Шетелдік көліктің ШЫРҒАЛАҢЫ
Былтыр Армениядан арзанға әкелген көлігін тіркей алмай, біраз адамның қиналғаны белгілі. Алайда, Қазақстан Үкіметі Қап тауындағы елден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін жеткізілген сол жақ рулді көліктерді уақытша тіркеуге қойып, «сары нөмірмен» жүруге рұқсат берді.
Таяуда шетелдік нөмірлі көлік иелері тағы да алаңдауға мәжбүр болды. Бұл жолы Мемлекеттік кірістер комитеті «Елімізге уақытша әкелінген көліктерді иелері 30 қыркүйекке дейін елден шығаруы керек» деген талап қойған еді. Осы мәселенің мәнісі неде? Жүргізушілерді толғандырған жағдайдың себебін білмек болып, құзырлы органдарға хабарласқанбыз. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, елге уақытша кіргізілген шетелдік көліктер ерекше бақылауда. – Қыркүйектің 16-30-ы аралығында жол ережесін бұзған мыңға жуық шетел автокөлігі бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Көлік иелеріне сақтандыру полисі арқылы айыппұл салынды. Сақтандыру парақшасында көлік иесінің есепшоты мен мәліметтері бар. Ал, заңсыз жүрген көлік иелері анықталған жоқ, — деді полиция өкілі. Тоқтатылған шетелдік көліктердің 3 миллион теңге шамасында айыппұл қарызы анықталып отыр. Арнайы автотұраққа қойылған техникалар Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь мемлекеттерінен жеткізілген. Мамандар шетел автокөліктері жүргізушілерінің міндетті сақтандыру шартын жасатуы қажеттігін ескертеді. Олай болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Жаңа талап өзге елдің көлігін тізгіндегендердің арасында түсінбеушілік туғызғаны рас.
Газет редакциясына сауал қойып, хабарласушылар да аз емес. Солардың бірі – Махамбет ауданының тұрғыны Амангелді Ерғалиев. Ол армениялық көліктің иесі болғандықтан «30 қыркүйекте шетелдік көліктер елден шығарылады» деген міндеттемеге алаңдаулы көрінеді. «Жолда кездескен көліктің әрбір үшіншісі армениялық… Оның да себебі бар деп ойлаймын. Кім-кімде қонымды бағаға сапалы көлік алғысы келеді. Біздің елде баға арзан болса, Армения асып неміз бар еді?!» дейді тұрақты оқырман. Жүргізушінің көкейіндегі сауалға Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Каримов жауап берді. Ол елден шығару туралы міндеттеменің Қазақстанда уақытша тіркелген «сары нөмірлі» армениялық автокөліктерге қатысы жоқ дейді. – Бұл талап Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шетел, яғни үшінші мемлекеттерден уақытша әкелінген автомобильдер мен басқа да көліктерге қатысты. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің биылғы 5 сәуірдегі №25 шешімінде «30 қыркүйекке дейін шығарылуы керек» деп мерзімі көрсетілген. Осыған байланысты аталған уақытқа дейін елден шығарылмаған көліктер кедендік төлемдер мен салықтарды толық көлемде төлеуге міндетті, — деді Т.Каримов. Оның түсіндіруінше, бұл негізінен үшінші мемлекеттерге, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден тысқары республикалардан келген көліктерге қатысты шыққан шешім. Аталған одаққа мүше – Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан елдерінен жеткізілген көліктердің жүргізушілері бұл құжатқа байланысты әзірге алаңдамауларына болады.
Ал, қалған шетел нөмірімен жүрген көліктерді полиция департаментімен бірге анықтамақ. – Атырау облысында бірлескен жұмыс барысында уақытша әкелу мерзімі өткен ЕАЭО-қа кірмейтін елдерден әкелінген көліктер анықталған жоқ. Анықталған жағдайда көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Содан соң одақ аумағындағы мемлекеттердің шекарасынан мәжбүрлі түрде шығарылады. Егер «кедендік талаппен рәсімдеймін, көлікті пайдаланамын» десе өз еркі. Мұндай жағдайда тиісті тарифтік құнын төлеп, құжаттарын реттеуі қажет. Біздің ақпаратымыз бойынша шетелдік көліктер облыс аумағынан 30 қыркүйекке дейін шығып болған.
Десек те рейдтік шаралар жалғаса береді, — деп түсіндірді Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Каримов. Демек, №25 шешімге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізілген көлік иелерінің алаңдауына негіз жоқ. Бұл шешімге қарап, көпшіліктің «Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге тиесілі көліктерді сатып ала беруіне болады екен ғой» деп ойлауы да мүмкін. Сала маманы бұл сауалға да жауап берді. – Бұл жағдай елдің экономикалық әлеуетіне кері әсер етеді. Мемлекет қазынасы көлік салығынан қағылып отыр. Болашақта бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралса, шетелдік көліктің жүрісіне шектеу қойылуы әбден мүмкін, — деген пікірімен бөлісті Талғат Каримов .
Майра Оразғалиева