ШӘКІРТТЕРІН ШАРТАРАПҚА ҰШЫРҒАН…

Дзюдо күресінен облыстың аға жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Талап Бердіұлы Мұқанов мерейлі 50 жасқа жетіп отыр. Облыс спортының тарихында есімі құрметпен аталатын ол бүгінде шәкірттер  тәрбиелеп, әртүрлі дәрежедегі жарыстарда төрешілік етіп келеді.

 

Еліміздің атын жаһанға танытқан апайтөс палуандарды жаттықтырған Талап Мұқановтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Болмысына біткен жігер мен табандылық, іздену мен тәртіпке үйлесімділік нағыз спортшының қасиетін айқындап тұрады. Ол әркез талапшылдығымен ерекшеленген. Өзгеге талап қоя білетін қасиетімен біраз мықты спортшыларды тәрбиелеп шығарды. 

Талап Бердіұлы облыста 2000 жылдан бері аға жаттықтырушы болып, дзюдо күресінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Шәкірттерінің алды облысымыздың, еліміздің атын әлемге әйгілеген олимпиада чемпиондары атанып үлгерді. Олардың қатарында дзюдо күресінен екі дүркін Жазғы олимпиада ойындарының қатысушысы Ринат Ибрагимов, дзюдо күресінен Азия чемпионатының жүлдегері Қалжан Тайжанова, дзюдо күресінен ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, Баку қаласында өткен «Большой Шлем» халықаралық турнирінің жүлдегері, «Бразилия-2016» жазғы ойындарына қатысуға үміткер Асхат Тельманов,  дзюдо күресінен Әлем чемпионы Наурызбек Майлашев, дзюдо күресінен ҚР чемпионы, Алматы қаласында өткен «Гран-При» халықаралық турнирінің жүлдегері Назгүл Құбашеваны атауға болады.

Талап Бердіұлы тәрбиелеген шәкірттер алдағы уақытта да  үлкен байрақты додалардағы жеңістерден көрінетініне сенімдіміз. Талапшылдығымен қоса ұйымдастырушылық қабілеті зор жаттықтырушы 2005 жылы жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен ҚР чемпионатын, 2010 жылы ересектер арасында, 2014 жылы ақпан айында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатын жоғарғы дәрежеде ұйымдастырды. 

Облыс спортшыларының бүкіл шартарапқа танылып, дзюдо күресі даңқының арта түсуіне еңбек сіңіріп жүрген Талап Бердіұлын мерей жасымен құттықтап,  отбасы амандығын тілей отырып, шәкірттерімен бірге жеңістің биік тұғырынан көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Асан РАУШАНОВ,
облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз