Жарнама
Қоғам

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ ҰЛЫ МАҚСАТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

Қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе беріліп, «Қазақ ССР-інің Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына орай облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан өңірдегі тіл жанашырлары мен ардагерлерді қабылдады.

Қабылдауға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге зор еңбек сіңіріп жүрген тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлері, тіл мамандары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алдымен тіл жанашырларын, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтады. «Биылғы жылдың  22 қыркүйегінде Тіл туралы Заңның қолданысқа енгеніне 25 жыл толғалы отыр. Осы жылдар аралығында қазақ тілінің жағдайы өздеріңіздің көз алдарыңыздан өтті. Алғашқы мемлекеттік тіл туралы заңдар,  талас-тартыстар нәтижесімен келген жеңіс-жетістіктерді де жақсы білесіздер. Осы уақытқа дейінгі жетістік пен кемшіліктер жайлы атаулы дата қарсаңында  өздеріңізбен ой бөліссек деген ниетте кездесіп отырмыз», — деген Шыңғыс Жұмабекұлы жиналғандарды мемлекетіміздің нышанына айналған тіл мәселесі, «Үш тұғырлы тіл» саясаты төңірегінде  еркін пікір алмасуға шақырды. 

Кезінде «Қазақ тілі» қоғамы ана тіліміздің мәртебесінің жоғарылауына, білім-тәрбие жүйесінде кеңінен қолданылуына ұйытқы болғанын жақсы білеміз.Тіл мәселесіне қатысты игі істердің де ұйытқысы болған да – осы қоғам.  Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы болған, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп алғашқы сөз кезегін алып, өткен күндерге көз жүгіртіп егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

 — 1988 жылдан бері Гурьев педагогикалық институтында жұмыс жасайтын едім. 1989 жылы кафедра меңгерушісі болдым. Республика бойынша «Қазақ тілі» қоғамының жиналыстарында профессор  Құсекен Шәукенов ағамыз барлық оқу орындарының өкілі  ретінде тілге қатысты өзінің ойын айтып, көптеген еңбектер жазды. Сол жылдары біз институтта «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Жарғысын қабылдадық. Сабақпен қоса қоғамдық жұмысты қатар алып жүріп, аудандарға өкілдер жіберіп, жанды жұмысты бастап кеттік. 

Ал, Атырау қаласында дәрігер Халел Сағын, статистика маманы Мәлік Оңғалиев, заңгер Сабыр Ұзақбаев, журналист Исатай Балмағамбетов, сол кездегі білім беру басқармасы бастығының орынбасары Қилымғали Қайненов және басқа да азаматтардан құралған топ жұмысын алдымен балабақшалардан бастады. Ол кезде қалада бір ғана балабақша қазақша тәрбиелейтін, қалғаны орыс тілінде еді. Облыстық оқу бөлімінің бас маманы болған Жамила Хасанова да біздің бастамамызға қолдау білдіріп өзі қатысты. Сөйтіп, әрбір орыс тілінде тәрбие беретін балабақшаға бір-бірден қазақша топ қостық. Тоқсаныншы жылдардан бастап мектептерге біртіндеп қазақ тілінде оқытылатын сыныптар енгізуді қолға алдық, — деген Қадыр Өтегенұлы қазақ тілінің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра әңгімеледі.

Ал, 1993-1995 жылдары аралығындағы Тіл басқармасының басшысы қызметін атқарған, еңбек ардагері Абат Кенжеғалиев: «Қазақ тілінің жағдайын ертерек сезінген жайымыз бар еді. Әсіресе, Алматы сияқты үлкен қалаларда бір ғана қазақ мектебі бары, қазақша балабақша жоқтығы жөнінде жазушылар, тіл мамандары арасында әңгімелер ұдайы болып тұратын. 1993 жылы көптеген қоғамдар, ұйымдар құрылды. Сол кезде «Қазақ тілі» қоғамы да үлкен істердің бастамашысы болды. Алайда, орысша білім алған көптеген азаматтар қоғамның жұмысын қолдаған жоқ. Керісінше, елдің көпшілігі қарсы шықты. Осы уақытта тіл жанашырлары белсенділікпен көріне бастады. Бұл жаңа-жаңа ел болып келе жатқанда тәуелсіздігімзге нұсқан келтіруі мүмкін еді.

