Шығыстан шыққан жас қари Атырауға келді (+ВИДЕО)

img 20220412 wa0013 Қоғам

ИСІ МҰСЫЛМАН БАЛАСЫНЫҢ АСЫҒА КҮТЕТІН РАМАЗАН АЙЫ БИЫЛ 2 СӘУІРДЕ БАСТАЛДЫ. ЖЫЛ САЙЫН ОБЛЫС МЕШІТТЕРІНДЕ ҚҰРАН СҮРЕЛЕРІ ТАРАУИХ НАМАЗЫНДА БАСЫНАН АЯҒЫНА ДЕЙІН ОҚЫЛАДЫ. БҰЛ ДА ОБЛЫС МЕШІТТЕРІНДЕ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ӘДЕТ.

Бұл жолы қаладағы «Сұлтан Бейбарыс» мешітіндегі нәпіл намаздарына Өскеменнен келген 14 жасар Сәкен Русланұлы имамдық қызмет атқарып келеді. Мешіттің бас имамы Ержан Қағазғалиевтің айтуынша, шығыстан шыққан тұңғыш жас қаридың (хафиз) мұнайлы өлкеге ат басын бұруына облыстың бұрынғы өкіл имамы Нұрбек Есмағанбет себепкер болған екен. Сәкен Русланұлы осыдан үш жыл бұрын Өскеменде ашылған Халифа Алтай құран жаттау орталығының табалдырығын аттап, екі жарым жылдың ішінде Құранды толық жаттап шығыпты. Ашылғанына төртінші жылға аяқ басқан орталық өз шәкірттерін діни білімге баулып, Құран Кәрімді жаттауға ниет білдірген жас буынға тәлім-тәрбие беріп келеді. Сәкен – осы орталықтан Шығыс Қазақстан облысы бойынша қари атанған алғашқы жас өрен. Облысқа жас қаридың келгенін естіп, біз хабарласқан мешіт имамы Ержан Қуанышұлы оның алғырлығын, жергілікті тұрғындарға бауыр басып жатқанын айтады.

– Расында, ниет білдірген әр адамның қолынан көп нәрсе келеді. Ол үшін түзу ниет, шынайы ықылас, тынымсыз еңбек керек. Сонда ғана адам қарилыққа жете алады. Ұстаздары Сәкеннің бойынан осы үш қасиетті көре алған болуы керек. Ал, оның әкесінің сөзінше, ұстазы жүктеген тапсырманы күнделікті бұлжытпай орындайды екен. Ойын баласы болса да, уақытын бос жібермей Құран жаттаған. Оның зеректігі мен еңбекқорлығы осындай жетістікке жеткізген болуы керек, – деді Ержан Қағазғалиев.

img 20220412 wa0012

Сондай-ақ, тарауих намазының алдында жамағатпен таныстырғаннан кейін өзі қатарлы балалардың қариға қызығушылық танытқанын айтады. Балалар жас қариды сөзге тартып, біразы Құран жаттауға ниет білдірген. Бас имамның айтуынша, Сәкеннің ой өрісі де өз қатарластарына қарағанда ересек көрінеді.

– Әлбетте оған әсер етіп жатқан Құран деп ойлаймын. Бір жағынан жас қариды алдыруымыздағы мақсат – ата-аналарды ұрпақ тәрбиесін босаңсытып алмай, жіті қадағалап, рухани тәрбиені де назардан тыс қалдырмау керектігін насихаттау, – деді Ержан имам.

Сәкен былтыр наурыз айында ұстазы Ербол Отанханұлының ұйымдастыруымен арнайы дастархан жайып, игі жақсылардың батасын алған. Оның да өзі құралпы балалар секілді ойынға қызығатын кездері болады екен. Алайда, жастайынан қағылез бала әкесінің арманын орындауды мақсат тұтыпты. Қазақы тақиясын бастыра киіп, сыпайы ғана амандасуынан жазбайтын қаридың сөзі де, өзі де нық. Өзгеден ерекшелігімен дараланған Сәкенге осы жетістігі үшін Өскемен орталық мешіті кіші қажылыққа жолдама сертификатын тарту еткен көрінеді.

– «Алла тағала Құран жаттаған баланың ата-анасына нұрдан тәж кигізеді» дейді ғой, мен осы мақсатқа жетуді армандадым. Әкем де қари болғанымды армандайтын. Оның үстіне үйдің тұңғышымын. Әкем кішкентай кезімде Құран сүрелерін аз-аздан жаттатып, әр жаттаған сүреге «сыйлық алып беремін» деп қуантатын, – дейді Сәкен.

Рамазан айының да күндері күн санап қысқарып келеді. Жергілікті мешіт жамағаты жас қаридің дауысын сағынатынын, келесі жылы да асыға күтетінін жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛТЕГІ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз