еді. Ол елге Қырғызстан арқылы бардым. Күйеуім алдын-ала жолсеріктер дайындап қойған болатын. Олармен Қырғызстанның әуежайында кездестім. Әрі қарай жолым сол кісілермен бірге болды. Қырғызстаннан Түркияға өтіп, кейін автокөлікпен жүріп отырып, шекараға жеттік. Сөйтіп, біз Сирияның шекарасын заңсыз кесіп өттік.
Осылай жүргенде күйеуімнің соғыс даласында көз жұмғанын естідім. Қаралы хабарды маған жолдасымның жанында жүрген танысы жеткізді. Мүрдесін телефонның камерасына түсіріп әкеліп көрсетті. Сүйектің қайда қалғанын да білмеймін. Әйтеуір, адам қай жерде опат болса, сол жерде жерленеді дегенді еститінмін.
Күйеуім өлгеннен кейін жесір әйелдерге арналған үйде тұрдым. Арада алты ай өткеннен кейін, екінші жолдасым маған әйелдер арқылы құда түсті. Әйелдер алдымен тұрмыс құру туралы ойымның бар-жоғын сұрады. Күйеуге шыққым келмейтінімді айтқанда, «Қазір жағдай қиын. Қорған болатын ер адам керек» деп үгіттей бастады. Сөйтіп, куәгерлердің көзінше бір рет кездестік. Содан соң некелестік. Жергілікті жұрт «қоди» деп атап кеткен сот некемізді қиды. Ол Қырғызстанның азаматы. Ұлты ұйғыр болатын. Арамызда бір ұл бар.
Оралу
Жесірлер үйінде тұрған уақытымда ДАИШ территориясынан ұлты шешен әйелдің қашып шыққанын естіген едім. Сұрастыра келе онымен байланысқа шығудың сәті түсті. Телефон нөміріне хабарласып, көмек сұрадым. Бірақ, ол кезінде өзін территориядан шығарып жіберген адамдардың бұл іспен айналыспайтындарын айтты. Екінші рет, ДАИШ-тың құрамынан шыққысы келетін адамдардың барын естідім. Бірақ, оларды іздестіріп таба алмадым. Осылайша, бесінші жыл дегенде үшінші мүмкіндік туды. ДАИШ аумағын тастап, өз еліне кеткісі келетін адамдарды кездестірдім. Олардан көмек сұрадым. Бастапқыда олар менімен сөйлескісі келмеді. Бірақ, кейін ойлана келе, хабарласатындарын айтты. Сөйтіп, арнайы жол бастаушыларды іздестіріп, таптық. Елге кетіп бара жатқанымды екінші жолдасыма айтпадым. Қашып кеттім.
ДАИШ-тың бағындырып отырған территориясы автобуспен жүргенде шамамен қырық минуттық жер болатын. Бірақ, соған қарамастан, оларда күзет қызметі дамыған. Яғни, шекараның әр тұсында арнайы блог посттар болады. Ол жерден байқатпай өтіп кету мүмкін емес. Жол бастаушылар бізді ДАИШ-тың күзет бекеттерінен жасырын жағдайда шығарды. Үлкен жүк көліктерінің ішінде сандыққа ұқсас нәрсені орналастырған. Бізді сол сандықтардың ішіне жатқызды. Шамамен ұзындығы екі метр, ені бір метрдей болады. Үлкендер жағы шыдаймыз ғой. Балалар жыламас үшін оларға ұйықтататын дәрі бердік. Бізді байқап қоймас үшін көліктің ішін сықаған затқа толтырды. ДАИШ-тың территориясынан шыққаннан кейін шөл даламен сегіз сағаттай жол жүрдік. Әрі қарай қандай жолмен жүргенімізді білмеймін. Жол көрсетушінің айтуы бойынша, ДАИШ территориясынан Түркия жеріне жеткенге дейін 150 бекеттен өткен екенбіз. Осының барлығына шамамен жиырма сағатқа жуық уақыт керек болды. Әр бекеттен өткен сайын көлікті тінтітпес үшін жолсерік барлық тексерушілерге ақша беріп өткен. Сириядан Түркияға жету үшін өз басым 5 мың доллар төледім. Бұл төменгі баға. ДАИШ территориясынан адам алып шығудың құны 15-20 мың долларға дейін көбейе береді. Маған қаражатты елдегі қайын бикем жіберді. Қазақстандағы құзырлы органдар арқылы келісім болғандықтан, ақша алдымен Түркияға аударылды. Одан әрі Сирияға қаражат жеткізуші делдал іске араласып, ақшаны маған алып келді. Қызметі үшін соманың он пайызын алды.
Ащы шындық
Шыны керек, біз әйелдер жағы өз арамызда ДАИШ-тың істеп жүрген тірлігін ашық талқылауға қорқатынбыз. Себебі, оларға ашық қарсылық танытқандарды табан астында атып тастайтын немесе басын кесетін. ДАИШ-тың адасқанын ашық жариялағаны үшін екі қазақ жігітін дарға асқанын да естідім. Жанымда болған қыздардың айтуынша, жігіттер Батыс Қазақстан өңірінің тумалары екен.
Дінді ұстануға барлық мүмкіндікті жасап отырған еліміздегі бейбіт өмірдің қадірін білсек деймін. Жетіге толған үлкен қызым бірінші сыныпқа барып жүр. Ортаншы қызым төртке толады. Ол мектептің тілашар курсында. Кенже ұлым алты айлық. Енді балаларымның болашағы үшін жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүрсем деймін. Басты арманым да осы» деді кейіпкеріміз қоштасып тұрып.
Мұхиддин ОМАРОВ, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:
Кейіпкеріміз дінді түсінбеген
Бүгінгі кейіпкеріміз әу бастан псевдосалафизм бағытын ұстанған. Бірақ, әлі күнге дейін сунна мен мәзһабтың айырмашылығын білмейді. Яғни, діни білімі өте төмен. Оның кезінде «отты нүктеге» өз еркімен кетуіне де исламның шынайы негіздерін түсінбеуі себеп болған.
Олар «Алланың сипаты бар. Мекені аспан. Алла аспанда аршының үстінде отыр. Түн ортасында аспаннан түсіп, дұғаларды қабыл етеді» деген сенімде жүреді.
Таңғалатыным, жастар намазды үйренеді. Бірақ, мешіт ұстаздарына сұрақ қоймайды. Кез келген мәселені анықтауға тырыспайды. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда жетпіс мешіт болған еді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде үш мыңнан астам мешіт салынды. Он жеті қарилар медресесі бар. Демек, елімізде толыққанды діни білім алуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Жастар осы мүмкіндікті пайдаланса деймін..
Баян Жанұзақова.