СІЗДІҢ ҮЙЛІ БОЛУЫҢЫЗҒА КӨМЕКТЕСЕМІЗ
СҰРАҚ:Нұрбол Оразбайұлы, жақында БАҚ-та «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі теңгеде ұзақ мерзімді салымдар нарығында бірінші орын алды» деген ақпарат жария болды. Сіздіңше, қанша салымшы өз қаражатын Банкке сеніп тапсырады?
ЖАУАП: Қазіргі таңда жасалған тұрғын үй құрылыс жинақ шартының саны 549 мың 200-ге жетті. Жалпы сомасы – 1 триллион 284 миллиард теңге. Оның үстіне, 2014 жылдың тоғыз айында банкте, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық шарт жасалды. Жалпы алғанда, бұл 116 мың шарттан асып жығылады.
Заем беруде де көрсеткіштеріміз өсіп келеді. 2014 жылдың 1-ші жартысында жалпы сомасы 32 миллиард 700 миллион теңге болатын 7 179 заем берілді. Бұл 2013 жылдың бірінші жарты жылдығына қарағанда 34%-ға артық. Меніңше, осы сандар жалпы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне, нақтырақ айтқанда, біздің банкке деген сенімді нақты көрсетеді.
Бүгінгі үрдіске қарасақ, біздің болжамымыз бойынша, Банк осы жылдың төртінші тоқсанында өз көрсеткіштерін еселей түспек. Салымшыларымыздың тұрғын үйге деген сұранысының жоғарылығы соншалықты, нарықтан төмен бағада пәтер ұсынса, онда біздің клиенттеріміз дәл бүгін 150 миллиард теңге жұмсап, үш есе көп пәтер сатып ала алады.
СҰРАҚ: Менің пайымдауымша, мұндай көрсеткіштер халықтың сенімін, банкпен ынтымақтастық орнатудың пайдалы екенін көрсетеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өзге екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы жер мен көктей. Оның артықшылығы неде?
ЖАУАП:Иә, дұрыс айтасыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – басқа банк. Біздің талаптарымыз өте тартымды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сыйақы мөлшерлемесі 2% екеніне қарамастан бізбен ынтымақтастық орнату өте тиімді.
Халықты тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға ынталандыру ретінде, азаматтардың жинақ ақшасының 20%-ы көлемінде жыл сайын мемлекеттің сыйлықақысы есептеледі. Мемлекет сыйлықақысы есептелінетін ең жоғары сома – 200, ең аз есептік көрсеткіш немесе 370 400 теңге. Ақшалай айтқанда, ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы – жылына 74 080 теңге. Жинақтаудың белгілі бір сомасында және мемлекет сыйлықақысын есепке алғанда, Банк депозиттері бойынша тиімді мөлшерлеме 12,6%-ға жетеді.
Халық арасында тұрғын үй заемдары да тартымды. Клиент үш жыл бойы біздің Банкте қажетті соманың кемінде 50%-ын жинаса, осы кредит беріледі. Клиент қалған 50%-ын төменгі сыйақы мөлшерлемесімен –3,5% бастап 5% дейін – тұрғын үй заемы ретінде алады.
Егер үй сатып алуға заем бүгін керек болса және Сізде тұрғын үй құнының 50%-ы болса, онда банкаралық тұрғын үй заемын алуды ұсынады. Оны аларда қолыңыздағы қаражатты депозитке саласыз, ал, банк қажетті соманың 100%-ы көлемінде заем береді. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7,5%-дан бастап 8,5%-ға дейін болады. Үш жыл бойы ақшаңыз жинақ шотыңызда жатады. Оларға 2% сыйақы және 20% мемлекет сыйлықақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға) есептелінетін болады.Үш жылдан соң депозиттегі ақша негізгі қарызды өтеу шотына аударылады. Ал, қалған сомаға пайыздық мөлшерлеме 3,5% — 5%-ға дейін азаяды.
Банк алдын-ала заем беруді қайта жалғастырды. Қажетті соманың 25% көлемінде алғашқы жарна болған жағдайда, осы заем беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі – 9,5 %.
Бұл – бүгінгі күнгі еліміздегі кредитке тұрғын үй сатып алудың ең қолжетімді тетігі. Сіз пәтер, үй алуға, жер телімін және жеке үй салуға, тіпті, үй жөндеуге заем ала аласыз.
