Жарнама
Қоғам

Үш портрет, үш Мұрат

madeni mura

Үшінші суреттің үлесі

Сурет бәйгесі елді елеңдетіп жатқан кезде бұл бәсекеге атыраулық тағы бір ұлан атойлап ат қосты. Ол осы додаға түскен бейнелеу шеберлерінің ішіндегі ең жасы еді. Сол тұста жиырма беске жаңа ғана толған Темірбек Мұхтаров Индер ауданы, Есбол ауылында 1968 жылы туған-ды. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бі-тірген. Жоғары санатты мұғалім. Кулагиндегі ұлттық гимназияда бейнелеу пәнінен сабақ берген. Атыраудағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында оқытушы болған. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі, қоюшы-суретші қызметтерін атқарған. Қазір – осы театрдың бас суретшісі. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Отызға жуық спектакльдерді сахналауға атсалысқан. Бірнеше республикалық және облыстық көрмелерге қатысқан. «Менің жасыл бағым» атты жеке сурет көрмесін, «Суретші көзімен» атты перформанс көрмесін өткізген.

Screenshot_2

Жас суретшінің Мұрат Мөңкеұлының портретін салуына марқұм әкесі, Индер аудандық мәдениет саласының ардагері Мәжит Мұхтаров түрткі болыпты. Ол кісі ауданға танымал өлкетанушы екен. Ел ішін көп аралаған, көнекөз қариялармен үнемі әңгімелесіп, солардың көкірек кенішіндегі мол қазынаны хатқа түсірген шежіреші ретінде танылған. Оның Мұрат туып-өскен өңірдегі көшелі кісілер туралы көптеген мақаласы жергілікті басылымдарда жарық көрген. Тылсым дүниеге өзі ғана бойлап қоймай, перзенттерін де ескі құндылықтарға құмар болуға баулыпты. Сурет өнерін серік еткен ұлына Қиса ақынның, бала Байсанның, найзагер Наушаның бейнесін салуға кеңес беріпті. Елден естіген мәліметтері бойынша әлгі тұлғалардың тұрпатын танытуға септігін тигізіпті. Аймаққа аты белгілі ардақты адамдарды түгелдеп, «Ер туа ма бұлардай» деген еңбек  жазған көрінеді. Ата жолымен келгенде, Мәжит ағамыз Мұрат Мөңкеұлы шыққан Беріштің Қаратоқай аталығынан екен.

Осындай өнегелі әкенің тағылымды тәрбиесін алған Темірбек Мұхтаров Мұратты бейнелеуге шын ниетімен кіріседі. Әкесі Мәжит ақынды «Жұқалтаң адам болған, өлеңдетіп сөз алғанда төбесіндегі тақиясы маңдайында сырғып, ойнақшып тұрады екен» деп сипаттапты.

Темірбектің Мұраты – кәдімгі графикамен салынған сурет. Ол ақынның басына тақия кигізіп, бет сүйегін сәл шығыңқы етіп бейнеледі. Шоқша сақалды, қыр мұрынды, қыран қабақты ақын алыс көкжиекке қарап тұр. Сәл қысыңқылау көзінен, жұмбақтау көзқарасынан әлде айналасындағы ағайын-туыс пен дос-жаранға, әлде өзін өгейсіткен қатыгез қоғамға деген болмашы мысқылдың табын аңғарып үлгересің. Енді бір зер салғаныңда әлгі мысқылдың ізі де қалмай, жоғалып кеткендей болады. «Сонымен, мысқыл бар ма, жоқ па?!» деп дағдарасың. Шағын суреттің өзі арқылы ол сені екіұдай күйге түсіреді. Ендеше, дәл осы көңіл-күй портрет салушының тәуір суретші екенін айғақтайды. Бұл Мұрат қара түнектен сәуле шашып тұрғандай әсер қалдырады. Сақал-мұртының ұқыпты бастырылуы, шапан өңірінің жарасымды қаусырылуы ақын бойындағы тиянақтылықты танытатындай. Темірбек әйгілі жыр жүйрігін өмірге көзқарасы қалыптасқан, ниеті түзу, жүзі жарқын, көргенді кісі ретінде кейіптеді. Ол жұртшылыққа елден көп ерекшелігі жоқ қарапайым ғана Мұратты ұсынды. Бірақ, қарабайыр Мұратты емес! Бұл өнердегі қадамын енді ғана бастаған жас жігіт үшін үлкен жетістік еді.

Үш портрет. Үш Мұрат. Үш түрлі шешім. Мұхит Қалимовтың шошайма телпек, тік жағалы тоқыма киген, қаба сақалды Мұраты қайраткер ақынның, Әділқайыр Жантасовтың оюлы тақия, әшекейлі шапан жамылған текті Мұраты ойы озық, ақылы кемел жампоз жыраудың, Темірбек Мұхтаровтың кәдуілгі Атырау қазақтарының арасынан шыға келген қарапайым Мұраты түнектен жарыққа зер салған жаны нәзік, ұяңдау шайырдың кейпін танытады. Әрине, талғамда талас болмайды. Шеберлікте шек жоқ. Керек десеңіз, әркімнің өз Мұраты бар.

Біз бұл мақаламызда осыдан ширек ғасыр бұрын жарияланған конкурсқа қатысқан тоғыз портреттің қолымызға түскен үшеуіне көңіл аудардық. Бәлкім, ақынның өлең-толғауларында «үш» саны жиі қолданылатын болған соң солай еткен шығармыз. Енді осы суреттердің қай-қайсысы да Мұрат мұрасын ширек ғасырдан астам уақыт бойы зерттеп келе жатқан біздің назарымыздан тыс қалмақ емес. Егер жоғарыда айтылғандай, бәйгеге тоғыз суретші қатысса, онда қалған алты сурет те табылар деп үміттенеміз.

Әзірге Мұраттың «Үш қияны» секілді осы үш портрет ой толғауымызға түрткі болды..

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

(Соңы. Басы №68, 69 сандарда)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button