ШЫҢДАЛҒАН ШЫМЫР БОЛАДЫ
Бәсекенің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысып, аталған комитеттің аумақтық және ведомстволық органдарының қызметкерлеріне жарыста сәттілік тіледі.
Салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы аталмыш спорттық шарада еліміздің әр өңірінен келген 18 команда төрт күн бойы бақ сынасты.
Үстел теннисі додасына қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша төрт топқа бөлінді. Ойын ережеге сай бес партиядан тұрды. Ал, самбо додасы бес минуттық айқаспен өтті. Алдымен, әрбір салмақ дәрежесі бойынша жеребе тастау арқылы қарсылас жұптар анықталды. Барлық жарыстар екі деңгейде жүргізілді, атап айтсақ, олар – алдын ала айқас және финалдық бөлім.
Кезекті қысқы спартакиада аясында еліміздің үш облысында жарыстар өтті. Атыраумен қоса, Шымкент қаласында волейбол бәсекесі ұйымдастырылса, Өскемен қаласында шаңғы спортынан мықтылар анықталды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы аталған комитет қызметкерлері арасындағы жазғы спартакиада да мұнайлы өлкеде өтіп, жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Ал, осы жолы самбодан жалпыкомандалық есепте Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті командасы биіктен көрінді. Кейінгі орындарға «Өрт сөндіруші» АҚ мен оңтүстік қазақстандықтар жайғасты. Ал, үстел теннисінен Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарының командалары басым болды.
Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марат Құрманов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Дүйсекенов құттықтап, бағалы сыйлықтармен, кубок, медальдармен марапаттады.