ШЕЙІТСАЙДАҒЫ БАТЫР КЕСЕНЕСІ
2013 жылы қыркүйек айында Ақтөбе облысының Қобда ауданы мен біздің аудан арасында ынтымақтастық байланыс орнату жөнінде екі жақты меморандумға қол қойылды. Осы бастама ұмыт қалған істің қозғалуына себепші болды. Екі жақ Исатай Тайманұлының кесенесі құрылысын бастаған болатын. Сөйтіп, ауданымыздың еңбек ұжымдары кесене құрылысы үшін бір күндік еңбекақыларын аударса, мұнай компаниялары, кәсіпкерлер демеушілік қаражаттар түсірді. Арнайы «Исатай Тайманұлы қоғамдық қоры» құрылып, әділет басқармасына тіркелді және халықтық банктен есепшоты ашылды.
Кесене, мазарлар салу ісімен айналысып жүрген маңғыстаулық шебер Н.Имашев пен қоғамдық қор арасында келісім-шарт жасақталып, шілде айында батыр кесенесінің құрылысы басталып та кеткен-ді. Ол үшін Жаңа Өзен қаласынан әр данасы 2,5 тонна салмақ тартатын 52 дана Маңғыстау тасын сатып алу, екі вагон-платформамен Ақтөбе қаласының Жіңішке темір жол бекетіне жеткізу, одан әрі 220 километр қашықтықтағы Шейітсайға автокөліктермен тасымалдау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, келісім-шарт негізінде құрылысшылар үшін жұмыс жасауға қажетті барлық жағдай жасалды.
Исатай ауданы жақтан мен, қоғамдық қордың төрағасы, атқарушы директоры, құрылысшы маман болып қазан айының 6-сы және 16-сы күндері Шейітсайға кесене басына барып, құрылыстың жүру барысымен танысып, туындаған кейбір мәселелерді шешу, жобаны тездетіп аяқтау жөнінде Қобда ауданы әкімдігі және мердігер болып үш жақты келісімдер жасалды.
Жоба бойынша кесененің биіктігі – 10,5 метр, ені – 6 метр. Қазір төбе күмбезі жасалуда. Құрылысшылардың айтуы бойынша, жуық арада кесененің негізгі құрылысы бітетін шамасы бар. Қазір қабырғаларын ою-өрнекпен безендіру және айналасын абаттандыру жұмыстары жасалуда.
Ерікті жарналардан және демеушілікпен жинақталған қаржы жоғарыда айтқандай, құрылыс материалдарын сатып алу, оны тасымалдау шығындарына жұмсалды және келісім-шарт бойынша орындалған құрылыс жұмыстары үшін мердігерге белгілі бір бөлігі төленді. Қордың директорының мәліметіне сүйенсек, кесене айналасын абаттандыру жұмыстарына қосымша қаржы қажет. Осы тұрғыда жерлестеріміз, ауыл кәсіпкерлері ортақ та, игілікті іс үшін қолдау көрсетуді жалғастырады деген сенімдеміз.
2016 жылы Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толуы республикалық деңгейде аталып өтілетінін ескерсек, бұл үлкен іске бәріміз болып жұмылып, батырдың сәулетті кесенесін тұрғызғанымыз елдігіміздің көрінісі екені анық.
Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Исатай ауданы
әкімінің орынбасары.