Ел мен ел, ұлт пен ұлттың арасындағы қарым-қатынасқа зиян келтірмес үшін Үкімет елімізде Тіл комитетін құрды. 1993 жылы бұйрықты өзім барып алып келдім. Кейін облыс әкімінің  Атырау облысында тіл басқармасын құру туралы бұйрығы шықты. Алғашқы кезде мінбеге шығып қазақша сөйлейтін бірде бір адам болмады. Кейбірі ресми жиналыстарда алғашқы сөйлемді қазақша жазып алып сөйлеп, әрі қарай орысша оқитын. Облыстық тіл басқармасында қызметкерлер де тапшы, қаражат көзі де азғантай еді. Қиындықтарға  қарамай  жұмысымызды бастадық», — дейді.

Облыстағы мемлекеттік тілдің көкжиегінің кеңеюіне еңбек сіңірген Айтқали Нұрғалиев облыстық телеарнаның басшысы қызметімен қоса 1991-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамына  төрағалық еткен кезіне тоқталды. Айтқали Құмарғалиұлының айтуынша, сол кезде ана тіліміздің кеңінен насихатталуына телеарнаның да пайдасы зор болды. Бұл аралықта «Қазақ тілі» қоғамының  облыстық филиалына қызметкерлер алынып, жер-су, елді мекен атаулары  қазақшаланып, бір жүйеге келтіру жұмыстары  жанданғанын айтты. Осы орайда Айтқали Нұрғалиев әлі де балабақшаларды  қазақшаландыру керектігін жеткізді. Бұл ойды  құптап, қолдаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мемлекетіміздегі «Үш тұғырлы тіл»  саясатын жүзеге асыруды да тоқтатпау қажеттігін баса айтты.

Бүгінгі күні халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының жетекшісі Әбілхан Төлеуішов өңірдегі  бұқаралық ақпарат құралдары, тіл басқармасы арқылы атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

Ардагер журналист, белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев те отбасы тәрбиесі жөнінде толықтыра сөйледі.

«Қазақ тілі» қоғамының Индер ауданындағы бөлімшесінің жетекшісі Бағытжан Шыныбай, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі Жәмила Хасанова өзіндік ойларын ортаға салды. 

Одан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының президенті  Ғарифолла Әнес мемлекеттік тіліміздің мәртебе алуы жолында қызмет еткен ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтады.

Қазір қазақ тілі, шүкір, өз тұғырына берік қонды. Енді қазақ тілінің басына қауіп үйірілмейді деп айта аламыз. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, мақсатымыз – тез қимылдап жатқан мобильдік заманда қазақ тілінің мәртебесін бұдан да биік деңгейге көтеру. Өйткені, осы уақытқа дейін рухымыздың күштілігімен тілімізді сақтап келсек, енді оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ойлайтын кез келді. Яғни, ата-баба тілі қандай, қазіргі жағдайымыз қалай, болашақта қазақ тілі қандай болады? Сондықтан, тілді оқулық деңгейімен, тағы басқамен байланыстыру қате. Тілімізді әр салада дара талдаған жөн. Қазір көптеген ауылдарда кітап дүкендері жоқ. Оған кім кінәлі? Ендігі кезекте қазақ тілін бәсекеге қабілетті етуде тіл мамандары ғана емес, кәсіп иелері атсалысуы керек. Инвестиция тарту мәселесін, мәдениет саласын, кітапхана жұмысын өрістету арқылы тілді жандандыруға негіз бар.  Ағымдағы жылдың қазан айының соңында Тіл туралы Заңның қабылданғанына 25 жыл толуына орай Қызылорда облысында үлкен жиналыс өтеді. Онда тіл мәселесіне қатысты осындай  көптеген мәселелер талқыланады, — деді Ғ.Әнес.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Қазір – қай тілде экономикалық мүмкіндіктер көбірек ашылса, сол тілді терең үйренетін заман. Тіл арқылы жаңа технологияларды ойлап тауып, игіліктерін меңгеруге болады. Демек, бүгінде мемлекеттік тіліміз қазақ тілі мен оның әдебиеті аясынан шығып, басқа ғылымдармен байланысты дамитын кезеңге жетті. Мәселен, математика, химия, басқа да ғылымдардан ғылыми жұмыс қорғадыңыз делік. Жұмысыңызды әлем халқына таныстыру үшін орыс тілін, ағылшын тілін меңгеруіңіз керек. Сол себепті, үш тұғырлы тілдің қолдану аясын кеңейткеніміз дұрыс. Көп тілді білу арқылы жан-жақты жетістіктерге оңай қол жеткізе аламыз», — деп түйіндеді.  Сондай-ақ,   Шыңғыс Жұмабекұлы тіл жанашырларына өзінің 2013 жылы «Мереке» баспалар үйінен жарық көрген «10 причин почему важно знать и говорить на казахском языке» кітабын және «Қазақ жерінің 100 аңызы» атты  жинақты тарту етті.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button