Жарнама
Қоғам

«СЕРПЕРДІҢ» СЕКСЕН БЕСІНШІ АСУЫ

Міне, бүгінгі сексен бесінші асуынан көрінген «Серпер» алғашқы бастауын осылай алып, аудан жұртшылығымен бірге талай тарихи оқиғаларды бастан кешіріп келеді. 1941 жылдың алғашқы айларына дейін газетке Есеев Қанаш қол қойып келген. Ұлы Отан соғысының басталуы туралы хабар 1941 жылдың 24 маусым күнгі санында беріліп, «Ұлы Отанымызды қорғау соғысы» деген бас мақалада аудан еңбекшілерін Отан- Ананы қорғауға шақырады. «Ұлы Отан соғысы жылдарында «Балықшылар үні» газетіне Бәтей Бәйменов редактор болған. Ал, соғыстан кейінгі жылдары «Социалистік жол» газетіне Дініш Жолмұханов, Саламат Хайдаров, Хафиз Тәкішев, Сүндет Ерғалиев, Тұрар Құрманғалиев редактор болды.

«Балықшылар үні» бастапқыда 832 дана тиражбен шықса, «Социалистік жол» болғандағы тиражы 2250-ге дейін өсті. Бұл газет 1959 жылы 4 бет болып, жұмасына 3 реттен шыға бастады. Газет 1962 жылдың мамыр айында жабылып, бір жылға жетпейтін мерзім ішінде қайыра ашылды. Соңғы жылдардың бедерінде газеттің редакторлық жұмыстарын Сақтан Хасанов, Марат Ысқақов, Тұрғанбай Хамеденов, Тұрар Құрманғалиев, Төлеген Берішбаевтар атқарды.

«Ленин жолы» газеті 1992 жылдың 12 қыркүйегіндегі 74-ші санынан бастап «Кеңес үні» деген жаңа атаумен шыға бастады. Елімізде кеңестер таратылғанға дейін «Кеңес үні» газеті халық депутаттары Теңіз аудандық Кеңесінің органы болды. Сол жылдарғы газеттің бас редакторы Төлеген Берішбаевтың бастамасы негізінде 1993  жылдың 14 желтоқсанында сол кездегі аудан әкімі Ә.Бисеновтың аудандық газетті «Серпер» деп атау туралы шешімі шықты. Сөйтіп, 1993 жылдың 15 желтоқсандағы жүзінші санынан бастап осы күнге деген «Серпер» атауымен шығып келеді.

«Серпер» компьютерлік терімге көшкенге дейін ұзақ жылдар аудандық баспаханамен серіктес, тағдырлас мекеме саналып келді. 1948 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1959 жылдың 25 мамырына дейін директоры болған майдангер марқұм  Хайролла Мырзағалиев ағаның қалдырған жазба деректеріне сүйенсек, сол жылдары «Социалистік жол» газетінде әріп терушілер болып Нәсіп Сахманова, Мәруаш Құсайынова, Жаңыл Мырзағалиева, Шәйда Бәдирова, Бекей Шайхыслямов, Хамида Файзолова, Клара Қабиева жұмыс істесе, көршілес орыс тілінде шыққан «Красный Каспий» газетінің әріп терушілері болып Хамза Бисенғалиев, Валентина Глебова, Александр Сосунов, Жаңыл Серікбаева, Зибат Айтқұлова жұмыс істеген. Екі газетте де бірдей Ажахмет Шыңғалиев, Мүбин Түсіпов, Елемес Мырзағалиев, Шаяхмет Салаханов баспашылар болса, Құбаш Құлмұханбетов деген азамат баспа машинасын қолмен айналдырушы болып жұмыс істеген.

Ал, газет «Ленин жолы», «Кеңес үні», біразырақ «Серпер» болған жылдары Теңіз аудандық баспаханасында әріп терушілер, баспашылар болып, Жаңыл Мырзағалиева, Мәрия Молдағалиева, Назиға Күнетова, Әлия Есқалиева, Клара Фазылова, Рита Кенжалиева, Бақыт Сәмиева, Мақсот Мұқышев, Талғат Мыңбаев, Жұмаш Еңсегенова, Бақыт Зиноллаева, т.б. абыройлы еңбек етті.

Хайролла Мырзағалиевтен кейін аудандық баспаханада 1959-1961 жылдары Трухин Василий, 1961-1962 жылдары Шәріпов Муафих, 1962-1963 жылдары Сүгірәлиев Төлеп, 1963-1964 жылдары Хабибуллин Камал, 1964-1982 жылдары Досжанов Муса, 1982-1987 жылдары Хамзин Есен, 1987-1994 жылдары Қасымов Сәбит басшылық жасаса, 1994 жылдан бастап жұмысы тоқтаған 2004 жылға дейін марқұм Димұхашев Асқар меңгерушісі болды.

Абыз Әбу, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев сынды еліміздің біртуар дарындары елге келгенде жиі бас сұғып, кейінгілеріне ақ батасын берген аудандық газет ұжымынан есімдері қазақ жұртына белгілі қаламгерлер өсіп шықты.