Бізде неге мөлшерлемелер төмен? Өйткені, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – жүз пайыз мемлекет қатысатын, әлеуметтік қызмет атқаратын қаржы институты. Біздің басты мақсатымыз – пайда табу емес. Банк жұмысының мақсаты – ұтымды талаптармен сіздерді тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Сосын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» – «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын жүзеге асырушы операторлардың бірі. Біз «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрғын үй» бағыттары бойынша жұмыс істейміз.
СҰРАҚ: Банктің тек қана екі бағытты жүзеге асыратынына қарамастан, осы мемлекеттік бағдарлама Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне телінеді. Неліктен бұлай?
ЖАУАП:Бұл біздің тиімді жұмыс істейтінімізді көрсетсе керек. «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жылдың аяғына дейін аяқталатын құрылыс көлемі – 973 мың шаршы метр немесе 15 258 пәтер.
Бағдарламаны жүзеге асыра бастаған күннен бастап есептесек, «Жас отбасыға арналған тұрғын үй»бағыты бойынша 163 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі күні сатып алынған пәтерлер үшін жергілікті атқару органдарына Банк 51 миллиард теңге қаражат аударды. Бұл қаржының 71% – азаматтардың жинақ ақшасы.
Көріп отырғандарыңыздай, бюджеттен құрылысқа бөлінген ақша қайта мемлекетке қайтарылады. Оларға қосымша шаршы метрлер салуға болады. Банктің Басқарма Төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың Орталық байланыс қызметіндегі брифингте атап өткеніндей, біздің жұмысымыз мультипликативті әсер береді. Яғни, мемлекет салған әр теңгеге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жеке капиталдан немесе салымшыларымыздың ақшасынан үш теңге қосады.
Қазір «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша Атырауда бір мезгілде бірнеше кешен салынып жатыр. Бұл – «Алмагүл» ықшамауданындағы 135 пәтерлі үш тұрғын үй. Құрылыс жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. «Нұрсая» ықшамауданында тағы да 450 пәтерлі тоғыз үй салынуда, соның 232 пәтері біздің банк арқылы сатылады. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2014 жылдың төртінші тоқсаны.
СҰРАҚ: Десе де, «шот ашуға комиссиялық алымдар тым қомақты, қызмет көрсету деңгейі төмен» дегендей,былтыр Банктің атына жиі сын айтылып жатты. Содан бері бірдеңе өзгерді ме?
ЖАУАП: Иә. Біз жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерттік. Оның үстіне, қызмет көрсету сапасы және озық технологияларды енгізу тұрғысынан Қазақстандағы ең үздік банктің бірі болуды мақсат етіп отырмыз.
Айта кету керек, бізді тек клиенттер ғана емес, Елбасының өзі де сынады. Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Президент тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне халықтың белсенді қатысуы үшін қаржылық және әкімшілік кедергілерді қысқартуға тапсырма берді. Нәтижесінде біз клиенттеріміздің қалтасына түсетін салмақты 30%-ға азайттық. 2015 жылдың соңына дейін клиенттерге түсетін жүктемені тағы да 20 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін Банк рәсімдерді жетілдіріп жатыр. Соның арқасында өзіміздің де шығындарымыз азайып келеді.
Бұдан бөлек, сыртқы серіктестеріміздің – нотариустеріміздің, сақтандырушыларымыздың және бағалаушыларымыздың комиссиялық алымдарын азайтуға күш салудамыз. Мәселен, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша барлық аймақтарда, соның ішінде Атырау облысында жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарттарын нотариалды тіркеуді 22 мың теңгеден 7 мың теңгеге, ал бағалау компанияларының қызметін 5 мың теңгеден 2,5 мың теңгеге түсіру туралы келісімге қол жеткізілді. Сақтандырушы компаниялармен де қызмет құнын арзандату жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасына қатысу үшін өтініш беруге комиссиялық алым алынып тасталды. Ал, пулдарға өтініш үй құрылысының аяқталуына үш ай қалғанда қабылданады. Осылайша өтініш беруші тұрғызылған нысанды көріп, ондағы пәтерлердің бірін сатып алуда өз мүмкіндігін шамалай алады.
