Серпіліс
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мәнінде халықтық жобаға айналды. Қысқа мерзім ішінде көптеген азаматтық бастамалардың, әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына түрткі болған бағдарламаның басты мақсаты – сананы өзгерту. Өзіңді өзгерту арқылы, қоғамды ізгілендіре түсуге бағытталған басты бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» Атырау аймақтық жобалық кеңсесі негізінен төрт кіші бағдарлама аясында жұмыс жүргізуде. Мәселен, «Атамекен» кіші жобасының басты мақсаты – азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға деген құлшынысты ояту, Отан алдындағы перзенттік парызды өтеуге ынталандыру.
«Атамекен»
Аталмыш бағдарлама аясында «Туған жерге тағзым» республикалық акциясы іске қосылды. «Акция жер-жерде жерлестер форумының өткізілуіне түрткі болды. Нәтижесінде ауылдық елді мекендерді абаттандыру, дарынды ауыл балаларын оқыту, инфрақұрылымдық нысандарды тұрғызу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілуде. «Таланттарды қолдау дегеннен шығады, мәселен, Құрманғазы ауданындағы Әбу Сәрсенбаев атындағы мектеп оқушыларына жергілікті азамат шәкіртақы тағайындады. Бастауыш сыныптың озат оқитын қыз балаларына демеушілік көрсетіп отырған – Өмірзақ Қажымғалиев атты азамат. Демеушілік арқасында жылына алпыс оқушы шәкіртақы алып отыр. Қуантарлығы, арамызда мұқтаж жандарға, ауылдарға көмек көрсетуге ынталы азаматтар бар дейді «Рухани жаңғыру» Атырау өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Орынтай Биманова.
«Атамекен» кіші бағдарламасы ауылдық елді мекендерде алты бірдей балабақшаның салынуына себепкер болды. Сондай ақ, сегіз спорт кешені, алаңдар салынды. Нәтижесінде 2,5 мың облыс тұрғынының бұқаралық спортпен айналысуына жол ашылды. Атырау қаласында, аудандарда үш демалыс саябағы, ардагерлерді, мүгедектерді және аз қамтылғандарды қолдау орталықтары салынды.
Исатай ауданында «Сазанқұрақ» саябағы, Жылыойда аквапарк демалыс орталығы пайдалануға берілді.
«Ақпарат толқыны»
«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында «Қазақстан – Атырау» РТРК және «Атырау-Ақпарат» медиахолдингімен бірлескен алты жоба жүзеге асырылды. Негізгі жаңалықтардың қатарынан «Жаңғырық» деректі телефильмін атауға болады. Сонымен бірге, «Сарайшыққа саяхат» мультфильмі түсірілді. Кішкентай көрермендерге арналған мультфильм екі баланың достарымен бірге Сарайшық жеріне барып, ғажайыптар әлеміне енуімен басталады.
«Анимациялық мультфильмнің сценарийі ғалымдардың қатысуымен жазылды. Мультфильмде барлық ойды ұзағынан айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл жерде негізінен қимыл, қозғалыстар көбірек роль ойнайды. Баланың санасына суреттер, іс-әрекеттер арқылы да әсер ету керек. Біздің көздегеніміз – кейіпкерлер арқылы балаларға жылы сезім қалдыру болды» дейді спикер Орынтай Биманова.
P.S: «Рухани жаңғыру» қағаз жүзінде шимайлай салатын немесе жұмсалған қаржы шығындары туралы ақпарат беретін бағдарлама емес. Бұл жерде мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреледі десек те қатты қателесеміз. Рас, бағдарламаның тиімді жүзеге асуына меценаттар үлес қосуда. Бірақ, бір адам өзгеруді өзінен бастаса, ауласына ағаш егіп, оны абаттандырса, өзінің игілікті ісімен өзгеге үлгі болса – мақсаттың орындалғаны дегеніміз осы.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
(«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жыл ішінде атқарылған істер туралы қорытынды материалды газетіміздің келесі нөмірінен оқисыздар).