Талантты ақын Меңдекеш Сатыбалдиев осы газетте біраз жылдар жұмыс жасаса, халқымыздың белгілі драматург-жазушысы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, қазіргі «Ақ Жайық KZ» журналының бас редакторы, жерлесіміз Рахымжан Отарбаев біраз жыл радио бөлімін басқарды.  Танымал ақын, филология ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің аға оқытушысы, профессор Марат Ысқақов осы газетте бірнеше жылдар редактор болды. Ақпа-төкпе ақын, драматург Тұрар Құрманғалиев екі кезең осы газетте 18 жыл редактор болып, қаламы қарымды журналистер тәрбиелеумен үздіксіз айналысты. Журналист-жазушы, жиырмадан астам кітаптардың авторы Рахмет Иманғалиев те біраз жылдар «Серперде» қалам тербеген. Республикалық «Найзагерлер» қауымдастығының мүшесі, артына тамаша әзіл әңгімелерін, өлеңдерін қалдырған Қисым Ғұмаров, есімі республикаға мәшһүр бесаспап журналист, ақын Құрыш Елемесов, кезінде қалам құдіреттерімен облыстық, республикалық баспасөз беттерінен жиі көрінген Сәбит Қасымов, Идаят Әжіғалиев, Жұмақай Ғұмаров, Амантай Жамалиденов, Мақсот Жолжанов, Қоныс Ахметов, Шора Тәжімғалиев, Тасмұхан Тінәлиев, т.б. құрманғазылықтардың есінде қалған, аудан тарихын жасасқан қаламгерлер деуге әбден саяды.

«Серпер» қанатын қатайтып, қияға самғатқан өз түлектерімен де мақтана алады. Олардың арасынан қазіргі «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы, ақын, ұзақ жылдар «Серперде» бас редактордың орынбасары болған Нұрым Ерғалиевты, филология ғылымының кандидаты, ақын Гүлзада Ниетқалиеваны,  Дина Құспанованы, Айгүл Ертілеуованы, Гүлмайда Жұбанованы айрықша атап айтуға болады.

Өмірден озғаннан кейін облыстың үздік журналисі атанған Уәлитхан Сәрсеновты, белгілі фотожурналист, марқұм Сағынтай Қуанышбаевты, марқұмдар: корректор Сәбит Есенғұловты, хатшы-машинистка Хима Қабдолованы, тазалықшы Сақыпжамал Сидеғалиеваны аудан шежіресінің бүгінгі ұжымы қашан да, қай уақытта да ардақтап құрметтеуден, есімдерін ұлығылаудан жаңылған емес. Ұзақ жылдар бас есепші болған, қазіргі зейнеткер Дәулет Дәулекенов, жауапты хатшы Нұрлыбек Шайхаденов те «Серпердің» ыстығына күйіп, суығына тоңғандар.

Кезінде Бүкілодақтық жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Құрманғазы ауданының төл басылымы Тәуелсіздік жылдарында да өз бейнесін анық таныта алған мерзімдік басылымдар қатарында келеді. 2001-2002 жылдары 1700 дана шамасын ұстаған «Серпер» өткен, биылғы жылдары 6 мың данадан астам тиражбен өз оқырманын табуда.

2008 жылы бас кәсіпорын «Атырау -Ақпарат» арқылы «Серпер» газетінің іс-тәжірибесі редакцияларға, журналист мамандығын таңдаған студенттерге кітапша түрінде таратылды. Жыл сайын болашақ журналистер редакциямыздан тәжірибеден өтіп, олардың арасында «Серпер» газетінен диплом қорғағандары да аз емес.

«Серперліктер» арасынан Мақсот Жолжанов, Рахмет Иманғалиев, Тұрар Құрманғалиев, Рахымжан Отарбаев, Сәбит Қасымов, Асқар Ғұмаров, Мадат Сәрсекеев «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ұзақ жылдар өз өмірлерін аудандық газетке арнаған марқұмдар Тұрар Құрманғалиев, Дініш Жолмұханов, Құрыш Елемесов, Мақсот Жолжанов есімдері аудан орталығы – Ганюшкиннен бір-бір көше иеленді.

«Серпердің» бүгінгі ұжымы да өздеріне қойылған жоғары талапты терең сезініп, үлкен ізденіспен жұмыс жасайды. Ардагер журналист Асқар Ғұмаров, журналистер Айбек Нәжімов, Қанат Ғұмаров, Айнагүл Шакупова әр материалына шұқшия қарап, жазбақ дүниесін жан-жақты зерделеп, тың ой, сонылық енгізуге тырысып бағады. Корректор, іс-жүргізуші Гүлхат Сәрсекеева, менеджер Ақмарал Оразғалиева, фототілші әрі компьютер маманы Асанәлі Ғұмаров, терімші Гүлдана Бралиева, жүргізуші Аман Нух – ұзақ жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан білікті мамандар.

Таңатар Дәрелұлы, «Серпер» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button