ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАР – АТЫРАУДА
«Мұнай-газ саласы – Қазақстан Республикасының өсу және даму басымдылығы» тақырыбында өткен аймақаралық жиынға М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры К. Хубиев, Скандинавия Академиялық мобильдік институтының ректоры, бизнес-тренер Э. Ванхемпинг, Ресейдің Орынбор қаласындағы Ғылыми — зерттеу және жобалау институтының доценті Р. Сагитов және қаламыздағы ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген институт ректоры Ә. Әбішев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын айта келіп, еліміздегі 10 үздік жоғары оқу орнының қатарына енген институттағы атқарылып жатқан жұмыстарға, болашақ жоспарларға тоқталды. Ол, сондай-ақ, шетелдің жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары және кәсіпорындарымен жасалған келісім-шарттар туралы баяндады.
Мәскеулік ғалым К. Хубиевтің айтуынша, мұнай-газ кешені Қазақстан мен Ресейдің ең басты экономикалық даму ресурсы болып табылады. Бірақ, жыл бойына өндірілген жүздеген миллион тонна өнімнің тек жартысы ғана өңделеді. Өйткені, мұнай өңдеу кәсіпорындары әлі де жеткіліксіз. Сондықтан, оларды жаңғыртудан өткізіп, жаңадан ірі зауыттар салынуы қажет. Ол, сондай-ақ, электр энергиясы, машина құрылысы, т.б. ресурстарды да тиімді пайдалану жолдарын атап өтті.
Скандинавия Академиялық мобильдік институтының ректоры Е. Ванхемпинг: «Біз қазақстандық жоғары оқу орындарына мониторинг жүргізген болатынбыз. Сіздердің институттарыңызда сапалы білім беруге деген талпыныс ерекше назарымызды аударып отыр. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында сіздермен нақты іскерлік байланыс орнатуға үміт артамыз» деді.
«Kazakhstan Petrochemical Industries lnc» ЖШС-нің бас менеджері К. Мамытов облысымыздағы алғашқы біріккен газ-химия кешені құрылысының жобасымен таныстырды. Болашақта бұл мұнай-газ өндірісіне мамандарды даярлау республикалық төрт жоғары оқу орнының базасында жүзеге асырылады. Соның бірі – Атырау мұнай және газ институты.
Институт ректоры Ә. Әбішев атыраулық жастардың басқа елде оқымай-ақ, шетелдің танымал оқытушыларынан білім алу мүмкіндігіне қол жеткізгенін атап өтті. Іс-шара соңында ректор М. Ломоносов атындағы ММУ профессоры К. Хубиевке АтМГИ-дің «Құрметті профессоры» дипломын табыс етті.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.