Мейлінше ашық жұмыс үшін банкте «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша балды есептеу және пәтерлерді бөлу жұмысы толықтай автоматтандырылды. Барлық мәліметтерді біздің сайтымыздан онлайн режимде көруге болады. Бүгінде пулға интернет арқылы өтінім беру мүмкіндігі бар. Ағымдағы жылдың қараша айынан бастап балл жаңа формулада есептеледі, ол бұрынғысынан едәуір ыңғайлы. Кез келген адамның балды «Жеке кабинетте» немесе үйінде отырып, калькулятормен есептеуіне болады.
«Бәйтерек» ҰБХ» жалпы ашықтық саясатының шеңберінде биыл маусым айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңестің осы уақытқа дейін екі отырысы өтті. Екінші отырыста «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша проблемалық құрылыс нысандары талқыланды. Кеңес төрағасы Сейітқазы Матаевтың шақыруымен оған жергілікті атқару органдарының өкілдері де қатысты. Отырысқа қатысушылар Қазақстанның жеті өңіріндегі 31 нысанды қарастырып, құрылыстың кешеуілдеу себептерін анықтады. Әкімдік өкілдері барлық мәселелердің шешілетінін және ол үйлердің дені жылдың аяғына қарай пайдалануға берілетінін айтып, сендірді.
СҰРАҚ: Клиенттерге жайлы болуы үшін басқа не істелініп жатыр?
ЖАУАП: Банктегі қызмет көрсету жоғары деңгейде болуы үшін, біз ең озық технологиялар енгіздік. Нәтижесінде қызмет көрсету уақыты үш есеге дейін қысқарды. Заем беруге аз уақыт кететін болды. Бұрын бұған 22 күн кетсе, енді шешім небәрі бір аптада қабылданады. Болашақта мұны біз сапасына еш нұқсан келтірместен, үш күнге дейін қысқартуды ойластырып жатырмыз.
Байланыс орталығы құрылып, барлық мобильді байланыс операторлары үшін 300 қысқа нөмірі жұмыс істей бастады. Енді банктің барлық клиенті еліміздің кез келген түкпірінен тегін телефон соғып, қажет ақпаратын ала алады. Осы нөмірді теріп, ҚТҚЖБ агентін үйге немесе кеңсесіне шақыруға да мүмкіндігі бар.
СҰРАҚ: Жаңа технологиялар енгізу жұмыстары қызметкерлердің жұмысына жаңа тәсілді қажет ететін болар.
ЖАУАП:Иә, банкте білікті мамандар жұмыс істейді. Біз де олардың дағдыларын жетілдіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Қызметкерлерімізге тұрақты түрде дәріс өткізіледі. Олардың тек жұмысына ғана емес, сыртқы келбетіне де баса назар аударамыз. Бұл фронт – офисті қоса алғанда, банктің барлық бөлімшелеріне қатысты.
СҰРАҚ: Банк филиалының өңірімізде қандай көрсеткіштерге қол жеткізгені туралы толығырақ айтып берсеңіз?
ЖАУАП: Соңғы жылдары жұмысымызда елеулі табыстарға қол жеткіздік. Биыл жыл басынан бері филиалда 4 747 тұрғын үй құрылыс жинақ шарты жасалды. Біздің клиентіміз болу арқылы 14 771 облысымыздың тұрғыны Банкке сенім білдірді. Олардың қатары күннен-күнге артып келеді. Филиалдың депозит қоржыны қазір 6 миллиард 800 миллион теңгеден асып жығылды.
Халық Банктің заемдарын алуға құштар. Өйткені, табысы орта және ортадан төмен тұрғындар үшін олар тұрғын үй алуға ең тиімді заем болып табылады. Жыл басынан бері біздің клиенттеріміз 1 миллиард 200 миллион теңге заем алды.
Тоқ етері, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне деген қазақстандықтардың сенімі өсіп келеді. Біз ашықпыз. Клиенттерімізге құшағымыз ашық. Банкте байланыс жақсы жолға қойылған. Банк жұмысына қатысты ұсыныстармен хат жазып, пошта арқылы жолдауға немесе банк сайтында хабарлама қалдыруға болады. Сонымен қатар Байланыс орталығына және барлық мобильді байланыс операторлары үшін бірдей 300 нөміріне хабарласу ләзім. Өз басым, филиал директоры ретінде, әр сейсенбі мен бейсенбіде сағат 16-дан 18-ге дейін азаматтарды жеке қабылдаймын.
Нұрбол Құрман,
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ
Атырау облыстық
филиалының директоры.