«Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар!»
Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесіп, аталған жобаны іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
– Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.
Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.
– Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, — дей келе, мемлекет басшысы жобаның барлық қатысушысына табыс тілеп, оларды бұл жетістіктермен шектелмеуге шақырды.
Әртүрлі салада жетістікке жетіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енгізілгендердің қатарында атыраулық Ерлан Күмісқалиев пен Әсемгүл Оразаева бар.
Еске сала кетелік, биылғы жылдың 18 қазаны мен 10 қарашасы аралығында www.100esim.el.kz сайтында аталмыш жобаның ақтық сатысына өткен қатысушыларға онлайн дауыс беру өткізілді. Сайт таратқан мәліметке сүйенсек, үш апта ішінде 342910 дауыс берілген.
Атырау облысынан бұл жобаға 100-ден астам адам ұсынылған. Соның ішінен 8 адам финалға өткен болатын. Шешуші дауыс беру нәтижелеріне сай, «Қоғам» номинациясы бойынша «Қазақстандағы 100 жаңа есімге» 10912 дауыс жинаған өңірге белгілі қоғам қайраткері Ерлан Күмісқалиев енгізілді. Сонымен қатар, «Бизнес» номинациясында 11238 дауыс жинаған жас кәсіпкер Әсемгүл Оразаева да аталған тізімге еніп отыр.
«Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев қазіргі уақытта ми мен жұлынына зақым келген балаларға қолдау көрсету орталығын басқарады. Аутизмге шалдыққан, психикалық дамуы кешеуілдеген және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды канистерапия, яғни, иттердің көмегімен емдеу ісін қолға алып жүрген ол өз өмірін ерекше балаларды сауықтыру, оңалту ісіне арнап келеді. Сондай-ақ, олардың ата-аналарына да қолдау көрсету бағытында табысты жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда аталған азамат демеушілердің көмегімен науқас балаларды оңалту үшін иппотерапия орталығын салу жұмыстарын қолға алып отыр.
Ал, 22 жасында Атырау қаласындағы «USC» ЖШС негізін қалап, құрылтайшысы болған Әсемгүл Оразаева қоғамдық өмірге белсене араласады, қайырымдылықпен айналысады және қаланың әлеуметтік жобаларын жүзеге асырушы ретінде танымал. Әйелдер құқығын қорғау және қолдау жұмыстары мен мүгедек балаларға көмек көрсету, Атырау облысының экологиялық мәселелері бойынша бағдарламаларды жүзеге асыру жас кәсіпкердің сан салалы жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.
Өз тілшіміз.