ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ – БАҚ ШЫРАЙЫ

shanauyfgfАқпараттық кеңістіктегі заманауи үрдістер, өндірістегі әлеуметтік кикілжіңдер, түрлі діни лаңкестік әрекеттер және олар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың өзіндік ерекшеліктері қандай? Журналист кадрларын даярлау деңгейі көңілді көншіте ме? 
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Болашақ сапалы журналист мамандар даярлау және журналист этикасы» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеде бүгінгі таңдағы осы көкейкесті сауалдар талқыға салынды.

Қазіргідей меншік түрі әртүрлі баспасөз бен электронды ақпарат құралдары, тіпті, саңырауқұлақтай қаптаған сайттар жарыса ақпарат таратқан заманда қайсысынікі дұрыс-бұрыстығын ажырату жұртшылыққа да оңайға соқпасы анық. Өйткені, ақпараттың кейбірі жеделділік таныту жетегінде долбарлаумен таратылса, бірі әсіре сенсация қуумен қара бұлтты төндіреді, ал, енді бір ақпарат құралы ол жағдайды тым жаймашуақтандырып, «барлығы жақсы» деп көрсетуі де мүмкін. Университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев басқосудағы сөзінің әлқиссасын осылай бастады. 
– Қазіргі таңда «модернизация» деген сөзді жиі қайталау модаға айналып бара жатқандай. Ал, оның мәні неде? Ең алдымен, осыған назар аударуымыз тиіс. Әлеуметтік, экономикалық модернизациядан бұрын әңгімені жалпы адамның модернизациясынан бастауымыз керек деп ойлаймын. Бұл орайда Елбасының көрсетіп берген нақты бағыттары бар. Олардың біріншісі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам болса, екіншісі – білім қоғамына қарай қадамдар жасау екенін білесіздер. Біз осы екі бағытта да көп және үлкен жетістіктерге жететін болсақ, қоғамдағы көптеген мәселелердің өзегін ашып, мәнін түсінер едік. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары – елдің тыныс-тіршілігі, көңіл-күйі, қоғамдағы жетістіктер мен кемшіліктердің айнасы, – деді Бейбіт Баймағамбетұлы.
Қазақстанда ашық ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Мұндай үдерісті интернеттің дамуымен де байланыстыруға болады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда интернетті тұрақты пайдаланушылардың қатары 8,9 млн.-нан астам адамды құрайды екен. Ал, қазіргі заманғы БАҚ, интернет-ресурстар қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер ететін үлкен мүмкіндіктерге ие.
Бұл реттегі назар аударарлық мәселе – осындай құралдардың кімдердің қолында тұрғандығында және бұл құралдың қалай пайдаланылуында. Яғни, БАҚ-ты болған оқиға туралы объективті және жедел ақпарат көздерімен қамтамасыз ету, ағартушылық және тәрбие мақсатында да қолдануға, сондай-ақ, белгілі бір топтардың ниет-пиғылын бүркемелеу үшін жалған мағлұмат беру мақсатында да қолдануға болады. «Бұл ретте біз еліміз азаматтарының басым көпшілігі БАҚ-та жазылған немесе көрсетілген ақпаратқа, әсіресе, қоғам ішінде негізсіз дүрбелең және қорқыныш тудыратын ақпараттарға көбірек сенетінін ұмытпауымыз керек. Бұл – адам табиғатының бір ерекшелігі. Сондықтан, осы мәселеге мән беруіміз, БАҚ-тың неғұрлым ашық болуына және объективті болуына мән беруіміз керек» деді ректор.
Барлық деңгейдегі БАҚ ең алдымен қоғамға тарататын кез келген ақпараттың шынайы екеніне көз жеткізіп алулары керек. Себебі, жалған ақпарат теріс қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Қарбаласқа ұласатын алмағайып сәттерде ресми орындардың тілшілерге тіл қатпай қоюы да аз кездеспейді: дер кезінде мәлімет бермеу, жасыру, жабу, уақыт оздыру…
Бұл мәселе түрлі деңгейде қаншама мәрте қозғалып та жүр. Әсіресе, мұндай жайт әлеуметтік шиеленіс кезінде тіптен күшейе түседі. Уақыт өтіп жатады, бірақ, ресми көзқарас пен ұстаным жоқ. Жаңалықтан жұртты хабардар ету мерзімі жеткенде айқай-шуға толы, кімнің кінәлі екендігі белгісіз ақпарат жан-жаққа жол тартады. Әрине, екінші тараптың үні естілмеген оқиғаны бір жақты жеткізу жауабы жоқ сауалдарды туғызатындығы заңды және оған әркім өзінше жауап іздеп, әңгімені қоюландыра түсетіндігін қосыңыз.
– Шындығында, болған оқиғаны боямасыз, әсіреқызылсыз қалпында жариялауға жүгінгенде ғана мәселені ушықтырмайтын, көз жетіп, көңіл сенетін хабардың тарайтындығы анық. Біз өз газетімізде қандайма оқиға туралы да қос тараптан түсіндірмелер беріп, қоғамдық сарапшыларға талдау жасатуға тырысамыз. Осындай қалыптасқан жүйеге түскенде ғана ақиқат ақпаратқа қол жеткізуге болады, – деді облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов. – Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті реттеу керек. Біздің кеңістікте ресейлік арналар мен басылымдар жұмысын да, идеологиясын да еркін жүргізе береді. Әрине, оларды жабуды сұрамаймыз. Бірақ, соларға теңдесе алатын, бәсекеде ығыстыра алатын отандық БАҚ-ты барынша күшейткен абзал.
«Ал, журналист мамандар даярлау ісіне келсек, оларды барынша бүгінгі күннің талаптарына жақындату үшін редакцияларда жиірек болу мүмкіндігін қарастырған жөн. Сонымен қатар, жанр жайын меңгерту – парыз. Бірқатар жас мамандар оның элементтерін жетік білмегендіктен, жазған материалдарында бірнеше жанр қойыртпақтала көрініс беріп жатады» деді Исатай Құндызбайұлы.
– Ақпараттық кеңістіктің әлеуметке айрықша әсер ететінін білеміз. Қоғам мейлінше ашық болуы, журналистер мейлінше дұрыс ақпарат беруі тиіс. Ақпараттық сауатсыздық мәселесі, объективті пікірдің болмауы қоғамға кері әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Сол секілді бір ғана пікірмен қоғамды ұстап тұру мүмкін емес, – деп пікір қосты облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Ринат Құлмағамбетов.
Басқосуда, сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров, «Мұнайлы астана» газетінің тілшісі Асан-Темір Қаршығаұлы және басқалар сөз алып, журналист кадрларын даярлаудың өзектілігіне тоқталды. Осы орайда университеттің журналистика бөлімінде оқитындар үшін бір күнді шығармашылық жұмысқа арнау, олармен шеберлік сыныптарын өткізуге тәжірибесі мол кәсіби журналистерді тарту хақында нақты пікірлер айтылды. Журналист этикасы туралы да оралымды ойлар ортаға салынып, кездесу қорытындысы бойынша арнайы ұсыныстар қабылданды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз